ҒАСЫРЛАР ӨТСЕ ДЕ, БАБА РУХЫ ӨШПЕЙДІ

Биыл ауданымызға Ескелді би Жылкелдіұлының есімі берілгеніне 20 жыл толды. Кеңестік дәуірдің 1928 жылына дейін Қаратал, Көксу, Қоғалы, (Гавриловка), Қапал ауданының бірер елді мекендері Ескелді болысына біріктірілген болатын. Кейіннен ауданның орталығы Қарабұлақ кенті деп ауыстырылды. Сол тұста ауданымызды басқарған ел ағалары ауданымызға батыр бабамыздың есімін қайта қоюды жөн көреді. Олар Төле бидің қызы Ұланбикеден туылған ұл Ескелді бидің тарихта алған салмақты орнын бағалап, Жоңғар шапқыншылығы жылдарындағы елі үшін сіңірген еңбегін ескеріп, аудан жұртшылығымен ақылдасып, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа ұсыныс хат жолдап, баба есімінің ауданға қайта берілуін сұраған болатын. Елбасы бұл ұсынысты қолдап, 2000 жылдың 10 наурызында жарлық шығарып, ауданымызға Ескелді бидің есімін қайта берді.
1991 жылы Мәскеудегі ГКЧП-ның шешімімен Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізді. Кеңес идеологиясы ыдырағаннан кейін, ел басқарған қөсем В.И.Лениннің ескерткіштері құлатылған кезең орын алды. Аудан орталығының алаңында орналасқан көсем ескерткіші де сондай халге душар болды. Сол жылдары аудан әкімі болған Керімтай Абдырахманов ел ағаларымен ақылдасып, орны ортайған ескерткіштің орнына Ескелді Жылкелдіұлының мүсінін орнату жайында ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс көпшіліктің қолдауын тапты.
Көп ұзамай аудан азаматтары ұсынысқа құлшыныс танытып, істі қолға алу жұмыстарын бастап кетті. Сол жылдары аудан жұртшылығының әл-ауқаты төмен, мүмкіндіктері мен тұрмыс жағдайлары қуантарлықтай емес кезең болған. Соған қарамастан аудан халқы бірлігін бір арнаға тоғыстырып, қолдарында барын аямай, арнайы қорға қаржылай, басқадай үлестерін қосты.
Ескеркішке қажетті гранит тасын бұрынға комсомол ұйымында қызмет еткен Александр Беляев Қапал өңіріндегі мәрмәр өндіретін Баянжүрек деген карьерден керекті формада ойып алып, аудан орталығына жеткізген. Ол мұндай игі ісіне ешқандай қаражат талап етпеген.
Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі, Көксу ауданының Қойбышев ауылының түлегі Нұрбақыт Қойшыбеков және мүсінші Жеңіс Молдабаев гранит тасына Ескелді бабамыздың бейнесін жасау жобасын қолға алған. Мүсінді қашау жұмыстары «Хильниченко и К» шаруа қожалығының шеберханасында жасалды. Мүсін 4 айдың ішінде дайын болып, көпшіліктің көңілінен шықты. 2000 жылы қоңыр күздің қараша айында аудан орталығының ажарын ашып, абыройын асқақтататын баба мүсіні аудан орталығында бой көтеріп, елдің көз қуанышына айналды.
2001 жылы жер аяғы ашылған мезгілде ескерткіштің салнатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу рәсіміне сол кезде Алматы облысының әкімі болған Заманбек Нұрқаділов және бірталай қоғам қайраткерлері қатысқан болатын. Мүсіннің ашылу салтанатының сәнін де, мәнін де келтірген баба ұрпағы академик, әлемге белгілі ғалым Еділ Ерғожин іссапардан келісімен ауданға ат басын бұрып, жиналған қауымға ақ батасын беріп, жүрекжарды тілектерін арнаған. Сонымен қатар, өнер иелерінінің бірі, Алматы облысы, Ескелді ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Сайлаубай Тойлыбаев пен белгілі сырнайшы, 250-ден астам әннің авторы Ағайша Исағұлова ескерткіштің ашылу салтанатына ән арнаған. Әннің сөзінің түпнұсқасы төменде берілген.

ҒАСЫР ҮНІ

Сөзін жазған: Сайлаубай ТОЙЛЫБАЕВ,
Әнін жазған: Ағайша ИСАҒҰЛОВА.

Текелінің тауынан төгілгенде нәсіп нұр,
Тастағандай ал қызыл шуындығын шашып қыр.
Мыңбұлақ пен Сарноқай, Шаған, Жоңғар тауларың,
Жетісудың тамаша көркін қалай ашып тұр.

Қайырмасы:

Көкейден бір аумаған,
Қаблиса жырау бабам,
Ескелді-Балпық атам,
Өшпейді берген батаң.
Жырларың құшар бағым,
Бақтыбай, Пішәндарым.
Өтсе де ғасырларым,
Өлмейді асылдарым.
Бір ғасыр жатқан секілді жүріп өткен көшіңде,
Ата жолы бүгінгі ұрпақтардың есінде.
Бүлкілдетіп бүйрегін, таудан құлап, сарқырап,
Қаратал мен Көксуың ағып жатыр төсіңде.

Бұл өмірдің осынау таңдасақ та қандайын,
Егеменді еліммен жарқырап тұр маңдайым.
Бабалардың айналдық аруағынан қастерлі,
Ұрпақтарын қашанда қорғап жүрер әрдайым.

Салтанатты жиынның соңы баба рухына арналып бағышталған ас мәзірімен жалғасты. Міне, бүгінде баба есімімен аталып отырған ауданымыз Тәуелсіздіктің көк туының астында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ауданымыздың еңбеккерлері жыл артып, бірнеше белестерді бағындыруда. Көптеген әлеуметтік бағдарламалар оңтайлы іске асып келеді. Өңіріміздің экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Шаруалар егіс алқаптарын күтіп-баптауды, өнімді дұрыс сақтауды іс жүзінде дәлелдеп, еңбектерінің тәтті жемісін татып отыр. Салық түсімі ұлғайды. Шағын және орта бизнестің үлесі 30 пайыздан артып, 2000 жылы жергілікті салық түсімі 203 млн. теңге болса, 2019 жылдың қорытындысымен түсім 1 млрд 251 млн. теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылуда. Бірнеше балабақшалар, спорт алаңдары ашылып, мектептер мен мәдени нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жолдар жасалып, елді мекендер жаңа кейіпке енуде.
Алдағы уақытта ел экономикасын көтеру мақсатында атқарылатын берекелі істер көп. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың сындарлы саясатын іске асыру үшін барша аудан жұртшылығы бірігіп еңбек етеріне сенімім мол. Ескелді бабамыздың есімі берілген киелі өңіріміздің қойнауына құт дарып, баурайы төрт түлік малға толып, қамбалар астыққа кенеліп, ауданымыз өркендеп тұрғаны баба аруағының қолдауынан деп білемін. Ал, төрімізде бой көтерген батыр бабамыздың ескерткіші ауданның әрбір тұрғынына күш-қуат беріп, алға ұмтылуға, ержүрек болуға бағыт беріп тұрғандай.
Қанша ғасыр өтсе де, Ескелді би, Балпық би секілді еңселі ерлердің есімдері ешқашан өшпейді. Жетісу өңірінде алып ағаштай тамыр жайған ұлы баба ұрпақтары олардың есімін әрдайым тек биікке көтере бермек. Ескелді бабамыздың «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген сөзін жадына сақтаған ұрпақтары әлі де үлкен белестерден көрінеді.
Баршаңызды атаулы күнмен және көктемнің алғашқы шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қалабек ТАСТАНБАЕВ,
Ескелді ауданының Құрметті азаматы.