ОТБАСЫ мен ҚЫЗМЕТТІ ТЕҢ ҰСТАҒАН

Жер бетіндегі бар тіршіліктен нәр алып, бастау алатын, табиғат оянып, көңілге қуаныш ұялататын көктемнің тұңғыш мерекесі барша әйел қауымы, құрметті аналар, апа-қарындастар – мына сіздерге арналған. Бұл да сіздердің адамзат қауымы үшін әрдайым орындарыңыз бөлек екенін білдіреді.
Егеменді ел болуда әйел қауымының қосқан үлесі орасан зор. «Әйелдер жүрген жерде әрдайым адалдық, объективтілік пен алға ұмтылу бар», – деп Елбасымыз айтқандай, қазіргі кезде өзінің өнегелі ісімен лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, мемлекетіміздің өміріне белсене араласып, біте қайнасып, қай салада болмасын үлкен жетістіктерге жетіп жүрген жауқазындай жайнаған әйел азаматшалар аз емес.
Осы ретте, бүгінде бір саладан табан аудармай, қиыншылықты ұжыммен бірге еңсеріп, жетістікке бірге жетіп жүрген аудандық жер қатынастары бөлімінің қыздар қауымын, олардың ішінде осы саланың бас мамандары – Қарлығаш Даутова мен Инабат Жұмабаева және бөлім инспекторы Мейіргүл Алмабекованы ерекше атап өтуге болады.
Олар жүгі жеңіл емес жұмыста табандылық танытып, абыроймен қызмет етіп келеді. Жер учаскесі мен жердің төлқұжатын рәсімдеу, оларды базаға тіркеу, сондай-ақ жұмыспен келген халықтың тілін табу – осының барлығын жер саласының мамандары күнделікті арқалап жүр.
Отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар оң өзгерістердің белсенді іске асырушылары және жылдар бойы жарқын жетістіктердің негізін қалап жүрген осындай ауданымыздағы жандар атаулы мейрамда айтусыз қалмауы керек деген ойдамын.
Әлемде әйелді ұлықтамайтын халық жоқ. Бұл мереке 1857 жылдың 8-наурызынан бастап тойланып келеді. Нәзіктік пен әсемдік атаулыны бойына жинаған қыз-келіншектеріміз бен аяулы ана, ақ жаулықты әжелерімізді көктем мен сұлулық мейрамы 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, әрдайым құшақтары гүлге, көңілдері қуанышқа тола берсін дегім келеді.
Сөз соңында, бұрынғы данышпан билеріміз «Бұл дүниеде жүйрік аты, түзу мылтығы, қыраны және мінез-құлқы мінсіз де, ақылды әйелі бар ердің ғана төрт құбыласы тең болады», – деп бекер айтпаған.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.