Ұлттың болашағы — ұрпақ десек, сол ұрпақтың адам болып қалыптасуының өзегі тәрбиемен тығыз байланысты. Ал тәрбиенің рухани діңгегі — дін. Ежелден қазақ халқы салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мінез-құлқын, тіпті ел басқару жүйесін де Ислам дінімен үйлестіріп өмір сүрген. Бүгінгі таңда да ұлттық сана мен имани құндылық қатар жүрсе ғана елдің іргесі берік болмақ.
Дін — рухани тәрбие негізі
Ислам діні адам баласын кішіпейілділікке, әділдікке, сабырға, ата-ананы құрметтеуге, үлкенге ізет, кішіге қамқор болуға үндейді. Бұл құндылықтар қазақ халқының болмысына біте қайнасып кеткен. “Иманы бардың ары бар” деген сөз бекер айтылмаған. Дін арқылы балада адалдық, жауапкершілік, отансүйгіштік сезімі қалыптасады. Мұндай адам қоғамда тек жақсы әрекеттерге ұмтылады.
Ұлттық тәрбие мен дін сабақтастығы
Қазақы тәрбиенің көп тұсы Ислам талаптарымен үндес. Мысалы, “жеті атасын білмеген жетесіз” деу — шежірені білу ғана емес, туыстық қатынасты сақта деген ескерту. Исламда туыстық қатынасты үзбеу — парыз. “Атаның баласы болма, адамның баласы бол” — бұл да пайғамбарымыздың (с.ғ.с) “Ең жақсы адам — адамға пайдасы тиген адам” деген хадисімен үндес.
Қонақжайлық, аманатқа адал болу, уәдеге беріктік, ұят пен ар — барлығы ұлттық дәстүр мен діннің ортақ негіздері. Осы екі бағыт біріге тәрбиеленген ұрпақ адаспайды.
Қазіргі замандағы діннің рөлі
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде дінге бетбұрыс болды. Мешіттер салынды, медреселер ашылды, халық діни білім алуға мүмкіндік алды. Алайда, дінге дұрыс бағытпен келмеген, теріс ағымдарға еріп кеткен жастар да көбейді. Мұның басты себебі — діни сауаттың төмендігі мен ұлттық тәрбиеден алыстау.
Сондықтан мектептен бастап діни-рухани тәрбие беру, ата-ананың өздері үлгі болуы аса маңызды. Дін мен ұлттық құндылық үйлескенде ғана ұрпақ тура жолмен өседі.
Қорытынды
Дін — адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелесе, ұлт — оның рухани киімін қалыптастырады. Екеуі бір-бірінен ажырамайды. Ұрпақты иманды, отаншыл, адамгершілігі мол етіп тәрбиелеу — ел болашағына салынған берік іргетас. Сондықтан дінді ұлттың жаны, ұрпақтың жолбасшысы ретінде бағалай білу — әрбір саналы адамның міндеті.
Д. Бөкей,
Жетісу облысы дін істері басқармасы мемлекеттік мекмесінің
Ескелді ауданы бойынша маман-теологы