Ескелді ауданында ауыл әйелдеріне арналған қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік мәселелері талқыланды

Бүгін, Ескелді аудандық «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ауыл әйелдеріне арналған қаржылық сауаттылық пен кәсіпкерлікке қатысты маңызды кездесу өтті. Кездесуге облыстық әйелдер қанатының белсенді мүшелері Назгүл Жәкіпбаева мен Замзагүл Сламбекқызы арнайы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесудің негізгі мақсаты – ауыл әйелдерінің экономикалық белсенділігін арттыру, оларды шағын және орта кәсіпкерлікке ынталандыру, сондай-ақ қаржылық сауаттылығын жетілдіру. Кездесу барысында қатысушылар ақшаны дұрыс басқару, күнделікті шығыстарды есептеу, қаражатты жинақтау және депозит ашудың тиімді жолдары туралы тың ақпараттар алды.

Спикерлер ауылдағы әйелдердің әлеуеті зор екенін, тек оларды қажетті біліммен қаруландыру қажет екенін атап өтті. Назгүл Жәкіпбаева өз сөзінде:
«Қаржылық сауаттылық – кез келген адамның еркін әрі сенімді өмір сүруінің негізі. Ауыл әйелдері ақшаны басқаруды үйренсе, өз ісін ашып, отбасылық табысты еселеуге әбден қабілетті» – деп атап өтті.
Замзагүл Сламбекқызы да қатысушыларды үнемшілдік пен жоспарлы қаржылық өмір салтына ынталандырып, отбасылық бюджетті жүргізудің қарапайым әрі тиімді әдістерімен бөлісті.

Кездесу соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, нақты жағдайлар бойынша кеңес алды. Кездесу ауыл әйелдерінің үлкен қызығушылығын тудырып, болашақта осындай кездесулерді жиі өткізуге сұраныс білдірді.