
«AMANAT» партиясының Ескелді аудандық Сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген Қарабұлақ атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары бақылауға алынды. Осы мақсатта арнайы партиялық бақылау бекеті құрылып, оның төрағасы болып аудандық мәслихат депутаты Сауле Рысбекқызы Кусмолданова тағайындалды.
Бақылау бекетінің ашылуына аудандық партия филиалының төрағасы Мирас Серікұлы Серік, аудандық білім бөлімінің өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ партиялық бақылау бекетінің мүшелері қатысты. Олар мектеп ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, сапалы орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойды.
Қарабұлақ ауылындағы Қарабұлақ атындағы орта мектеп 1950 жылы салынған, 450 орынға арналған типтік ғимарат алғаш рет кең ауқымды жаңғыртудан өтуде. Бүгінгі таңда бұл білім ордасында 500-ге жуық оқушы білім алуда. Жалпы аумағы 2480 шаршы метрді құрайтын мектеп ғимараты заман талабына сай қайта жаңартылуда.
Жөндеу жұмыстарын «Нұр-Шапагат-құрылыс» мердігер ұйымы жүргізуде. Компания басшысы барлық жұмыстарды алты ай ішінде сапалы әрі уақытылы аяқтауға уәде берді. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстарының 95%-ы орындалған.
Жөндеу аяқталған соң, Қарабұлақ атындағы орта мектеп заманауи құралдармен жабдықталып, оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы білім беру ортасы қалыптасатыны күтілуде. Бұл жұмыс – сапалы білім беруді қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі.