Жетісу облысында «Таза Қазақстан» акциясына арнап мурал салынды

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» акциясы тақырыбында мурал пайда болды. Аталған экологиялық бағдарламаның аясында облыста сенбілік шараларымен қатар осындай насихат жұмыстары да жүргізіліп келеді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорған қаласындағы «Бірлік» шағын ауданында № 33 үйдің қабырғасында жуырда «Таза Қазақстан» акциясын бейнелейтін мурал салынды.

— Талдықорған қаласында бүгінгі күні тұлғатану, туризм, экология т.б. тақырыптарда 14 мурал бар. Соның біреуі «Таза Қазақстан» акциясына арналып отыр. Бұл мурал қала әкімінің ұсынысына орай демеушілік көмек арқылы салынды. Қазір көпшілік жазба ақпаратты оқудан гөрі, көзбен қабылдауға бейім, сондықтан осы тақырыпты мурал арқылы насихаттағанды жөн деп таптық.  Басты мақсат — тазалықты сақтау мәселесіне қала тұрғындарының назарын аударту, оған қоса «Таза Қазақстан» акциясының маңызын айшықтау, — дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.

Үш буын ұрпақтың ағаш егу сәті бейнеленген бұл суретті күнде көретін қала тұрғындары мұндай бастамаға разы.

— «Таза Қазақстан» аясындағы сенбіліктерге үнемі қатысамыз. Себебі қала өзіміздікі, ертең бізден кейінгі жас ұрпақ осы жерде өсіп-өнеді, сондықтан қаланың тазалығы бәрімізге ортақ міндет. Кішкентай балаларға да өзіміз үлгі болуымыз керек. Осы муралды көргенде сол жауапкершілікті үнемі есіме аламын, — қала тұрғыны дейді Нұржан Әлібаев.

Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісу облысында жалпы 1 990 техника жұмылдырылып, 10 714 тонна қоқыс шығарылып, 2 445 км арық желісі тазаланды. Облыс аумағында акция кезінде 40,1 мың түп көшет отырғызылды. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Бүгінгі күннің өзінде жалпыұлттық тазалық шарасына облыс бойынша 226 мыңнан астам адам атсалысты.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттер авторы: Олжас Құрмашев