ЖАҢАРҒАН ШАҒЫН ОРТАЛЫҚ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашағымыз. Ал тәрбиенің негізгі қалаушысы – мектепке дейінгі білім беру ұйымы. «2020 жылдарға қарай елде балабақшамен қамтылмаған бір де бір бала болмауы тиіс» деп Елбасымыз айтқандай, бүгінде әр өңірде балабақшалар мен шағын орталықтардың саны көбеюде.
Жаңа жыл мерекесі қар-саңында Мелькомбинат елді мекенінде Мелькомбинат орта мектебінің мектепке дейінгі шағын орталығы пайдалануға берілді. Аталмыш орталыққа 5 ай көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында жүзеге асты.
Шағын орталықтың салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Елдос Ахметов, аудандық мәслихат хатшысы Қуат Алпысбаев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бағлан Абылқасымов, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектұров, «Нұр Шапағат құрылыс» техникалық бөлімінің басшысы Талғат Тұрсынбаев пен аудандық мешіттің наиб имамы Бақытбек Ертаев игілікті іс-шараға жиналған ата-аналар мен мұғалімдерді құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мектепке дейінгі мекеменің ашылуына бірінші кезекте бүл-діршіндер мен ата-аналар қуанышты. Еліміздің болашағы балалар үшін жасалып жатқан жағдайға олар дән риза.
Айта кетсек, шағын орталықтың ішкі бөлмелерінің қабырғасы, едені жаңарып, жаңадан есік-терезелер орнатылған. Сонымен қатар, орталықтың ауласында бүлдіршіндердің ойынына арналған алаң да жасалған. Алдағы уақытта орталықта 40-қа жуық бүлдіршін тәрбиеленетін болады.
Аталмыш «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы алдағы уақытта әлі талай елді мекендердің ажары ашылып, көптеген ғимараттар бой көтерері анық.
Ақбота ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ.