Бүгінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып тұр. Қазақстанда АЭС салу – жаңа энергетикалық қуат көздерін арттыру ғана емес, бұл біздің энергетикалық тәуелсіздігіміз бен экономикалық тұрақтылығымыздың кепілдігі.
АЭС салу мәселесінің көтерілуі – соңғы 2-3 жылда энергетика саласында біраз өзгерістердің болуымен байланысты болып отыр. АЭС біріншіден экологиялық таза, екіншіден қалдықтардың аз болуы. Өйткені атом стансасы көмір жақпайды, сәйкесінше ауада көміртек шығарындылары болмайды. Ал үшіншіден атом стансасы базалық генерацияға жатады. Ол энергияны тоқтаусыз береді деген сөз. Бұл қарапайым тұтынушыларға ғана емес, ірі тау-кен, металлургия, мұнай-газ саласына керек дүние. Өйткені олардың технологиялары электр энергиясын тоқтаусыз тұтынуды қажет етеді. Егер электр энергиясы болмаса олар өз өнімдерін шығара алмайды. Сондықтан дәл қазір энергетика мәселесінде Қазақстан тарихи шешім қабылдайтын кезеңде тұр. Елімізде АЭС салынған жағдайда 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, ал стансаны пайдалануға бергеннен кейін 2 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Бұл өз мамандарымызды жұмыспен қамтуға себепкер. Қазақстан уран қорына бай, әлем бойынша экспорттауда жетекші орын алады. Былтыр өндіру көлемі 20 мың тоннаға дейін жетті. Бұл әлемдегі уран өндіруші елдердің көрсеткішінен асып түседі. Сондықтан Қазақстанның энергетикалық жүйенің болашақ негізі ретінде атом энергиясын пайдаланатын дербес державаға айналу мүмкіндігі жоғары.
Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Атом құрылысын және оның қасиеттерін зерттейтін мамандар елімізге керек. Жалпы, энергетик мамандарды даярлау бұл әрбір мемлекет үшін стратегиялық мәселе.
Г.Көптілеуова