Әр жыл сайын ҚР Президент жолдауды өз жаңалықтарымен, құнды ұсыныстарымен еліміздің өркендеуіне, жаңғыруына негіз болатын салмақты тұжырымдармен ерекшеленеді. Өйткені Мемлекет басшысының жолдауы мемлекетіміздің даму жолындағы бағыт берер басты құжаты.
Президентіміздің бүгінгі Жолдауында азаматтардың табыс деңгейін арттыру қажетін атап өтті. Ел экономикасының дамуы қашанда қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының өсуінен көрінеді. Ал тұрғындардың әлеуеті ең әуелі олардың табыс көлемінің артуына байланысты екені анық. Жолдау жүктеген міндетке сай алдағы уақытта бұл мәселе де біржақты болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Кемелұлы баяндамасында елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытып, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту бойынша біршама бастамаларымен бөлісті.
Мемлекет басшысының бүгінгі халыққа Жолдауындағы ең бір өзекті де өміршең мәселе АЭС салу төңірегінде болды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтырғы Жолдауында да айтқан болатын. Бір жыл бойы ғалымдар, саясаткерлер, экологтар, экономистер, тағы басқа мамандар зерттеп-зерделей келе, атом электр стансасының Қазақстанға аса қажеттілігін дәлелдеді. Енді, міне, атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум бойынша Жарлыққа қол қойылып, 6 қазанда халық өз таңдауын жасамақ. Қ.Тоқаев: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын», – деп ата өтті.
Б.Боранбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы