Тәуелсіздігіміздің басты тұғыры – тіл. Еліміздегі ұлық мереке Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық Мәдениет үйінің ғимаратында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты «Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ-нің Ескелді аудандық филиалы салтанатты түрде ашылды.
Филиал қызметінің мақсаты «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңын, тілдерді дамыту мен қолданудың Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру болып табылады. Сонымен қатар, ауданның ересек тұрғындарына латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін, мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастырады.
Филиалдың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қ.Әлібаев, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының әдіскері, тіл орталықтарының жетекшісі Ж.Жолдыбаев, облыстық орталықтың оқытушысы Ж.Елесбаева, мекеме, бөлім басшылары мен мамандары, мәдениет қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында ауданымыздың жас ақыны Салтанат Құмарханұлы жырдан шашу шашса, аудандық ақсақалдар ұйымының төрағасы Бимұрат Көпбайұлы ақ батасын арнады. Филиал оқытушысы алғашқы тыңдаушыларымен са-бақ өткізіп, жұмыс түрімен таныстырды.
Келіп тіл үйренемін деушілерге үйірме тегін жүргізіледі.Тіл мамандары әр аптада курс өтіп отырады деп жоспарлап отыр.
Тіл орталығы 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен аудан тұрғындары арасында латын негізді әліпби және қазақ тілін оқып үйренуге ниеттілерге дәріс өткізетін болады. Алдағы уақытта орталықта осындай мүмкіндікті пайдаланып, тіл үйренушілердің қатары көбейе берсін демекпін. Әзірге бастама жаман емес, филиал ұжымына сәттілік тілеймін!
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.