БАЛҒЫНДАР ДӘСТҮРЛІ ШЫРША ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Жақында жыл сайынғы дәстүр бойынша аудан әкімінің балаларға арналған аудан көлеміндегі жаңажылдық шыршасы өтті.
Аудан әкімі Рауан Рақымбеков Қарабұлақ пен Шестаков атындағы орта мектептердің оқушыларын келе жатқан 2020 жылмен құттықтап, ізгі ілтипатын білдірді. Олардың қатарында озат оқушылар, өнерлі өрендер, мүмкіндігі шектеулі балалар бар.
Жылдың жаңаруы ересектердің ғана емес, әсіресе, балғындардың да асыға күтетін мерекесі. Қызықты хикаяға толы қойылымдар, ертегі әлемінің түрлі кейіпкерлері мен шырша шырақтары мерекелік шараның көркін аша түсті. Жүздері қуанышқа толған бүлдіршіндер жаңа жыл кешінің басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақардың келуін асыға күтіп, жаңа жылды жырлаған әсем әуезді әндермен шаттана жасыл шыршаны айналды. Содан соң шыршаның сиқырлы шамдары жағылып, нағыз қызықты думан басталып кетті.
Шара барысы оқушылардың дайындаған концерттік бағдарламасымен ұласты. Балақайлар ұшқыр қиялдарын қанаттандырып, таңғажайып әсермен тарқасты.
Артынша барша балалар аудан әкімі мен білім бөлімі бірлесіп дайындаған жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды. Сый-сияпатқа кенелген олардың қуанышында шек жоқ. Нағыз бақытты шақ – ол балалық шақ. Осы өткен көңілді мереке балғындардың естерінде мәңгі қалары анық.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.