Қай мамандықты алсаңда, өзіне тән ерекше бір қасиеті бар. Мамандықтың бәрі жақсы, таңдауың дұрыс болса болғаны. Таңдауыңның берекесін көру үшін, тереңіне үңіліп, қадірін түсіне білуің керексің. Қасиетіне үңіліп, қыры мен сырын ұғына білген бүгінгі кейіпкер Ардақ Ерболқызы Баратказыева жайлы. Ардақ Ерболқызы Ескелді аудандық аурухананың күндізгі стационарда аға медбиге болып қызмет атқарады. Жаны жайсаң, антына берік аға медбике Ақсу ауданы, Қапал ауылының тумасы. «Денсаулық – зор байлық, адам бақытының бастауы» деген дана халқымыз әу бастан-ақ денсаулықтың қадірін жақсы білген. Бас ауы¬рып, балтыр сыздаған мезетте ақ халатты абзал жандардың көмегіне зәру болып, дертімізге шипа іздеп, аурухана жағалап кететініміз белгілі. Осы тұста адам жанына араша түсіп, науқастың денсаулығына дәрігерден артық қарамаса кем қарамайтын денсаулық жанашырлары – медбикелердің еңбегі өлшеусіз. 12 мамыр – жүгі ауыр, жауапкершілігі мол мамамандық иесі – медбикелердің кәсіби мерекесі. Атаулы мереке қарсаңында адам жанына араша түсіп жүрген медбикелердің адал еңбегі жөнінде жазып, насихаттауды жөн көрдік.
-Ардақ Ерболқызы, сырауы көп, жауабы үлкен мамандықты таңдауыңыздың сыры неде?
-Бұл мамандыққа келуіме бірден-бір ықпал еткен менің анам. Анам, жастайымыздан құлағымызға құйып отыратын. Бір үйде, бір дәрігер немесе медбике болу керек деп. Үйдің үлкенімін. Содан, да болар бірінші болып, бұл саланы таңдауым. Қызығы мен қиындығы мол бұл мамандық өзіме ұнайды, талай жақсы адамдармен әріптес атанып, жұмыс істеп келемін. Бұл салада ең бастысы, өз ісіңді жақсы көріп қана қоймай, төзімді болуы маңызды. Еңбек жолымда әртүрлі қызықтар да, қиындықтар да кездесті. Дей тұра мамандығыма деген адалдық ең бірінші кезекте тұрады. Дертіне дауа іздеген жандар өз алғысын айтқанда бар шаршағаныңды бірден ұмытып кетесің. Дертінен айығып, жақсарғанын көргенімде жұмысыма деген құлшынысым одан әрі арта түседі. Әлемдегі ең мейірімді мамандық иесі атанғанымды мақтан тұтамын. Қызметте қандай да бір жетістікке жетсем, ол осы қарапайым еңбегімнің жемісі деп білемін.
-Әттең, бекер таңдадым! Басқа жолға түсу керек еді-дейтін кездер бола ма?
-Жо-жоқ, ойыма да кірмепті. Он бір жылдық тәжірибем бар бұл салада. Мен үшін аз емес, керісінше осы медицина саласында әрі қарай білімімді шыңдап, өзімді бұл жолдан жоғарыдан көргім келеді. Жаныма жақын мамандығым. Еш өкінбеймін. Оқуда жүрген кезімнен осы Ескелді аудандық ауруханадан практикадан өткенмін. Содан диплом алған соң да осы Қарабұлақ ауылана келдім. Бір орындамын. Ұжымым мен басшылығым тамаша. Жастарды қолдап, үнемі білмегенімізді үйретіп, алға қарай тартып отырады. Жаңашылдыққа басым қараған ортамнан алыс кете алмаймын. Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне деген адалдық пен науқастарға жауапкершілікпен қарау. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті медбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды.
-Біздің ауданды таңдауыңызға не түрткі болды, басқа да ауылдық жерлер көп қой…
-Алғаш практикадан өтуге келген де, жылулық көрдім. Бұл мекеменің білікті мамандарынан көп нәрсе үйрендім. Мені практикант ретінде емес, маман ретінде қабылдады. Содан, оқуымды бітірген соң да осы орталықты таңдадым. Одан мемлекет тарапынан жасалған диплом мен ауылға бағдарламасын қолданып, қалаға жақын болғасын да келдім. Алғаш жұмысқа орналасқан кезімде бөлім басшысы Айгүл Жақсылыққызынан алған тәрбием де аз болмады. Одан кейін, Бақыт Қызырғалиқызы, Ардақ Айтқожаева деген ардагер білікті мамандардан да тәлім алдым. Ол кісілерден шыңдалып, мамандыққа деген қызығушылығым артып, тәжірибелі маман болуыма да үлкен әсер берді.
-Медицинада ең маңыздысы – кәсібилік, құзыреттілік, жауапкершілік және адамдарға көмектесуге деген ниеттің болуы! Сол ниетті кейде дұрыс түсінбей, кереғар пікірлер туындап жатады. Сіз бұған не айтар едіңіз?
-Жалпылай алсақ, бұл тек медицина саласындағы ғана мәселе емес. Барлық салада да бар деп ойлаймын. Жақсы болып бәріне жақпайсыңғой. Қызмет бабында да әр түрлі жағдаяттар болып жатады. Бес саусақ бірдей емес, деушіме еді. Сол секілді әрбір емделушінің көңілінен шығу қиын. Әсіресе, біздің салада қателесуге болмайды. Бір қателік, бір үлкен әлем болып табылады. Жұмыс барысында әрбір келген емделушінің жеке көңілін тауып, соған қарай ыңғайлап сөйлейміз. Бірі бізді басынса, енді бірі үлкен бастарымен кішірейіп жататындары да аз емес. Жақсылықтың жаршысын түсінетін аға буынымыз көп.
-Ардақ Ерболқызы, сіздің түсінігіңіздегі мейіргер кім?
- Менің түсінігімдегі мейіргер үлкен мамандықтың иесі. Жаратқан мен Дәрігерден кейінгі адам арашасы. Емалушының жанашыр, психолыгы. Ал ғылыми тілмен -мейіргер білім мен шеберлігі бар, күтім процесіне жауапты, мейірімділік көрсете білетін маман болып саналады. Мейіргер — емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін өзінің кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерін дамытқан, бірегей қоғамның белсенді тұлғасы. Қоғам мен емделушілердің қажеттілектерін қанағаттандыру үшін, денсаулықты сақтау үшін мейіргер жұмысын жалғыз және басқа да денсаулық сақтау саласындағы кәсіби жұмыскерлермен бірге атқара береді.
Медицина ғылымының өсіп-өркендеуіне байланысты денсаулық сақтау саласындағы медицина мейіргерлерінің рөлі артып келеді. Мейіргер мамандығының пайда болуы ағылшын қызы Флоренс Найтингельге байланысты.1860 жылдың 24 маусымы — мейіргер ісі тарихындағы атақты күн. Бұл күні Лондонда Қасиетті Томас госпиталінде Флоренс Найтингейльдің басшылығымен қайырымдылық мектебі ашылды. Осы мектепті бітіруші қыздар мен әйелдер тиянақты түрде ғылыми дайындықтан өтіп шығатын. Флоренс Найтингейль қоғам алдында ең бірінші болып мейіргер жұмысының мерейін көтерді. Ол ауруларды күтуге арнайы дайындық керек екенін жұртшылыққа дәлелдеп, сол кезден бастап мейіргер ісінің негізі қаланды. Соңғы кезде мейірбикенің функциясына көзқарастар өзгеруде. Егер бұрын акцент науқастарды күтуге бағытталса, қазіргі таңда мейірбикелер басқа мамандармен бірге басты міндеті ретінде денсаулықты сақтау, ауруды алдын алу, адамдардың индивидуалды мүмкіндіктеріне сәйкес барынша тәуелсіздігін қамтамасыз етуді жатқызады.
Англияда белгілі бір аурулармен (қант диабеті, бронх демікпесі) ауыратын пациенттерге көмек көрсететін арнайы мамандандырылған мейіргерлер жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің күнделіклікті қызметін — пациенттерді бақылау, оқыту сияқты амбулаторлық қабылдау жүргізуді, басқа медициналық және әлеуметтік қызмет көрсететін қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған білім беру жұмыстарын атқара алады.
-Бүгінгі медицина саласына көңіліңіз тола ма? Кешегі буыннан үйренгенім көп дедіңіз. Ал, бүгінгі аға буын, жаңашыл дәрігер деп кімдерді айта аласыз?
-Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. Бүгінде заман ағымына сай орта буын медицина қызметкерлеріне қойылатын талап деңгейі де жоғарылады. Қазіргі заманауи медбике жоғары білікті, терең білімді болуы қажет. Мейірбикенің әр күні науқастардың жағдайын жасап, бәйек болумен өтеді. «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бекер айтылмаған. Біз де жүрегі жомарт, көңілі дария, елге сөзімен де, ісімен де шипа бола білген дәрігерлеріміз көп. Қарыштап күннен күнге дамып отырған медицина саласына көңілім толады. Үнемі оқып, ізденіп жүреміз. Дәрігерлерімізде үнемі білімін жетілдіріп отырады. Бізде барлық жағдайлар жасалған. Заманына қарай адамы деп жатамыз. Әрбір өз ісін жетік меңгеріп, жақсы көрген маман иесіне қызметін атқару қиын емес деп ойлаймын. Дәрігер де, медбикелер де үнемі ізденіс үстінде. Біздің салада қателесуге жол жоқ. Әлемде ешқашан өлмейтін, даму үстінде ғана жүріп отыратын мамандықтардың бірі – ол медицина саласы. Медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. Өйткені медицина дамыса, елдің денсаулығы жақсарады, осылайша қоғам дамиды. Дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан еліміз соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді. Нәтижесінде жыл сайын салада өзгерістер орын алып, тіпті шалғай аудандардағы емханаларға заманауи аппараттар үлестірілуде. Ал мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі.
-Жақында «Жыл мейіргері-2024» байқауына қатысып, жүлделі орынды қанжығаңызға байлапсыз. Қатысудағы басты мақсатаңыз неде?
-12-мамыр мейіргерлер күніне орай ұйымдастырылған бұл байқауға қатысуымның басты мақсаты, тәжірибе алмасып, білімімді дамыту болды. Аяғымның ауырғанына қарамастан, байқаудан қалмадым. Өте үлкен, ауқымды деңгейде болды. Көп дайындалып, үлкен ізденіспен қатыстым. Енбегімнің жемісі, 1 орынға ие болдым. Мені қолдаған әріптестеріме, отбасыма үлкен алғысымды білдіремін. Аудандық байқаудан Облысқа жолдама алып, ол жақтан да 2 орынды иелендім. Бүгінгі таңда, Республикалық байқауға дайындық үстіндемін.
-Медицинаның негізгі бір төрт қасиетіне тоқталсаңыз?
-Медицинаның мақсаттары ауру мен азапты жеңілдету, денсаулықты нығайту және аурудың алдын алу, өлімнің алдын алу , мүмкіндігінше ауруды емдеу және мүмкін емес адамдарға қамқорлық жасауды қамтиды. Медицинаның қасиеті көп қой. Бірін айтсаң бірі қалып жатады. Менің ойымдағы негізгілері осылар.
-Бүгінгі қарыштап жатқан шығыс медицинасына айтар ойыңыз…
-Шығыс медицинасы қатар қалып келген емес. Бірақ, шатаспауымыз қажет. Алып-қашпа әңгімелердің арқасында, бұл салаға қатты беріліп кетуге болмайды. Бір-бірінен естіп кейде тіпті заманауи медицинаға сенбей жататындары да бар. Бұл дұрыс емес. Адам арашасына айналған ақ халатты абзал Дәрігерлеріміз жан-жақты өздерін дамытып, адам денсаулығы үшін өз денсаулықтарына да қарамай кетіп жататындары да аз емес. Негізі «ауырмайтын жол іздеу» бүкіл қазақ зиялыларының, өзін мәдениетті санайтын, қоғамда жоғары дәрежедегі өмір сүргісі келетін адамдардың арманы.
-Медицина студенттер үшін тарих пен Гиппократ анты неге маңызды?
-Медициналық білім нақты әлеуметтік, экономикалық және саяси процестер арқылы жасалады. Тарих клиниктердің толық емес білім жағдайында екіұштылыққа төзе білу және шешім қабылдау қабілетін дамыта отырып, білім өндірісі мен айналымының күтпеген жағдайына сыни көзқарасты береді. Гиппократ – дәрігерлік ілімнің атасы саналатын ежелгі оқымыстысы. Ол адам баласын түрлі ауру-сырқаудан, кесапаттан сақтандыру мақсатында көп еңбектенді. Бұл жолды адамзат алдындағы парызы деп білді. Платон, Аристотель сынды кемеңгерлер де оның ілімін мойындап, «ұлы» деп атақ берді. Ал Гиппократтың өз анты болды.
«Өзімнің әл-қуатым мен ақылым жеткенше адал орындауға ант беріп, мойныма мына міндеттерді аламын: мені дәрігерлік өнерге үйреткенді өзімнің әке-шешеммен бірдей санаймын, онымен өз табысымнан қарайласып қажет болса қалса оның мұң-мұқтажын бөлісемін, оның ұрпақтарын өз бауырымдай көріп, егер олардың бұл өнерді үйренгісі келсе, еш ақысыз-пұлсыз және ешқандай шартсыз-ақ сабақ беремін.
Өзімнің әл-қуатым, ақыл-ойым жеткенше сауығу режимін аурудың жанына жайлы етуге бағыштаймын, зәредей де нұқсан келтіріп, әділетсіздік жасаудан бой тартамын. Өзі өтінсе де ешкімге өлетін шара қолданбаймын және оның жолдарын да меңземеймін, сондай-ақ еш әйелдің бала тастауына себепкерлік жасамаймын.
Өз өмірім мен өнеріме дақ түсірмей, мұнтаздай таза, ақаусыз сақтап өткіземін. Қай үйге кірсем де ол үйдің табалдырығын арам пиғыл, зымияндық ойдан аулақ, тек ауруға шапағат тигіземін деген ақ ниетіммен аттаймын…
Халық үшін, ел үшін қажымай, талмай еңбек етіп келе жатқан қазақ дәрігерлері үшін де бұл ант қасиетті ереже саналады. Дәрігерлік жұмыстағы адалдық – қазақ дәрігерлерінің айнымас серті.
Қазіргі заманда әлем бір орында тұр¬ған жоқ. Күн сайын жаңашылдық, жаңа техника… Қай салада болмасын ұдайы дамып, жетіліп, өсу маңызды. Осы ретте, медицина саласы да дамудың дара жолына бағыт алып келеді. Ал білікті мамандарға жаңашылдықты уақытылы игеріп, оны тәжірибеде қолдана алу маңызды. Аудан медбикелері әркез жаңа білімге ұмтылып, арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Кейіпкеріміз алдағы уақытта да осы мақсатты арқау еткен курстар мен байқауларға қатысып, өзін үнемі дамыту үрдісінде екенін айтты. Ақ халатты абзал жан Ардақ Ерболқызына, адам денсаулығын құтқару жолына толағай табыс, қолына күш-қуат, деніне саулық тілейміз.
Арай Әділ