САПТАН ШЫҚПАҒАН САРДАР

САПТАН ШЫҚПАҒАН САРДАР
немесе отставкадағы полковник Серікбай Мейірбайұлы Онбаев туралы сыр
Әлі есімде, күнтізбеде 1997 жылдың көктемі еді. Қорғаныс министрлігі Телефотостудиясының ашылғанына көп бола қоймаған. Алланың берген бағы болар, күтпеген жерден сол Телефотостудияның тұңғыш редакторы болып тағайындалдым. Жаңадан ашылған мекеменің іргетасын қалаған Ресей әскерінен ауысып келген капитан (кейіннен полковник) Қайыр Дінбаянов. Екеуміздің алдымызда ұшы-қиыры жоқ жұмыстар тұрды. Қайырдың отбасы бір орыстың ескі пәтерін жалдап, ал менің отбасым белгісіз мерзімге жырақта қалған.

Үлкендер жағы ұмыта қоймаған болар, ол бір сүреңсіздеу, қол байлаған қиындығы көп жылдар еді. Бірде жүрер жолға, бірде ішер тамаққа тиынымыз жетпей қалса да, иығымыздағы погонның беделін түсірмеуге тырысатынбыз.
Телефотостудия Тимириязов көшесінде, Қорғаныс министрлігінің Орталық аппараты Жандосов пен Алтынсарин көшелерінің қилысында. Жоғары қолбасшылықтың барлығы сонда отырады. Екі орта онша алыс емес. Қызмет бабымен жиі барып тұрамыз. Бірде ҚМ Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің басшылығынан әскерге шақыру шарасына қатысты сұхбат алу керек болды. Эфирге шығатын түсірілім екенін білгесін біраз адам қобалжып қалды. Әрине камераға қарап сөйлеуге ешкім жаттықпаған. Ұлттық кадр жоқтың қасы. Барының өзі қазақша сөйлейтінін естіп еді, жан-жаққа қаша бастады. Сөйтіп жүргенде болмысы қазақы бір офицер табылып, қиындықтан құтқарып еді. Жұмыс бабында ғана сөйлескен соң болар, оңтүстік жақтың тумасы екендігінен басқа айтқан сөздері есімде қалмапты.
Содан бір күні көшеде келе жатып өтіп бара жатқан полковникке сәлемдескем. Ол да, мен де кілт тоқтағанымызды түсінбей қалдық.
Міне, қызық. Қарсы алдымдағы офицер өзім сұхбат алып, телехабарға шығарған Серікбай Онбаев екен. Күтпеген кездесу. Екеуміз бір-бірімізді құшақтап, құттықтап, біраз қауқылдасып қалдық. Сөйтсем, Секең нағыз қазақ, нағыз ұлтжанды, нағыз бауырмал азамат екен. Ағалық танытып, жақын тартып емен-жарқын әңгімеге шақырды. Сөз арасында өзінің Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында дүниеге келгенін, майдангер офицердің баласы екенін де айтып үлгерді. Аға-інінің осы бір кездесуі менің санамда әлі күнге дейін естелік болып сайрап тұр…
Бірінші шегініс. Бала арманы қалай басталды?
Мейірбай ағаның туысының жоғары әскери оқу орнында оқитын курсант баласы Сапаров Асан каникулға шығып, кіші әкесіне сәлем бере келген. 4 сыныпта оқитын ұлы Серікбай көкесінің үстіндегі әскери формасына, жүріс-тұрысына қызығып, артынан қалмайды. Ақыры ішкі ойын жасыра алмай:
– Көке, маған бас киіміңізді сыйға беріңізші, – деп сұрақты төтесінен қояды. Ол болса:
– Мен бас киімімді берсем, ертеңгүні мені патруль көрсе, гаупвахтаға жауып тастайды, – дейді.
Бала көңілі оны қайдан түсінсін, артынан қалмай жүріп қайта-қайта қоймай сұрай беріпті. Ақыры бұл іске әкесі араласып, қонақтың тілін тапқан болу керек, «на, салага, носи на здоровье» деп, сол күні Сапар ағасы бас киімін Серікбайдың басына кигізіп кетеді. Міне, сол бас киімді 4 сыныптан 10 сыныпқа дейін киіп жүрген. Кішкентай Серікбайдың курсант болуды, офицер болуды армандауы осы күннен басталғанға ұқсайды.
Екінші шегініс. Әскери өмірдің алғашқы қадамы.
Қазіргі Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының орталығы Шолаққорған елді мекені. Орталықта Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп бар. Серікбай орта білім алған қасиетті білім ордасы осы. Мектептен кейін үшінші үйде капитан Платонов деген орыс жігіті тұратын. Серікбай басына Сапар ағасы сыйлаған фуражканы киіп алады да күніге таңертең ерте келіп, сол кісінің үйінен шыққанын күтіп тұрады. Ол кісі үйінен шығып, қасынан өте берген кезде салтанатты саптық шерумен қарсы алып, қасынан әскери адамша фуражкасына қолын қойып, сәлем беріп өтеді. Сонда орта жасқа келген капитан ағасы риза болып: «Ой, айналайын, молодец! Будеш офицером, будеш офицером» деп сәлемін алады. Міне, сол кісінің сөзі жақты ма, әлде басқа себеп болды ма, Серікбай аяғында офицер болды. Нақтырақ айтсақ, ауыл баласының офицерлік өмірге деген алғашқы қадамы осылай басталған.
Үшінші шегініс. Әке мінген «Иж планета».
Мейірбай аға шаруашылықта инженер-гидротехник болып істейтін. Жаздыгүні 85 сом, қыстыгүні одан аз айлық алады. Қызметтік аты бар. Анда-мұнда сол атпен жүреді. Ұлдары 5-6 сыныптан бастап қара жұмыста әкелеріне көмектеседі. Серікбай 9 сыныптан кейін каникулға шығып, әкесінің қасына шлюздар құюға көмекке келген. Сөйтіп екі ай бойы шлюз құйып, 160 сом айлық алады. Еңбекпен тапқан табысына қуанып, анасына алып келеді. Анасы ұлын мейірлене сүйіп, құшағына қысып шүкірлік етеді. Сосын қолма-қол 90 сомды ұлының қолына ұстатады да:
– Балапаным-ау, сен де ер жетіпсің. Бар дүкеннен өзің ұнатып, костюм-шалбар алып ки. Келесі жылы 10 сыныпты бітіресің, ал сенің үстіңде әлі костюм-шалбарың жоқ, – дейді. Анасының мейірлі сөздерінен кейін бала көңіл өзін ересек сезініп:
–Мақұл, – деп, қасына Нұртаза, Кеңес деген екі досын ертіп алып, дүкенге жүгіреді. Сатушы өзімен бірге оқитын және еріп келген Нұртазаның анасы. Ол кісі көрсетіп жатыр. Қырсық қылғанда, сөреде тұрған костюм-шалбардың бірде-біреуі тура келмейді. Біреуі үлкен, біреуінің белі үлкен, біреуінің жеңі қысқа болып қалады. Сөйтіп болмағасын 67 сомға бір куртка алады. Ал анасы 90 сом берген.
Сатушы апайы қайтарымға берген артық ақшасына қосып, 30 тиындық екі лотерея береді.
–Апай, мүмкін болса, маған 60 тиын бере салыңызшы, – деп сұраған баланың өтінішіне:
–Бұны бізге де осылай береді. Түсінсең бізге жоспарды орындау керек, – дейді сатушы апайы. – Қажет болмаса, ан-а-ау тұрған қоқыстың жәшігіне тастай сал.
Сөйтіп, амал жоқ, екі билетті алуға тура келген. Үйде үш литрлік шыны банкі тұратын. Үйдегілер қалған тиын-тебен, квитанция сияқты ұсақ-түйектерді соның ішіне тастай беретін. Серікбай да жаңағы екі билетті әкеп соның ішіне тастай салған.
Арада 4-5 ай өткен кезде бір күні үйге ақшалай-заттай ұтыс лотореясының нәтижесі жарияланған газет келіпті. Билет есіне түсіп кетіп, алып қараса, бір билеті 5 сом ұтқан, ал екінші билеті 676 сомның «Иж-планета- 3» деген мотоциклін ұтыпты. Ұмытпаса, Серікбай 4 сыныпта оқып жүргенде әкесі «Восход» деген мотоциклді кредитке алған. Сол кредитін төлейтін кезде ылғи бұзауын сатады, қойын сатады, ешкісін сатады. Әйтеуір қиындық көреді. Бірақ, дәл сол кездері Мейірбай аға Шымкентке бірнеше күнге іссапарға кеткен еді. Оқушы бала жаңағыны көреді де, өзіне-өзі сенбейді. «Қателік кеткен шығар» деген оймен, көршілердің үйінен барып, басқа газетті алып келіп тексерсе, бәрі тура: 60 тиынға алған екі билеттің біреуі мотоцикл, екіншісі 5 сом ұтып тұр.
Содан әкесі келгенше жаңағы билетті біреулер ұрлап алмасын деп ойлай ма, әлде жоғалтып алам деп ойлай ма екен, киімінің іш жағынан матамен қалта тігеді. Онысын ешкімге айтпайды. Сөйтіп бала әкесінің келуін тағатсыздана күткен.
Бір күні әкесі келеді ғой. Аман-саулықтан кейін:
– Тәте, қызық айтайын ба?– дейді. (Ол әкесін «тәте» деп атайтын.)
–Иә, айт, – дейді әкесі. Сосын газетті қолына береді. Ол көріп:
– Өлә-ә, менің балам 5 сом ұтыпты ғой, – дейді.
Әрине, ар жағын көрген жоқ. Шыдамсызданған ұлы:
–Тәте, тағы ары қарай қарасаңызшы, – дейді. Ол түсінбейді, қарамайды. Серікбай оған жалына сөйлейді. Сол кезде барып газеттегі ірі ұтысты көрген әкесі отырған жерінде құлап қала жаздайды ғой. Өзі қанша жыл бойы «Восход» мотоциклінің кредитін төлеп шаршап жүрген, ал мына жерде 30 тиынға мотоцикл ұтып тұр. Құламағанда қайтсін?!
Ардақты әкесінің 70 жасына дейін мініп жүрген «Иж-планета» мотоциклі сол болатын.
Төртінші шегініс. Әулетте 5 майдангер немесе 39 әскери адам бар.
Серікбайдың әкесі Мейірбай Онбаев майдангер, Ұлы Отан соғысының ардагері. Минометшілерді даярлайтын жеделдетілген курсты бітіріп, майданға офицер болып аттанған. Бертін келе соғысқа екі ағасы – ең үлкен ағасы Қоңырбай, сосын Анарбай, әкесі Өмірбай да аттанған. Өкінішке орай, солардың ішінде елге тірі оралғаны жалғыз өзі ғана, үшеуі соғыста хабарсыз кеткен.
Алматыдағы Алма-Арасан шатқалында қазір үлкен санатория бар. Бұл жерде Ұлы Отан соғысы кезінде әскери госпиталь болған. 1944 жылдың соңында қатты жарақат алып, екі аяғының да сүйектері сынып, жүруге жарамсыз болған шақта елге оралған майдангер ағамыз сол жерде ұзақ емделіп шыққаннан кейін Шамалғандағы су мамандарын даярлайтын (гидромелеоративтік) техникумына түседі. Бітірген соң су маманы бойынша инженер-гидротехник мамандығын алып, Созақ ауданының су шаруашылығында істеген. Сосын ауылшаруашылығы институтында оқыған. Жоғары білімді маман болыпты.
Отбасының арқасүйері, шаруашылықтың белсендісі болса да, ол кісінің бір арманы толық орындалмай қалған екен. Жарықтық: «Бұл дүниеде әскери қызметтен артық қызмет жоқ. Әскерлер – Отанының нағыз қорғаны. Отан қорғаудан артық парыз әлемде жоқ. Мен капитан шенінің деңгейінде қалдым. Соғысты көрсем де, арнайы жоғары әскери білімім болмады, денсаулығым да жарамады. Сендердің әскери қызметке баруларыңды шын жүректен қалар едім» – деп отырады екен балаларына. Бұл сөз бала Серікбайдың жүрегіне ұялап қалған екен.
Мейірбай ағамыз қызмет бабымен тауда мотоциклмен келе жатып құздан ұшып кетеді де, жамбас сүйегі бес жерден сынып, бақандай бес жыл бойы төсек тартып жатады. Өмір бойы екі дөңгелекті “Восход”, сосын «Иж планета» мотоциклін айдаған. Тау жолына үш дөңгелекті “Урал” мотоциклі ыңғайсыздық туғызса керек, жазым солай болыпты. Ақсақал 1925 жылы дүниеге келген, 2000 жылы 23 қаңтарда 75 жасында қайтыс болған. Өмірлік жары Қалиева Перуза апамыз 1927 жылғы, қазір 96-да. Серікбай ұлының қолында тұрады.
Екеуі 8 қыз, 4 ұлды тәрбиелеп өсірген. Құдайға тәуба, бәрінің отбасы аман, ұрпақтары өсіп жатыр. Тек Жанат деген қыздары атың өшкір ковидтің кезінде қайтыс болды. Жаны жәннаттың төрінен орын алсын деп тілейік. Ол кісінің жанұясында да 4 әскери қызметкер бар. Сөз орайы келгенде, ауыз толтыра атап айта кетейік, Онбаевтар (кеңестік жүйе кезінде кейбірінің тегі Оңбаев, кейбірінің тегі Омбаев деп жазылып кеткен) отбасында әкелерін, ағаларын және бүгінгі ұл-қыздарын қосқанда барлығы 39 әскери қызметкер бар. Үлкендері өнеге-үлгі көрсетсе, жастары бабаларының, аталарының, әкелерінің жолдарын абыроймен жалғастырып, Қарулы күштеріміздің барлық түрлерінде қызмет етуде. Бейнелеп айтсақ, қазір Қазақстан әскерінде Онбаевтар әулетінің бесінші толқыны қызмет етеді.
Шұрайлы Шымкенттегі ұлы Абайдың атындағы саябақтың ішінде «Даңқ мемориалы» деп аталатын үлкен монумент бар. Үнсіз тұрған тас мүсін болғанымен, тарихтың тұңғиығынан сыр шертеді. Міне, сол жерде кезінде осы өңірден майданға аттанған адамдардың аты-жөндері алтын әріппен тасқа қашалып жазылған. Ұзын саны 140 мыңнан асады. Әрқайсы соғысқа аттанған елді мекендеріне қарай аудан-ауданға қатысты бөліп-бөліп жазылған. Қарап отырсақ, бір ғана Созақ ауданынан 7 Онбаевтар майданға аттаныпты. Соның бесеуі біз бүгін әңгіме арқауына айналдырған отбасына қатысты екен. Мұның өзі де жазылып бітпеген тарих, айтылып бітпеген әңгіме.
Бесінші шегініс. Алғашқы награда.
Бала Серікбайдың арманы алдаған жоқ. 1974 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Мәскеу Жоғары командалық жол және инженер әскерлерінің училищесіне оқуға түсті. 1977 жылы бітіріп, “лейтенант” атағын алды. Сол жылдың 7 қарашасы офицердің есінде ерекше сақталып қалыпты.
Мәскеуден әскери оқуды бітіріп, Қызыл Ту орденді Орал әскери округі құзырындағы Первоуральск қаласындағы инженерлер бөлімінде офицерлік қызмет етуге кіріскен кезі еді. Ол жер уақытында Георгий Константинович Жуков қолбасшы болған тарихи жер. Үлкен зауыт, фабрикалар, атоммаш, химмаш деген небір ірі кәсіпорындар жұмыс істейтін. 7 қараша күні мереке құрметіне қалада парад өткізілген. Бөлімге шұғыл ақпарат түсіп, жеке құрам дабылмен көтеріледі. Тура қасындағы Ригма деген жерде үлкен орман өртеніп, сондағы инженерлік оқ-дәрілердің орталықтандырылған қоймасына қауіп төніп жатыр екен. Жеке құрамның негізгі бөлігі Т-55 танктің базасында жасалған инженерлік бөгет жасау-бұзу техникасына отырғызылған. Айтылған жерге келсе, “тілсіз жаудың” алды қойманың қақпаларына түсіпті. Өрт сөндірушілер де келіп үлгеріпті. Әскерилер солармен бірге іске кірісіп кетеді. Орманды жер болғасын маңайдың бәрі шымтезек (торф). Өрт сол шымтезектен басталған. Сырт қараған адамға жердің бетінде білінбейді. Ал жердің асты жарты, кейде бір метрге дейін тереңдікте кеулеп қуыстанып жанып кете береді. Шұғыл жеткен жеке құрамның ішінде лейтенант Онбаев та бар. Жедел топтың басшысының шешімімен ол да танктің бірінің штурвалына отырғызылған. Жас лейтенант үстіндегі парадтық формасына қарамастан танкті шыр айналдырып, гусеницасымен таптау арқылы өртті өшіріп жүр. Ең аяғында жаңағы жерден екі тісі ғана жалтырап, қап-қара күйе болып шығады ғой.
Кейін бөлім командирінің, округ қолбасшысының бұйрығымен алапат өртті сөндіру кезіндегі айрықша қызметтері үшін көптеген әскери қызметкерлер марапатталады. Ал бүкіл бригададан екі офицер, соның бірі лейтенант Серікбай Онбаев КСРО Жоғары Кеңесінің Жарғысымен жоғары награда алыпты. Гарнизондық Офицерлер үйінде өткен шараға арнайы қатысып, жас офицердің кеудесіне «За отвагу на пожаре» деген күміс медалін таққан сол кездегі Свердловск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, қазіргі тілмен айтқанда, губернаторы Б.Н. Ельцин екен. Кейінгі жылдарда күллі Ресей елін басқарған Борис Николаевич Ельциннің есімі жаһанға таныс.
Офицердің айрықша еңбегі үшін берілген алғашқы жауынгерлік наградасының тарихы осындай.
Алтыншы шегініс. 70-тегі ардагер әлі сапта
Құдайға шүкір, Қарулы күштер қатарында 38 жыл әскери қызмет атқарып, 2008 жылы зейнетке шыққан еді. Бірақ, ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан ұсыныс түсіп, запастағы полковник С.Онбаев Шымкент қаласында орналасқан ҚР ҚМ Әскери-техникалық мектебіне мұғалім болып қабылданды. Ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, мектеп директорының орынбасары, кейінірек бірінші орынбасары, одан кейін үш жылдан кейін мектеп директоры етіп тағайындады.
Ол басқарған тұста Әскери-техникалық мектеп Қарулы күштер қатарына бірнеше жыл «В», «С», қазіргі таңда онымен бірге «В1», «С1» деген төрт категориямен жүргізуші мамандарды дайындап жіберді. Одан басқа әр жыл сайын 750-800 радиобайланысшылар, радиотелефонистер, радистер дайындалды. Бұл болашақ Отан қорғаушылар үшін ең басты қадам.
Секең 2010 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары болды. Түркістан облысы құрылғанда Шымкент қалалық ұйымы ашылды. Міне, сол күннен бастап Орталық Кеңестің ұйғарымымен Шымкент қаласы Ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып жұмыс істеп келеді.
Былтыр (2022 жылы) бір жылда әскери-патриоттық тақырыпта 411 іс-шара ұйымдастырып өткізіпті. Шымкент қаласында қазіргі таңда 250 мектеп, 39 колледж және 10-нан астам жоғары оқу орындары бар. Солардың студенттерімен, мектеп оқушыларымен тұрақты тығыз байланыста жұмыс жасауда.
Былтыр 1 қыркүйек Білім күнінде ол басқарып отырған 10 каолицияның ардагерлері бір мезгілде 29 мектепте «Ерлік сабақтарын» өткізген болса, биылғы Білім күнінде 40 мектепте «Ерлік сабақтарын» ұйымдастырып өткізді. Қазірдің өзінде күніне 4-5 мектептерде осындай игі іс-шаралар атқарылып жатыр.
Таяуда ардагер ағамыз Республика Президентінің Жарлығымен «Шапағат» медалімен марапатталды.
Келесі жылы №1 Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады. Қазіргі таңда Шымкент қаласында № 72 жалпы білім беретін мектеп сол құрметті ағамыздың атында. Аталған мектепте полковник С.М.Онбаев атындағы «Алғашқы әскери дайындық және технология» пәнінен дайындайтын арнайы сынып бар. Қазір мұнда мерейтойға қатысты бірқатар дайындық шаралары жүргізіліп жатыр.
Мұның барлығы жастардың ойы мен бойын түзеп, өмірде қалыптасуы мақсатында атқарылып жатқан игі жұмыстар. Шымкентке жолы түсіп барып жатқандар болса, ең алдымен осыған куә болары анық.
Таяуда ҚР “Қарулы Күштер ардагерлері” РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Халық Қаһарманы, армия генералы Алтынбаев Мұхтар Қапарұлының шешімімен отставкадағы полковник Онбаев Серікбай Мейірбайұлы “Төрағаның оңтүстік бағыттағы өңірлер бойынша орынбасары” болып тағайындады. Баршаға аян, бұл өңірге Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы кіреді. Демек, ендігі жерде ардагер көшбасшыға жүктелер жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да ауырлай түсті. Ал біз өз тарапымыздан інілік құрметпен: “Алар асуыңыз аласармасын!” – деген тілек айтамыз.

Марат ЖҮНІС-БЕК.