Мен өзімді бақытты жандардың қатарында санаймын. Әскери қызметте жүрген кезімде əскербасылық жоғары лауазымдарға тағайындалған көптеген атпал азаматтармен жақын танысып араласуға жəне көбімен бірге қызмет етуге мүмкіндіктер алдым. Ілгеріде олардың туған жер, туған ел, патриоттық тəрбие туралы айтқандары да есімде. Шынын айтсам, кейде осыларымды мақтан тұтамын.
Кешегі Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің дара төрағасы, бүгінгі Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның № 1 Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың артында ешкім қайталай алмайтын өшпес із қалды. Аса құрмет тұтатын абыз ағамның айтқандарының бірі сонау 2000 жылдардан бері қойын дəптерімде қалыпты, оқып берейін.
«Жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігіне 3 ай мерзім ішінде əскери құрылымдарды қабылдай отырып, олардың басқару жүйесін қамтамасыз ету мен жауынгерлік əзірліктерін тиісті жағдайда ұстау тапсырылды. Бірақ, «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен сол бір өтпелі кезеңде жауынгерлік дайындықты назардан бір сəт те шығармай, ұйымдастыру, басқару жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, əсіресе жауынгерлік техникалар мен қару-жарақтарға иелік ету офицерлер мен генералдардан орасан зор қажыр-қайратты талап етті. Министрліктің құрылуына байланысты полковниктер С.С. Тауланов, С.Ж. Ахметов, Қ.И. Байжігітов, Б.Д. Кенжебаев, Л.А. Нагай, М.Ю. Раджибаев, М.О. Орынбеков, подполковник А.Н. Киреевтер лауазымдарға тағайындалды. Құрамаларға басшылық жасау генерал-майор Г.Б. Тимошенко жəне полковниктер А.П. Безюкевич пен Б.Е. Ертаевқа жүктелді. Келесі топта негізгі жауапты лауазымдарға полковник Ə.Х. Қасымов, полковник А.Ғ. Исенғұлов, генерал-майор Ю.Ш. Курматов, полковник С.Ж. Темірбеков, полковник М.Г. Бареев, полковник В.Г. Сапсай, полковник А.А. Құсмолдин, полковник Ж.К. Рыспаев, генерал-майор А.С. Əбдірахманов, полковник Б.М. Берекетов, генерал-майор М.Қ. Алтынбаев, полковник А.Ш. Васимов, генерал-майор Ф.И. Щербаков, полковник В.А. Акулов жəне басқалар тағайындалды. Осылардың барлығы да ел іргесін аман сақтау жолында қажыр-қайратын аямай қызмет ете білді. Өз кезегінде Президентіміз Н.Ә. Назарбаев сала қызметінің əрбір күнін, əрбір қадамын жіті назарда ұстады. Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Басқолбасшысы ретінде Отан қорғаушыларымен жиі кездесіп, оларға өте жоғары қолдау көрсетіп тұрды. Əскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін əлеуметтік қолдау мəселелері де өз шешімін таба бастады. Соның арқасында біз жауынгерлік дайындықты аз уақыттың ішінде тиісті жолға қоя білдік».
Әскерилер арасында «ақсақал» атанып кеткен тұңғыш министріміздің сөзінде жан бар. Қайран өмір-ай! Қазыналы қариямызды, қиын кезде жол бастаған көсемімізді, ақылгөй кемеңгерімізді біздің ортамыздан келмеске алып кеттің ғой?! Күн өткен сайын абыз ақсақалымызға деген сағыныш сезімі артып барады, артып барады! Ал, енді Сағадат Қожахметұлының өзі туралы оның көзін көргендердің көкірегінде мынандай мақтаныш сезімі бар.
«…Аумалы-төкпелі сындарлы кезеңде Ұлы Отан соғысы жылдарында іскер офицер, қабілеті жоғары əскербасы ретінде танылған Кеңес Одағының Батыры Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың ақылы мен парасатының, даналығы мен даралығының, тəжірибесі мен беделінің арқасында өте қысқа мерзімде айтып болмайтын іс-шаралар жүзеге асырылды. Тұңғыш Қорғаныс министрі атанған ұлы тұлғаның тəуелсіз Қазақстанның № 1 Халық Қаһарманы атануы соның нақты дəлелі. Ол елге, жерге, Президентімізге адал қызмет етудің зор өнеге-үлгісін көрсеткен тəуелсіз Қазақстанның бас сардары.».
Шоқтығы биік алғашқы топтың құрамында полковник А. Тасболатовтың да болғанын жақсы білеміз. Кейінірек генерал-лейтенант атағына дейін көтерілген Абай Бөлекбайұлы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымында жүргенде осы жолдардың авторы яғни, мен министрлікте жеке басқарманың бастығы болдым. Ол біздің басқарманың жұмысына жетекшілік (кураторлық) ететін. Көптеген іс-шараларды бірге атқардық. Жекелеген маңызды құжаттарды да орындаған күндеріміз аз болмады. Өте жақын араластық. Реті келгенде өткен өмір жолдары туралы да жиі əңгімелесіп тұратынбыз. Жоғарыдағы жолдардың иесі осы Әбекең.Кейінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаты болған әскери ғалым, генерал-лейтенант Абай Тасболатов мен үшін «əскери ұстахананың бас шебері» сияқты. Себебі, тұла бойы тұнған өнер: білімде – ғылым докторы, профессор, спортта – шебер, əскерде – генерал-лейтенант, қоғамдық қызметте – халық қалаулысы болды. Бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат.
Қазақстан өз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялаған тұста Республика Президенті Қорғаныс министріне сырт елдерде жүрген əскери адамдардың өз Отанына оралуына қатысты ұсыныс жасау туралы тапсырма берді. Жəне бұл бағытта көптеген игі шаралардың жүзеге асуына толыққанды жағдай жасады. Туған елге оралған отандастарымызды Сағадат Қожахметұлы қабылдап, оларға əкелік, ағалық ақыл-кеңестерін берді. Барлық жағдайды тəптіштеп тұрып түсіндірді, еліміздің Қорғаныс саласын көтеруге байланысты Отан қорғаушыларының алдына қойылған орасан зор міндеттермен таныстырды. Әсіресе, ұрлыққа, тонаушылыққа жол бермеуді қатаң тапсырды.
Иə, мұндай əңгімелерді ондап емес, жүздеп келтіруге болады. Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Б. Ертаев Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясын басқарғанда, мен қарамағында қызмет еттім. Бірде кейіннен Парламент Мəжілісінің депутаты болған Бақытжан Ертайұлы былай деп еді:
«Еліміз өзінің тəуелсіздігін жариялаған кезде мен əлі Германияда полк командирі едім. Жағдайым жаман емес. Қызметім де оңды. Қарулы Күштердің əрине Кеңес Одағының ғой, жоғарғы қолбасшылығы жұмысымды жоғары бағалап, екінші мерзімге командир етіп қалдырған болатын. Бірақ, көк туымыз көкке желбірегенде солардың бəрін тастап, туған елге оралып, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың басшылығымен Қорғаныс Комитетін, бір жылдан кейін Қорғаныс министрлігін құруға ат салысқаным үшін өзімді бақытты санаймын. Мен осындай батыр ағамыздың мектебінен өтіп, тəрбие алғанымды мақтан тұтамын. Ол мен сияқты қаншама офицердің өзіміздің кіндік қанымыз тамған туған жерге оралуымызға мүмкіндік жасаған жан…».
Бұл да өмір шындығы.
Әлі есімде, 2001 жылдың ақпан айы болатын.
Өмір бойында қызметтен қол үзбейтін Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның № 1 Халық Қаһарманы, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетов Қорғаныс министрлігіне қарасты «Казспецэксперт» əскери мекемесі басшысының кеңесшісі болып істейтін. Біраздан бері мазалап жүрген ойдың түйінін шеше алмай жүргенмін. Ақыры батылым жетіп, Сағадат Қожахметұлының кабинетіне телефон соғып, қабылдауын сұрадым. Ол кісі мені келесі күні сағат 10.00-де күтетінін айтты. Келіскен күні, келіскен сағатта бас сардардың алдынан табылдым. Қайран абызым-ай, қанша жұмысбасты болып отырса да алдына келген небəрі аға лейтенант шеніндегі менің қал-жағдайымнан бастап сұрап, айтқан шаруамды басынан аяғына дейін ұйып тыңдады. Сосын ақылын айтып, батасын берді.
Тағы бір есте қалғаны, сол кездесу барысында екі ортадағы əңгіменің негізгі арқауы Чернобыль апатына қатысты болып, көтерген мəселеме қатысты кез келген уақытта қолдау көрсетуге уəде беріп еді. Өмірден өткенше айтқан уəдесінде тұра білген Сағадат Қожахметұлы маған да туған əкемдей қамқоршы болып кеткен. Есімін аса жоғары құрметпен тағы бір рет атап өтуге тиіспін.
Баруын барып алдым да, қабылдау бөлмесінде қобалжып біраз тұрып қалдым. Сосын кабинетінің есігін сескене қақтым да, Жарғы бойынша əскери қызметшілердің арасында қалыптасқан тəртіппен:
– Кіруге рұқсат па екен? Аға лейтенант Жүніс-Бек, – дедім.
– Кір, төрлет. Келіскеніміздей, сені күтіп отырмын, – деді ол.
– Саулығыңызды тілеймін, жолдас армия генералы!
Ол өзін кешегі кеңестік əскерде танытқан батыр ағамыз. Сондықтан мен онымен Қазақстан əскерінде қолданатын «мырза» сөзімен емес, кеңес дəуіріндегі «жолдас» сөзімен сəлемдестім. Армия генералы қолындағы оқып отырған кітабын үстел үстіне қойды да, көзілдірігін шешті. Сосын қолымен алдында бос тұрған орындықты көрсетіп, маған «отыр» деп ишарат білдірді. Шынымды айтсам, ондайды күтпеген болатынмын. Аздап сасқалақтап қалдым. Ал, ол болса:
– Қалың жақсы ма? Қызметің қалай? – деп қал-жағдайымды сұрап жатыр.
– Жақсы, бəрі дұрыс, жолдас армия генералы!
– Пəтер алдың ба?
Мен аздап кібіртіктеп қалдым. Өйткені, сол кезде пəтер жалдап, Алматыдай алып қалада баспана қиындығын көріп жүргенім шындық болатын. Сонда да:
– Өзіме қатысты проблемам жоқ. Назарыңызға рахмет, жолдас армия генералы!
Мүмкін біреулер үшін бұл қарапайым көрініс болар. Бірақ, шені төмен қатардағы офицер – аға лейтенант үшін армия генералының мұндай қарапайымдылығы мен қамқорлығы шынымен де күтпеген жағдай еді. Ол мені алдына барған сəттен бастап-ақ баурап алды.
– Онда қандай мəселемен келдің?
– Менің сізге екі сұрағым және бір өтінішім бар…
Сөзімнің артын «жұтып» қойдым, білем. Ол:
– Айт, қысылма, тыңдап отырмын, – деп «жетегіне алды».
Осыдан кейін-ақ, бойымдағы қорқыныш пен қобалжуым басылып еркінси бастаған мен:
– Жолдас армия генералы! Сізге келген шаруам қызметіме қатысты емес… – деп, орнымнан тұрып барып, кабинет иесінің алдына ақ-қара түсті ескі фотосуреттердің бірін қойдым. Суретте генерал-лейтенант далалық жағдайда жасақталған мінбеде сөз сөйлеп тұр. Сағадат Қожахметұлы суретті қолына алды. Сосын əрі-бері анықтап қарап:
– Так, так… так… помню… помню, – деп орысша бастады да, сөзін қайтадан қазақша жалғастырды. – Менде мұндай сурет болмаған. Қазір есіме түсіремін… Иə, иə… Жаңылмасам, бұл Чернобыльге барғанда ғой… 1986 жылғы жазда болатын. Бұл сенде қайдан жүр?
Сөзін маған қаратып сұраулы сөйлеммен аяқтаған генералдың алдына екінші суретті қойдым. Бұлдыраңқы шыққан, əрі сарғая бастаған екінші суретте əскери тікұшақтан түсіп келе жатқан генерал-лейтенант пен оны қарсы алып, баянат жасап тұрған полковниктің бейнесі бар. Қастарында бір топ офицерлер тұр.
– Мынау да сол жақта ғой. Бəсе, жаңылған жоқпын. Маусым айы болатын. Ойланып көрейін, нақты күнін есіме түсіруім мүмкін…
Ақсақалды əуреге салғым келмеді.
– Дəл солай, 1986 жылдың 26 маусымы, – дедім.
– Иə, иə, ұмытқан жоқпын, 26 маусым болатын… Сенің неге келгеніңді түсіндім. Өткенде теледидардан көргенмін, Чернобыль апаты тақырыбына қатысты баспасөз конференциясында сөйлеп жатқаныңды. Қазір бəрін айтып беремін. Алдымен, ұмытпай тұрғанда, сен келген шаруаңды айтып ал…
Қазақша айтқанда, «пайғамбар жасынан» асқан абыз ақсақалдың есте сақтау қабілетінің мұнша жоғары екенін мойындауға тура келеді. Кешегі аштық пен Ұлы Отан соғысын көрген, ғұмыр бойы Кеңес əскері қатарында, басқа да мемлекеттік жоғары лауазымдарда қызмет еткен аға сардардың көп ерекшелігінің бірі осы деп білдім.
– Сағадат Қожахметұлы, айып етпесеңіз, менің айтарым да сол Чернобыльге қатысты. Бірінші сұрағым, Арнайы топта бірге болған он төрт адамнан қазіргі күні екеуі ғана тірі қалды. Бірі Қазақстан Қарулы Күштері əскери медицинасының негізін қалаған медицина қызметінің генерал-майоры Талғат Сағадатұлы Нұрмағамбетов, екіншісі Ресейдің Симферополь қаласында тұратын медицина қызметінің полковнигі Олег Иванович Стеблий.
Сіз ұзақ жылдар бойы жоғары əскери лауазымдарда болдыңыз. Айтпағым, ұлыңыз Талғатты апатты аймаққа жібермей алып қалуға болмады ма?
– Жоқ, олай етуге арым бармады. Мен бала кезімнен жетімдікті, жоқтықты көріп өстім. Бірақ, Отан-Анаға деген сүйіспеншілігім ерте жастан қалыптасты. Иығыма шен тағып, шекпен киген күннен бастап өзімді кез келген уақытта кез келген тапсырманы орындауға дайындадым. Əке ретінде жақсы көргенім рас. Бірақ, мен ұлымды туған елінің нағыз патриоты болуға тəрбиеледім. Өйткені, өзім де сондай тəрбие көрдім. Сондықтан апатты аймаққа басқа елдің баласын жіберіп жатқанда, қайталаймын, өз баламды алып қалуды жөн көрмедім. Офицер Отан сарбазы деген жоғары атаққа лайықты болу керек емес пе?!
– Рахмет. Енді өтінішімді айтуға рұқсат етіңіз. Мына жол сөмкемде осы уақытқа дейін жинап жүрген мұрағаттық дүниелерім бар. Рұқсат етсеңіз, соны көрсетейін. Өтінішім мынау – Чернобыль апатының 15 жылдығы қарсаңында республика көлемінде үлкен іс-шара өткізбек едім. Соған келіп қатысып, жігіттерге бір ауыз тілек-ниетіңізді білдіріп кетсеңіз…
Қасиетіңнен айналайын абызым, орнынан тұрып мені қасына шақырып, құшағына алды. Сосын:
– Жаңағы баспасөз конференциясын бекер айтқан жоқпын. Мен сенің көтеріп жүрген мəселеңнен хабардармын. Өткенде газетке шыққан мақалаларыңды да оқығанмын. Риза болып қалдым. Өте үлкен жауапты істі бастапсың. Қадамың құтты болсын! Дегеніңе жет! Елдің алғысын ал! Саған берер ақ батам осы болсын! – деді.
Артынан кабинетте естелік суретке түстік. Чернобыль тақырыбына ұзақ əңгімелестік. Ал, сол кездесу менің одан кейінгі өміріме қанат бітіргендей болып қала берді. Абыздың сондағы айтқаны əлі есімде:
– Чернобыльге барғанда мен генерал-лейтенантпын, Орта Азия əскери округі қолбасшысының орынбасары лауазымындамын. Қасымда округтің химиялық қызмет басқармасының өкілі подполковник Захаров бар. Киев қаласындағы аэропортта ұшақтан түсе сала қазақстандық 27-ші химиялық қорғау полкінің командирі полковник Лутфуллоевпен кездесіп, апат аймағындағы жерлестеріміздің жағдайын жан-жақты зерделедім. Жеке құрам өте кең аумақта дезактивация жұмыстарымен айналысып жатты. Келген бойда біздің адамдар жұмыс істеп жатқан барлық жерді аралап шықтым. Жағдай өте қиын болатын. Бұрқыраған шаң, ластанған ауа. Елді мекендерде үйіліп жатқан қоқыс, мал қоралардан шығарылған қорда. Осылардың бəрін жинау керек, дезактивациялау керек болатын. Захаров дозиметрмен жүрген жердің барлығын арнайы өлшеп жүрді. Қай жерде болмасын радиация деңгейі тиісті мөлшерден əлдеқайда жоғары шкаланы көрсетті. Соған қарамастан бірқатар жергілікті тұрғындар өздерінің туған үйлерін, бар мүлкін тастап кетуге қимады. Оларды түсінуге болатын. Кім өзінің үйін, туған жерін тастағысы келеді? Əрине ешкімнің де тастағысы келмейді. Оның үстіне Украина мен Белоруссия басшылығы көпке дейін қарапайым халықтан шындықты жасырып келді ғой. Бұл халықты эвакуациялау жұмыстарын күрделендірді. Бұқаралық ақпарат құралдары – газет-журнал, радио, теледидар дегендерің де жоғарғы партиялық нұсқаудың ықпалынан шыға алмай, шындықты ашып жаза алмады. Бір сөзбен айтқанда, журналистер іс жүзіндегі нақтылы жағдайды білмеді. Ал, білгендері қызметтен шеттетілді.
Əлі есімде, Гомельде соғыс кезінде бірге болған Цыганков Михайл Павлович деген ескі досымның үйіне соқтым. Ол мені өзінің саяжайына шақырды. Жеміс ағаштары əбден гүлдеп болған, бəрі жайқалып өсіп тұр. Бақтың іші тап-таза. Бірақ, ол көрген көзге ғана. Химиктің дозиметрі нормадан біршама жоғары көрсетіп тұр. Ал, оның көршісінің ауласын өлшеп едік, дозиметрдің шкаласы тіпті жоғарылап кетті. Қатар тұрған екі саяжайда екі түрлі көрсеткіш. Таң қалатын жағдай.
Досымның қаладағы үйіне соқтық. Қаладағы ластану деңгейі саяжайдан төмендеу екен. Жасыл желекті өсімдіктердің көптігінен болуы керек, колхоздардағы қарапайым үйлерде радиация мөлшері жоғары болып шықты. Сондықтан біздің жігіттер оларды арнайы сұйықтармен өңдеді. Ластанған топырақтың үстіңгі қабатын қырып, арнайы ұраларға көмді. Нəтижесінде радиациялық улану деңгейі əжептəуір төмендеді. Ал, ана кейбіреулердің «радиацияны толықтай тазалап шықты» деп айтып жүргені қарапайым халықтың арасында толқу болмасын деген мақсатта айтылып жүрген өтірік əңгіме.
Апат зардаптарын жою жұмыстарын ұйымдастыруда кемшіліктер көп болды. Көп жердегі жауапкершілік пен ұйымдастырушылықтың төмендігінен қатардағы сарбаздар мен запастан шақырылған əскери міндеттілерді есепке алу жұмысында салғырттық орын алды. Жеке есепке алынбағандықтан олардың көбі арнайы медициналық анықтамаларды дұрыс ала алмады. Қорғаныс министрінің бұйрығына сəйкес 18-20 жас аралығындағы сарбаздар залалсыздандыру жұмыстарына тартылмауы керек болған. Іс жүзінде өте көп сарбаз алғашқы күннен бастап сол аймақта жұмыс істеді. Бұл бір.
Екіншіден, полктің жеке құрамы алты айда бір-ақ рет ауыстырылды. Ал, нақтысында 2-3 айда ауыстырылып тұру керек болатын. Олай болған жағдайда апатты залалсыздандырушылар зардапты аз шегер еді. Нəтижесі қандай? Апатты залалсыздандыру жұмыстарына қатысқан полктің жеке құрамы тұтастай əртүрлі топтағы мүгедектер қатарын толықтырды. Соның кесірінен жұмыссыз қалып, ешкімге қажеттері болмай барады. Сондықтан «чернобыльдықтарға» қатысты арнайы заң қабылдап, олардың тұрмыс-тіршілігіне, емделуіне назар аударған жөн. Оған қаражат табу керек. Қазір Чернобыль атом станциясы жабылды. Менің түсінігімше, егер Украина мемлекеті дұрыс көңіл бөлгенде мұншалықты қауіп болмайтын еді. Бұл нені айтады? Америка, Франция, Жапония жəне басқа елдердің тəжірибесін зерделеп, үйрену қажет сияқты. Оларда АЭС ұзақ жылдар бойы үздіксіз жұмыс істеп, қалалар мен ауылдарды арзан энергиямен қамтамасыз етіп тұр. Мен Қазақстанға АЭС салуға қатысты мүлде қарсымын деп айта алмаймын. Егемендігін енді ғана алған тəуелсіз елге электр қуаты керек. Сондықтан əлемдік тəжірибелерді жинақтап, инженерлік кадрларды даярлап, бұл мəселені жан-жақты қарастырған абзал. Қорқудың да қажеті жоқ. Терең ойластырып, Чернобыльдің екінші рет қайталанбауын қамтамасыз еткен жөн. Бастысы, станцияны салу емес, оны дұрыс пайдалана білу. Əрине, бұл жерде мамандар – атомщиктер қарапайым халыққа мұндай құрылыстың маңыздылығын дұрыс түсіндірулері қажет.
Қорыта айтқанда, еңсені түсірудің қажеті жоқ. Алға қарай нық қадам жасаған абзал. Үкімет мүшелері еліміздің апат зардаптарын жоюға қатысқан азаматтарының қал-жағдайын, мүддесін дұрыс түсініп, олардың өмірдегі рөлін арттыруға оң қабақ танытады деп сенемін.
Армия генералы Сағадат Қожахметұлының осындай маңызы зор салиқалы əңгімесін ұйып тыңдадым. Артынан қолымды алып тұрып, ыстық ықыласпен шығарып салды. Оның əрбір сөзінен мейірімділікті, жанашырлықты сезініп, күллі дене бойым шымырлап қоя берді. Мен одан мұндай кеңдікті, мұндай қарапайымдылықты күтпеген едім. Не айтарымды білмей, сасқалақтап есім шықты…
Арада біраз күннен кейін аға сардар берген уəдесінде тұрып, Алматыдағы Орталық əскерлер үйінде өткізген алқалы жиынға келіп қатысты. Келген бойда алдымен апат ардагерлерін бастап 28 панфиловшылар паркіндегі Отан-Ана ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
2013 жылдың күзінде қазыналы қария келместің кемесіне мініп кете барды. Күн өткен сайын абыз ақсақалымызға деген сағыныш сезімі артып барады, артып барады!
Марат ЖҮНІС-БЕК.