Кез келген еңбек ұжымында оған қойылатын мақсат-міндеттерді орындауға, сол жолдағы үлкен табыстарға қол жеткізуге ерекше атсалысатын, қажымай-талмай еңбек етіп, өзгелерге өнегелі ісімен, нәтижелі жұмысымен үлгі-өнеге бола білетін адамдар болады. Олардың жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, білімі мен біліктілігі, ақыл-кеңесі кейінгі жастарға азық болып, ұжымдағы адамгершілік ахуалын нығайтады, бірлік пен берекені арттырады.
Біздің ұжымдағы сондай жандардың бірі – Жетісу облысы бойынша Қазынашылық Департаментінің Ескелді аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Башабаева Алмагүл Мағданқызы десем, артық айтқандық емес. Ол кісі, міне, аттай 44 жыл бойы облысымыздың қаржы, экономика саласында еңбек етіп, еліміздің осы тұрғыда дамуына өзіндік мол үлесін қосып келеді.
Алмагүл Мағданқызы 1963 жылғы 27 қаңтарда Талдықорған облысы Андреев (қазіргі Алакөл) ауданының Көлбай ауылында дүниеге келген. Әкесі Башабаев Мағдан Мұхаметқалиұлы С.М. Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген, өмірінің соңғы күндеріне дейін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз болған кісі екен. Кейіннен ұзақ жылдар Глиновка, одан кейін Көлбай ауылдарында мектеп директоры болған. Ол кісінің ауыл мәдениетін көтеруге сіңірген мол еңбегі, ұстаздық жолы «Өмір өткелдері» атты өмірбаяндық кітапқа арқау болған. Кейінірек ұрпағы Көлбай орта мектебінде Мағдан Мұхаметқалиұлына арналған танымдық мұражай ашқан екен.
Анасы Күләй да жоғары білімді маман, совхозда бухгалтер болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Ол кісінің көзін көрген, дәмдес-тұздас болған адамдар Күләй апаның қолы ашық, жомарт мінезді, дастарқаны мол, қонақжай кісі болғанын айтып отырады. Жоқты бар етіп, барды ұқсататын ұсынақты жан балаларын да ұқыптылыққа, тазалыққа баулып, адамгершілікке үйретіп өсірген.
Өнегелі жандардың бақытты отбасында Алмагүл Мағданқызынан басқа Марат, Бақытгүл, Манат, Жанат, Жанар атты ұл-қыздар дүниеге келіп, өсіп, ер жеткен. Барлығы да мектепте жақсы оқып, қатарының алды болған, шеттерінен жоғары білім алып, еңбек жолдарында тамаша жетістіктерге қол жеткізген. Мысалы, отбасының тұңғышы Марат қаржы саласының ардагері, ұзақ жылдар банк саласында қызмет еткен, Қазақстан Ұлттық банкінің Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы, Көкшетау, Ақтау, Өскемен қалаларындағы филиалдарын басқарған. Бақытгүл биология ғылымының докторы, қазіргі уақытта ҚазНИЗ-де бөлім бастығы болып жұмыс істейді. Інісі Жанат ұзақ жылдар ҚР Ішкі істер министрлігі органдарында қызмет атқарған, подполковник шенінде отставкаға шығып, құрметті демалыста немере қызығын көріп отыр. Манат пен Жанар да экономика саласының мамандары, Манат ҚР Ұлттық банктің Жетісу облысының филиалында қызметкерлермен жұмыс жүргізу жөнендегі бас маманы болып қызмет атқарады, Жанар Талдықорған қаласындағы ҚазТрансГазАймақ компаниясында экономист болып жұмыс істейді.
Алмагүл Мағданқызы еңбек жолын 1980 жылы Көлбай ауылының өзі оқып-бітірген Комсомол орта мектебінде лаборант болып бастаған. Осы жылдың қазан айында КСРО Мемлекеттік банкінің Алматы облыстық кеңсесіне кеңсе экспедиторы болып ауысады. Әсілі, оның әрі қарайғы мамандық таңдауына да осы жұмысы ықпалын тигізген сияқты.
Алматы есеп-кредит техникумын (1983 ж.), Ө.А. Жолдасбеков атындағы Экономия және құқық академиясын бітірген (2005 ж.). 1983-86 жылдар аралығында Мемлекеттік банктің Үшарал бөлімінде бухгалтер болып істейді. 1986 жылдың қыркүйек айында Сарқан аудандық коммуналдық кәсіпорындар комбинатына бас экономист болып ауысып, ол жерде 1992 жылдың қазан айында Сарқан аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөліміне бас бухгалтер болып тағайындалғанға дейін еңбек етеді. 1996 жылы желтоқсанда Республикалық бюджеттік банктің Қарабұлақ аудандық бөлімшесіне жетекші экономист болып тағайындалады. 1998 жылы қаңтарда Талдықорған аудандық қазынашылық бөлімінде бас қазынашы, осы жылдың сәуір айынан бастап бастықтың орынбасары – республикалық бюджеттін атқару және бақылау секторының меңгерушісі лауазымдарын атқарады.
2002 жылдың қыркүйек айынан бастап, Алматы облысы бойынша Ескелді аудандық қазынашылық бөліміне бастықтың орынбасары болып тағайындалған. 2005 жылы қаңтарда осы Ескелді аудандық қазынашылық бөлімінде бастықтың орынбасары – мемлекеттік бюджетті атқаруға және төлеуге арналған шоттарды енгізу секторы меңгерушісінің лауазымына ауыстырылған. 2007 жылы осы бөлімде бастықтың орынбасары, 2008 жылы Ескелді аудандық қазынашылық басқармасында бастықтың орынбасары болса, 2009 жылғы шілде айынан бастап, Ескелді аудандық қазынашылық басқармасының басшысы лауазымын атқарған. 2022 жылдың 19 тамызынан бастап, жаңадан құрылған Жетісу облысы бойынша Ескелді аудандық қазынашылық басқармасының басшысы болып еңбек етіп келеді.
Білікті маманның еселі еңбегі елеусіз қалмаған, жоғары басшылық тарапынан көптеген Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен марапатталып, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен наградталған. Аудан экономикасына, шаруашылығына сіңірген мол еңбегі үшін оған «Ескелді ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген.
Алмагүл Мағданқызы Айгүл және Әсел атты екі қыздың анасы. Айгүлі өз жолын қуып, қаржы-экономика саласына маманданған, аудандық білім бөлімінде экономист болып қызмет етеді. Әсел Мағдан атасының ізімен жүріп, педагог мамандығын алған екен, Қонаев атындағы университетте оқытушы болып ұстаздық етуде.
–Мен өз тағдырыма, өміріме ризамын, – дейді Алмагүл Мағданқызы. – Қандай қиындықтарды бастан кешірсем де, жанымда сүйікті ата-анам, аға-іні, сіңлілерім, ұжымдас-қызметтес дос-жарандарым болды. Солардың қолдау-көмегімен еңбек жолымда көп жетістіктерге жеттім, талай асуларды бағындырдым. Қарап отырсам, сонау 17 жасымнан бастап, бүкіл саналы ғұмырым тек жұмыспен өткен екен. Енді, міне, өмірімнің осы кезеңін қорытындылайтын, көп жылғы еңбектің зейнетін көретін шақ та келіп жетті. Алла жазса, ендігі бос уақытымды өзімнің үлкен қуанышым, жүрегімнің қазынасы немерем Амираның тәрбиесіне арнасам деймін. «Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай атамыз айтқан емес пе?!
Ескелді аудандық қазынашылық басқармасында мен Алмагүл Мағданқызымен 24 жыл бірге еңбек етіп келемін. 2000 жылы Жетісу мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітіріп, осы қазынашылық басқармасына жұмысқа келген кезден бастап, Алмагүл апай мені өз қамқорлығына алып, еңбек жолымдағы тамаша тәлімгерім болды, қатардағы маманнан бастап, қазіргі басқарма басшысының орынбасарлығына дейінгі жолды мен сол кісінің қанатының астында жүріп өттім. Осы уақыт ішінде біздің басқарма Алмагүл Мағданқызының басшылығымен тек алға басып, дамып отырды, еліміздің экономика, қаржы, бухгалтерлік есеп саласында болып жатқан жаңалықтардың ешқайсысы бізді айналып өткен жоқ. Ол сондай еңбекқор, өте жауапты, талап қоя білетін және сонымен бірге аса қайырымды жан, ұжымымыздың әрбір мүшесіне қамқор болып жүреді. Қандай шаршап, қиналғанда, тіпті ауырып тұрса да, ол кісі әрдайым жұмыстың, қарамағындағы адамдардың қамын ойлап отырады.
Міне, өз өмірінде осындай білікті маман, білгір басшы, мейірімді ана, қамқор әпке-қарындас бола білген Алмагүл Мағданқызына біз бүгін мың алғыс айта отырып, денсаулығыңыз мықты, өміріңіз бақытты, болашағыңыз баянды болсын, отбасыңызда құт-береке салтанат құра берсін дегіміз келеді.
Айжан Киялбекова