МЕДИАЦИЯ МАҚСАТЫ — ОРТАҚ МӘМІЛЕ

Халқымыз ежелден тура сөзге тоқтаған, ел мен ел арасын бір ауыз сөздің құдіретімен бітістіре білген шешен де дана халық. Бабалардан қалған дауды өзара бітімгершілікпен шешу дәстүрі бүгінде қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен қолданылып келеді. «Медиация» деген заманауи атаумен аталатын тараптарды мәмілеге шақыру әдісі біздің халқымызда би-шешендердің институтынан бастау алады.
Тараптар арасында даулы мәселелер туындаған кезде бірден соттың төрелігіне жүгінбей, медиацияның мәмілеге шақыру функциясына мойын бұрар болса, бұл дауласушы тараптардың қай-қайсысы үшін де дұрыс шешім болмақ. Себебі медиация арқылы тараптардың татуласуы кезінде уақыт үнемделеді, мемлекеттік баж секілді шығындар шықпайды, екі тарапқа да ұтымды тұстары көп.

Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы — қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігі және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол тіпті айларға созылуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп жағдай ушыға түседі. Бұл ретте медиацияға қатысушы тараптардың еріктілігі мен жеделдетілген шараның бейресмилігіне қатысты ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады. Медиацияны еліміздегі барлық салада дамытуға көңіл бөлініп келеді. Әсіресе дау шешуде татуластыру рәсімдерінің орны бөлек. Бабалардан қалған дауды өзара бітімгершілікпен шешудің тамаша тәсілдері замануи заңдарымызда да көрініс тапты. Осыған орай, сот сотқа жүгінушілерді заң аясында татулыққа шақыруда. Қазіргі таңда дамыған елдердің бәрінде дауды шешудің әртүрлі әдістері белсенді енгізіліп жатыр, соның ішінде медиация ерекше және басым орын алып отыр, осылайша даулардың 80-90 пайызы сотқа жеткізілмей, медиация арқылы шешіледі. Медиация туралы заңның аты бөлек болғанымен, біздің халқымыз оны бұрыннан қолданып келеді. Олай дейтініміз, қазақ үшін бітімгершілік — билік айтудың ең озық өнегесі саналады. Дана билеріміз, атап айтқанда, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер дау атаулыны бітімгершілік жолымен бітіріп отырған. Мұндағы мақсат елдің бірлігін сақтау, сол арқылы халықты татулыққа үндеген. Қазіргі заңдарымызда бұл норманың жандануы мемлекетіміздің тұтастығын нығайтуда үлкен рөл атқарады. Билер соты дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан билік институтын құқықтық нормаларды реттеудегі озық үлгісі десек, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің басты мақсатымыз.
Медиация – бұл қажетті институт, өйткені біздің қазіргі мемлекет барлық қолданыстағы салаларда белсенді дамып келеді. Тәжірибе көрсеткендей, медиация институты өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеп, даулар мен жанжалдарды шешудің танымал құралына айналды. Сонымен қорыта келгенде сотқа жүгінген әрбір тарапқа істі медиация тәртібінде аяқтауға шақырамыз.

Гульжазира САДАБАЕВА ,
Ескелді аудандық
сотының төрағасы