ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНА ҚАТЫСУШЫ – АРАМЫЗДА

1986 жылғы 16-17 желтоқсанның ызғарлы күндері Алма-тының ғана емес, еліміздің басқа да қалаларына да шарпуын тигізді. Ол кезде біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Бизада Қизатаева небәрі 16-17 жастағы өрімдей қыз еді. Шалғай жер Өскемен қаласынан арман қуып келген жастардың бірі болды. Жаңа оқу орнына келген ол бірден жаңа ортаға бейімделіп кетті. Жаңа таныс, курстастарының арасынан Желтоқсан оқиғасына қатысып, соның құрбаны болған Сәбира Мұхаметжановамен де танысты. Екеуі бір бөлмеде тұрып, студенттік қызық өмір басталды. Ата-анадан қашықта студенттік өмірдің ыстық-суығы өтіп жатты.
1986 жылдың суық-ызғарлы қысы да қылышын сүйретіп жеткендей болды. Қамсыз жүрген жас бойжеткен-бозбалаларды еліміздің басшысының аяқ асты ауысқаны туралы, басқа да қалаларда жастардың көтеріліске шығып жатқаны елең еткізді. Елінің ертеңіне деген алаңдаушылық, жастардың орталық алаңға шығуына себеп болды. Естен кетпес, жүректеріне жазылмас жара салған кезеңнің басталғанын олар білмеген еді. Басқа да группаластарымен бірге Бизада мен Сәбира алаңға шықты.
Сол кездің қатал тәртібі бойынша қыздардан жауап алынып, ақылға қонымсыз жалалар жабыла бастады. «Сол бір күні алаңға өз еркімізбен, бейбіт шеруге, өз ойымызды көпшілікке білдіруге шықтық» деп бәріміз бір ауыздан мойындадық. Алыстағы шалғайдан ата-аналарымыз шақырылып, оқудан шығару туралы жұмыстар да басталып кетті. Күнде жиын, күнде сөгіс, жас бозбала-бойжеткендерге оңай болмады», – деп Бизада сол күндерді еске алды: «Осы қысымшылықтың бәрі менің құрбым Сәбираның өзінің өмірін қиюымен аяқталды», – деп әңгімесін жалғастыра отырып көзіне жас алды.
Иә, жас жүректерде жазылмас дерт мәңгіге орнығып қалды. Міне, содан бері қанша жыл өтсе де, жан жарасы жазылар емес. Әр келген желтоқсан айы біздің кейіпкеріміздің ғана емес, өзге де желтоқсандықтардың өткен өмірін көз алдына әкеліп отырады.
Қазіргі уақытта Бизада Қизатаева Мичурин атындағы негізгі орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Ол – мектебіміздегі беделді ұстаз. Өз тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, олардың еліміздің бетке ұстар ұстаз болуларына үлес қосуда.
Қазір біз олар армандағандай тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Егемен ел болуды көздеп, жігерлілігін танытқан намысты жастардың 33 жыл бұрынғы ерлігі ұмытылмақ емес. Қайрат Рысқұлбеков бастаған желтоқсандықтардың ерлігі жас ұрпаққа өнеге. Ал Бизада Қизатаева есімді бүгінгі күннің қайраткерін жас ұрпаққа таныту – біздің міндетіміз.
С. АХМЕТОВА,
Мичурин атындағы негізгі орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары.