Мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер

Әрбір мемлекеттің даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлесі ерекше. Өйткені, еліміздің саяси — экономикалық жағдайының тұрақтылығы мен қоғамдық қатынастардың қалыптасуы мемлекеттік қызметке тікелей байланысты. Сол себепті, заман талабына сай мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалар да тұрақты жетілдіріліп, өзгерістер енгізіліп тұрады.
Соңғы енгізілген өзгерістер мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен босату тәртібін оңайлатуға бағытталды. Енді үлгерімі жоғары түлектер мемлекеттік қызмет саласына конкурссыз түсе алар мүмкіндікке ие болды. Бұл өз кезегінде білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, жас мамандардың аудандар мен ауылдық өңірлерге оралуына, сондай-ақ, өңірлердегі кәсіби кадрлар тапшылығын жоюға ықпал етіп, мемлекеттік қызметке кіру үдерісін жеңілдетеді.
Тағы бір жеңілдік. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқуын жақсы нәтижемен аяқтаған тұлғалар бір жыл ішінде конкурссыз белгілі бір әкімшілік лауазымдарға орналаса алады.
Ол үшін, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында және білім беру ұйымдарында оқуды аяқтаған адамдарға оқыту нәтижесінің мәндері белгіленді. Мәселен, тиісті академиялық нәтиже 3,33 GPA, яғни, дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» немесе 100 балдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде болуы керек.
Айта кетерлік тағы бір өзгеріс, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңнамаға «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы енгізілді. Өйткені, Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында келісімшарт жасаушылар институтын енгізуді ерекше тапсырған еді. Олар мемлекеттік қызметкерлер санатына жатпайды. Нәтижесінде, бұл толықтырулар салалық жобаларды іске асыру кезеңінде бейіндік білімі бар мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды.
Тағы бір игі ақпарат – ротациялық төлемнің енгізілуі. Мәселен, өзге елді мекенге ротациялау кезінде мемлекеттік қызметшілер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, ал қызметтік тұрғын үй болмаған жағдайда, ротацияланған мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде олардың мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару қағидаларына сәйкес, ротациялық төлемдер жүргізеді.
Бұдан бөлек, Агенттікке мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтықтан жұмыс істеу, аралас қашықтықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу жөніндегі өкілеттілік ұсынылды.
Осы уақытқа дейін, мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен кез келген мемлекеттік қызметші оқуын тәмамдаған соң сол органда жұмыс істеуі міндетті еді. Яғни, бір жыл ішінде қызметкер басқа мемлекеттік органға ауыса алмайтын. Осыған байланысты аталған талап жойылып, академия түлегі мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс істеуі керек деген талап қалдырылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппаратымен келісім бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің басшы және атқарушы құрамының арақатынасын айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі функциялар да енді Агенттікке тиесілі. Қолданыстағы редакцияға сәйкес, әрбір мемлекеттік органның өзі өзінің штаттық кестесін бекітеді. Алайда, басшылар мен орындаушылардың саны реттелмеген. Нәтижесінде, кейде бөлімнің бір басшысына тек бір немесе екі орындаушы бөлінетін жағдайлар орын алып жатады. Кейбір мемлекеттік органдарда басшылардың саны орындаушылардан асып түсетін жағдайлар да кездеседі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін басшылар мен орындаушылар саны Агенттіктің бұйрығымен реттелетін болады.
Тағы бір өзгеріс, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын Агенттікпен келісу. Заңның қолданыстағы редакциясына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі мен оларға бонустар төлеу тәртібін Үкімет бекіткен. Оны Ұлттық экономика министрлігі әзірледі. Енді Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру саласында бірыңғай саясат жүргізу мақсатында Агенттікпен еңбекақы төлеу саласындағы актілерді келісу қажет.
Міне, мемлекеттік қызмет саласы да айтарлықтай өзгерістерді басынан өткеруде. Мұндағы негізгі мақсат – халыққа адал қызмет ететін кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болып табылады.

Қ.Т. Манап,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы
бойынша департаментінің басшысы