Бәрімізге белгілі, МӘМС есебінен «Сақтандырылған» мәртебесі бар әр азамат жергілікті емханадағы дәрігер қабылдауынан бастап, құны миллионнан асатын жоғары технологиялық мамандандырылған көмекке дейін тегін көрсетіледі. Бұрын тек республикалық деңгейдегі емханаларда жасалатын қымбат оталар қазіргі таңда Жетісу облысының 4 ауруханасында көрсетіледі. Олардың бірі Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана. Бір жыл ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек санын екі есеге көбейткен емхананың басшысы Анарбек Монголханұлы МӘМС жүйесі енгізілген соңғы үш жылдағы медицина саласының өзгерістері туралы айтып берді.
- Медицина саласындағы өзіңіздің көпжылдық тәжірибеңізге сүйене отырып МӘМС жүйесінің тиімділігі туралы айтып берсеңіз…
- Медицинадағы 18 жылдан астам тәжірибемнің арақасында, еліміздің денсаулық сақтау саласының үш рет реформалануын басымнан өткіздім. Олардың ішінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудегі ең басты маңызды қадамдардың бірі болды деп есептеймін. Клиникалық қызметімнің алғашқы жылдарындағы ауруханалардың техникалық базасын, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуін қазіргі күнмен салыстыруға келмейді. Қазір бәріне еш кедергісіз қолжетімді, тіпті үйреншікті болып қалған жоғары технологиялық медициналық көмекті 2009-2010 жылдары елімізге енгізу алғаш қолға алынған кезде, шет елдерге тәжірибе алмасуға барған дәрігерлердің қатарында болдым. Осылайша әлемнің ең озық мамандарының емдеу әдістері біздің медицинаға ақырындап енгізіле бастады. Бұл жұмыс қазіргі күнге дейін жүргізіліп келеді. МӘМС жүйесінің арқасында бүгінгі күні жоғары технологиялық медициналық көмек халыққа қолжетімді бола түсті. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұрын медициналық көмекті қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен болатын. Әр медициналық ұйым бірнеше жылдарда атқарған жұмысын сараптап, статистикаға жүгіне отырып келер жылғы бюжетін қорғайтын. Ал қазір демократиялық мақсатта, бәрі ашық түрде электроннық порталда сатып алу шарты арқылы жүргізіледі. Жүйенің халық үшін тиімділігіне келер болсақ. Мен жиырмадан астам елде тәжірибе алмастым, медициналық көмек көрсету принциптерімен таныстым. Барлық жерде сақтандыру жүйесі бар. Бірақ бәрі әртүрлі. Мысалы, Оңтүстік Кореяда медсақтандырусыз ешкім өмір сүрмейді. Ол бәріне міндетті болып табылады. Бірақ сақтандырудың 60%-н сақтандыру компаниясы төлесе, 40%-н азаматтың өзі төлейді. Егер адам белгілі бір аурумен тіркеуде тұрып, бірнеше рет жоспарлы тексерулерге келмей, хабарсыз кетіп, кейін сырқаты асқынып ауруханаға түскен жағдайда көрсетілген медициналық қызмет құнын өз қалтасынан төлейді. Яғни адамның денсаулығына бірінші кезекте өзі ғана жауапты. Біздің медициналық сақтандыру жүйесінің басқа елдердегі жүйеден ең басты айырмашылығы әлеуметтік бағдарында. Пациенттер әлеуметтік және экономикалық жағдайына қарамастан бірдей медициналық көмек көлемін алуға құқылы. Жоғары технологиялық оталарды қоса алғанда барлық көмек шұғыл жағдайда тегін көрсетіледі, ал жоспарлы түрде МӘМС аясында көрсетіледі. Заңмен бекітілген жеңілдік санатына кіретін адамдар үшін бәрі мемлекет есебінен. Қазіргі таңда біздің ауруханада 7-8 түрлі жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Оның ішінде травматология, ортопедия, урология, нейрохирургия салалары бойынша. Былтырдан бері емдеу құны 3,5 миллионнан 5,5 миллионға дейін жететін интревенциялық нейрохирургия өте қарқынды дамып жатыр. «Сақтандырылған» статусы бар кез-келген азамат осы қызметтердің бәрін медициналық көрсеткіштеріне байланысты қалтасынан артық шығын шығармай ала алады. Тіпті жұмысы жоқ азамат ресми түрде тіркеліп жеңілдік санатына кіріп сақтандырылған бола алады. Осының өзі үлкен мемлекеттік қолдау. Біз алдымызға келген пациенттерге бірінші кезекте МӘМС жүйесіндегі мәртебесін сұрап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сенімсіздік танытатын пациенттерде болады, бірақ қарапайым диагностикадан бастап, күрделі оталарға дейін тегін жасатып, артынан керек болған жағдайда тегін реабилитациядан өтіп емінің нәтижесін көргенде жүйенің тиімділігін түсініп жатады.
- Жиырмадан астам елдің медициналық сақтандыру жүйесімен таныстым дедіңіз, олардың ішінде біздің МӘМС жүйесіне ұқсасы бар ма? Біздегі жүйе несімен ерекшеленеді?
- Тәжірибе алмасқан елдерде дәл біздікі сияқты халықтық әлеуметтік- экономикалық жағдайына бейімделген жүйе көрген жоқпын. Тіпті практикамда шел елдерден біздің жүйе туралы естіп, елімізге келіп ыхтияр хат алып МӘМС жүйесіне 42 000 теңге көлемінде жарна төлеп емделуге келетін адамдарды да көрдік. Себебі шет елдерде бізде сақтандыру арқылы тегін жасалатын отаны оңайлықпен ала алмайсың. Ал біздің жүйеде ең қарапайым аппендициттан бастап, жүрекке, буынға, омыртқаға жасалатын жоғары технологиялық оталарға дейін еш кедергісіз жасата алады. Одан бөлек емханада деңгейіндегі консультативті-диагностикалық көмек, оның ішінде КТ, МРТ, қажетті анализдер, стационарлық жағдайдағы реабилитация, жыл сайын өтетін скринингтік тексерулер және басқа да түрлі деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек қала тұрғындарына да, ауыл тұрғындарына да бірдей қолжетімді. Бұл жердегі ең маңызды мәселе, әр азамат МӘМС жүйесіндегі өзінің құқықтарын біліп, «пациент маршруты» деген ұғым бар, соны біліп түсініп жүрсе, жүйе заң аясында жақсы жұмыс істейтініне көзжеткізе алады.
- МӘМС жүйесін енгізгенге дейін денсаулық сақтау саласы қандай болды, қазір қандай өзгерістер бар?
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін денсаулық сақтау бюджеттік қаржыландыру шеңберінде жұмыс істеді. Қазір бәріне қолжетімды медициналық қызмет квота арқылы тек жекелеген әлеуметтік осал топтарға тегін көрсетілетін. Мысалы, күрделі отаға мұқтаж пациент емханадан қажетті зерттеулерден өтіп, қорытындыларын алып денсаулық сақтап департаментіне барып құжаттарын өткізіп, сырқаты бойынша ота жасайтын медициналық мекемеге кезекке тұрады. Жылдап кезек күтетін жағдайлар болған. Квоталар санаулы болатынын да ескере кету керек. Ал қазір, МӘМС жүйесінің енгізілуімен емханаларда қосымша қаражыландыру пайда болып мамандар дайындап, керекті құрал жадбықтарды сатып алып пациенттерді басқа қалаларға жібермей осы облыс аумағында мүмкіндігінше сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп отырмыз. Ең басты талап пациенттің сақтандыру статусы болуы және сол медициналық көмекті алуға медициналық көрсеткіштері болуы керек. Әрі қарай керекті анализдер, диагностикадан тегін өтіп, емханаға жатқызу бюросы арқылы тіркеліп белгіленген күні таңдаған ауруханасынан ем алуға мүмкіндік бар.
- Халық ұзақ кезек күту туралы шағымдарын айтып жүйені сынға алып жатады. Осыған байланысты не дейсіз?
- Жүйенің іске асып жатқанына 3 жыл болды. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерін жоғарыда айтып өттім. Жүйе әлі де даму үстінде. Сонымен қатар ауруханалардың ұйымдастырушылық жағы жетілдіруді талап етеді. Дұрыс басқарудың арақасында мамандар санын көбейтуге, медициналық қызметтің түр-түрін енгізіп соған сай құрал жабдықтар алуға мүмкіндік туып отыр. Оның бәрі көрсетілетін қызметтің сапасын көтеруге және халықтың оң бағасын алуға үлкен септігін тигізеді. Оған медициналық ұйымдар да мүдделі. Қазіргі таңда әрбір ауруханада пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. МӘМС үшін жарналар төлеп отырғаннан кейін азаматтар сапалы, уақытылы ем алуды талап ете алады. Осылайша, медициналық көмекке немесе дәрігерге көңілі толмаған емделушілер өздерінің шағымын, ұсыныстарын қалдырып, ресми жауап ала алады. Әрбір негізді шағым, пациент пайдасына шешіледі. Арнайы мамандар паценттердің құқығын қорғауға әрдайым дайын екенін айта кеткен жөн.
- Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!