Түлектер – мектеп мақтанышы

Грек ойшылы Протагор: «Барлық заттың өлшемі – адам» деген екен. Адамзаттық тұрғыда, мемлекеттік деңгейде қарастырсақ та адам – басты құндылық, елдің негізгі қуаты.
Қоғамға сапалы, саналы адам ұсыну – ата-ана мен ұстазға ортақ жауапкершілік. Отбасы мен мектептен алған тәрбиесі мен білімін бойына сіңірген жас – елінің сенімді ертеңі. Жыл сайын еліміздегі әрбір білім ордасы он бір жыл баптаған қарлығаштарын алтын ұясынан ұшырады. Бүгінде мектеп бітіруші жас үшін ҰБТ – жарқын болашаққа бастайтын көпірдің бірі. Оқушы, мектеп, ата-ана үштігінің еңбегі осы сәтте сынға түсетіні анық.

Мектептің оқу жоспарына сай пән мұғалімдері мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға жүйелі түрде дайындады. Оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында қосымша сабақтар өткізіліп, тиімді әдіс-тәсілдермен қатар bilimland, daryn.online электронды білім беру платформалары қолданылды.
2022-2023 оқу жылы Қоңыр орта мектебі үшін жемісті де жеңісті жыл болды. Себебі мектептен ұшқан түлектердің үшеуі: Берліқожа Алуа, Оразбай Ақнұр, Смағұл Санжар «Алтын белгі» төсбелгісін ақтап шықса, бітірушілердің ҰБТ-дағы ортақ баллы 78-ді құрады, бұл – өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Бітірушілердің 90 %-ы жоғары оқу орнына мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, мектеп мерейін өсірді.
Ата-ана мен ұстаздың ынтымақтастығы – кемел елдің тұтқасы саналатын жастың мызғымас іргетасы.

Индира Мухамеджанова ,
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Қоңыр орта мектебі