Ұстаздық қызмет – ұлы құрмет

Мұғалім ардақты ұмытылмас,
Өзіме бала күннен үні сырлас.
Нәр алып алғашқы рет сол ұстаздан,
Арманның асқарына ұмтылған жас!
Н. Әлімқұлов

Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көзінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз – баланы адам қылып тәрбиелеп, жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға. Жан жылуын, бар білімін баланың бойына сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге білімді азамат болып аттануына зор үлес қосатын мейірбан жүректі ұстаздарымыз аз емес. Сондай ұстаздарымыздың бірі әрі бірегейі Жетісу облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі мемлекеттік мекемесі Жаңалық негізгі орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Жандильдинова Салтанат Жұмағалымқызы мен бастауыш сынып мұғалімі Медетбекова Маржан Сайлауқызы.
Мектебіміздің абыройын асқақтатып, жалпы бала тәрбиесіне, білім беру ісіне асқан құлшыныспен кірісіп, үнемі еңбектеніп жүретін ұстаздарымыздың әр ісінен шығармашылықты, жоғары педагогикалық білік пен ізденімпаздықты көруге болады. Әрқашан әдістемелік шеберлігін шыңдап, оқу үрдісінде жаңа технологияларды енгізуде өзіндік жүйе қалыптастырып отыратын ұстаздарымыздың жеткен жетістіктері өте көп. Атап айтсақ, Жандильдинова Салтанат Жұмағалымқызы аудандық, облыстық, Республикалық «Дарын», «Тарих ата», «Жас тарихшы» олимпиадаларына шәкірттерін дайындап бірнеше жүлделі орындарға ие болды. Маржан Сайлауқызы жетекшілік еткен оқушылар Халықаралық «Пони», «Ақбота» Республикалық «Абай оқуларына» қатысып І, ІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
Дұрыс тәрбие балаға өмір бойы азық. Ал, оған дұрыс та жүйелі тәрбие беретін екінші ана — ұстаз. Ұрпақ тәрбиесі секілді ұлы міндет жүктелген мектептегі мерейлі істердің барлығы мұғалімдердің ерен еңбегі деп білеміз. Білім ордасының мерейін асырып, жас ұрпаққа білім беру жолында аянбай еңбектеніп жүрген ұстаздар қауымы әрдайым еңбектеріңіз жанып, осы бір ұрпақ алдындағы ауыр міндеттеріңіздің ылғи да жемісін көре беріңіздер дегім келеді!

Қ. Ш. Умарова
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары