ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ – ҰЛТ МЕРЕЙІ

Ұстаз…Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып,құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі -Ұстаз.
Ұстаз! Осынау қастерлі де қасиетті атқа лайық мамандар көп болса, Қазақ елінің болашағы жарқын. Кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаздар ғана намысшыл ұрпақ, білімді оқушы тәрбиелесе, ол – мемлекетшіл тұлға қалыптастырудың алғышарты.

Осындай қасиетті де, биік атқа лайық Ұстаз деп, өз ұстазымды, жерлес ағамызды Есдаулетов Қуат Райқұлұлын атап айтқым келіп отыр.
Бір қолына әлемнің барлық ілімі мен білімін, бір қолына оқушының санасы мен жүрегін ұстаған ұлағатты ұстаз. Ұстаз деген ұлы мамандықтың туын жықпаған, 37 жылдан астам еңбек өтілін мектеп қабырғасында өткізген, ұстаздардың ұстазы – Есдаулетов Қуат Райқұлұлы.
Қуат Райқұлұлы 1964 жылы 8 сәуірде , Талдықорған облысы,Талдықорған ауданы,Тельман ауылында дүниеге келген.
Гурьев педагогикалық институтың 1985 жылы аяқтап, өз туған мектебіне оралып ,осы күнге дейін өз мектебінде еңбек етіп келді. Физика пәні мұғалімі ретінде еңбек жолын бастаған жас ұстаз өз шығармашылдығымен, еңбекқорлығымен 1989 жылдан бастап мектеп директоры лауазымына тағайындалды.Еңбек жолының 34 жылын ,ұжымды басқарып келді.
Қуат Райқұлұлы өз ісіне шығармашылықпен қарап, сабақ өту әдісін жетілдіруде тынбай еңбек еткен жан еді. Ол адал еңбегімен, ынта жігерімен, ізденімпаздылығымен, шәкірттерге танылған, көпшілікке үлгі етер ұстаз. Мектепішілік үлестеріне қоса, Қуат Райқұлұлы «Елінің елеулісі,халқының қалаулы» азаматы деп айтсақ артық болмас.Оған себеп, Қуат Райқұлұлы Ескелді ауданы бойынша мәслихат депутаты ретінде Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуына, әлеуметтік – экономикалық өсіп – өркендеуіне өз үлесін қосып,бар күш жігерін, білімін, көп жылдық тәжірибесін халық мүддесіне жұмсап келді
«Басқару-адамтану, адамның күрделі және қызықты,рухани жан дүниесіне үніле білу. Басқарушылық шеберлік пен басқарушылық өнер-даналықты жүрекпен ұға білу» деп ұлы В.Сухамлинский айтқандай
Қуат Райқұлұлы әріптестерінің жан дүниелеріне үніле білген, жанашыр , сонымен қатар шебер басқарушы, мықты басшы болып келді.
«ҚР Білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Республикасын мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі,елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Шапағат» медалі, Ескелді ауданының «Құрметті Азаматы» атағын иеленген. «Жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары және облыстық білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін» талай « Құрмет грамотасымен», «Алғыс Хаттармен» марапатталған.
Ата-аналар, әріптестері, оқушылары Қуат Райқұлұлының жылдар бойы сіңірген еңбегін,мектебім,ауылым деп соққан жүрегін, адал еңбегін ешқашан ұмытпайды. Ауыл тарихына алтын әріппен жазылып,мәңгіге есімізде сақталып қалатынына сенімім мол,өйткені үлкенге құрмет,кішіге ізет көрсете білген, білімді Ұстаз,басшы,әріптес,ауылдас ағамыздың салып кеткен үлкен, сара жолы талай жастарымыз үшін үлгі болмақ.
Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары мол әлі сыртқа шашпаған,
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай жақсы шын бақытын тапса адам…

Ж.Жанталиева ,
«Жетісу облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Ж.Жақыпбаев атындағы орта мектебі» КММ әдіскері