Сібір жарасы ауруының белгілерімен алдын алу шаралары

Сібір жарасы (түйнеме) – зооноз тобындағы жедел жұқпалы ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, өте сирек ішектік, өкпелік және сепсистік формада өтуі мүмкін.
Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді, қозғалмайтын аэробты бактерия. Бұл бактериялар адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімділік танытып, қоршаған ортада ондаған жылдарға дейін сақталады.
Сібір жарасын адамға жұқтырушы көз – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбінесі жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.
Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы. Ауру көбінесі тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Дененің ашық жерлері зақымдалады.
Қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атаймыз. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көміртәрізді көрінеді. Сондықтан оның аты грек тілінен аударғанда «anthax – көмір» деген мағынаны білдіреді. Оның айналасында сезімдалдық мүлде болмайды.
Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықанады. Карбункулдың ең көп ораналсатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден, 39-40ºС дейін көтеріледі.
Үрдістің сепсиске ұласуы қоздырғыштың тыныс алу, асқазан ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік формада оның сепсиске ұласуы сирек кездеседі.
Адамда ауру 90-95% дейін терілік формада болады. Терілік форма 80% жағдайда жеңіл түрде, 20% ауыр түрде өтеді. Дер кезінде емделмеген немесе кеш емделген терілік түрде өлім 5% дейін жетеді. Ішектік формада ауру ауыр уланумен, геморрагиялық энтероколитпен көрініс береді, үрдіс аз уақытта сепсиске ұласады. Өкпелік түрінде ауыр геморрагиялық плевропневмония дамиды. Өкпелік-ішектік формаларында өлім 80-100% дейін жетеді.
Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіліп медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.
Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы – жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу үй жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында Сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн.
2023 жылдық жоспарға сай Ескелді ауданы бойынша 47300 — бас МІҚ, 169500 — бас ҰММ, 14600 — бас Жылқы, 1100 — Шошқа, 40 – бас Түйе малын сібір жарасына қарсы егпе жұмыстарын «Жетісу облысының ветеринария басқармасы» ММ-нің «Ветеринариялық пункттері бар Ескелді ауданының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК-ның ветеринарлық дәрігерлері жүргізуде.
Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау – дерттің кең етек жайюына себепші болып, мұның салдарынан адамдар Сібір жарасына шалдығатынын естерінен шығармаса игі болар еді. Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды.
Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.


Мөлдір Уалиханқызы,
Ескелді аудандық аумақтық
инспекциясының бас маманы