2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жетісу облысы бойынша филиалына 200-ден астам өтініш пен шағым келіп түсті. Алайда өтінім берушілердің үштен бірі шағымдарын қайтарып алады. Әлеуметтік желілерде шағым қалдыру туралы айтсақ, бұл ресми байланыс арнасы болмағандықтан, Қор мамандары мұндай хабарламалар негізінде тексерулер жүргізе алмайды. Осыған орай, тиісті шаралар қабылдануы үшін азаматтардан ресми сауал жолдауын сұраймыз.
2023 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымға дейін Қордың CRM жүйесіне 1406/1414 Call-орталығы, Qoldau 24/7 мобилді қосымшасы, Қордың fms.kz сайты, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot ресми байланыс арналары арқылы 201 өтініш келіп түсті.
Арыз-шағымның басым бөлігі медициналық көмек көрсетуге, медициналық көмектің сапасыз көрсетілгеніне, көмек көрсетуден, дәрі-дәрмектерді беруден бас тартқан жағдайларға қатысты. Айта кетерлігі, ең көп шағым Талдықорған, Текелі қалаларының, Панфилов, Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Қаратал, Алакөл аудандарының тұрғындарынан келіп түскен.
Сарапшылар ресми түрде шағым түскен соң, осы факт бойынша жоспардан тыс мониторинг жүргізеді. Қорда атап өткендей, шағымның үштен бірін өтінім берушілер кері қайтарып алған.
«Әдетте, Қор қызметкерлері мониторинг жүргізуге кіріскен кезде медициналық ұйым пациентке хабарласып, оған қажетті медициналық көмек көрсетеді. Кейбіреуі тексеруден қашып, азаматтардан шағымын кері қайтарып алуын сұрайды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес, өтінім беруші сұрауына шешім қабылдағанға дейін шағымын қайтара алады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайда, біздің сарапшылар жұмысқа кіріскенімен, одан әрі іс-шараларды тоқтатуға тура келеді», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов.
Пациенттер медициналық көмек алу кезінде тағы да қиындықтарға тап болып, қайта өтінім берген жағдайлар кездеседі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде шағымдарды жариялау жағдайлары жиілеп кетті. Алайда әлеуметтік желілер ресми байланыс арнасы болып саналмайды. Сол себепті мұндай арыз-шағымдар бойынша Қор мамандарының қандай да бір шара қолдануға құқығы жоқ.
Осыған байланысты азаматтарды өтініш-шағымдарын келесі байланыс арналарына қалдыруға шақырамыз:
o Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
o fms.kz ресми сайты
o Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
o 1414 байланыс орталығы
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Жетісу облысы
бойынша филиалы