Қазақстанның барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, сондай-ақ Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстаннан келген қонақтар 4 күн бойы «Bir Tolqynda» диалог алаңдарының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысады.
Осы жылдың шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде, «үш зұлым күшке»: трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігіне және экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға назар аударды.
«Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, лагерьдің басты мақсаттарының бірі – Мемлекет басшысының ШЫҰ кеңістігіндегі бастамаларын ілгерілету, халықаралық жастар ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ жас ұрпақтың саяси және шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау.
💬«Ең алдымен, Қазақстан Президенті белгілеген күн тәртібіне сүйене отырып, біз басқа елдердің жастар белсенділерімен коммуникациялық байланысты нығайтамыз. Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану және олардың күш-қуатын қазіргі жағдайды жақсартуға және сенімді болашақты қалыптастыруға бағыттау маңызды», — деді ол.