МӘМС аясында балаларды оңалту

Талдықорған қаласында, Қаратал өзенінің бойында Күншуақ балалар оңалту орталығы орналасқан. Бүгінгі таңда ол — тыныс алу мүшелерінің аурулары бар балаларды оңалтатын өңірдегі бірден бір орталық.

2020 жылдан бастап медициналық оңалту МӘМС есебінен көрсетілетін медициналық қызметтер тізіміне енгені баршаға мәлім. Сол уақыттан бастап оңалту қызметтерін қаржыландыру он есе өсті.

МӘМС енгізілгеннен кейінгі оңалту саласындағы өзгерістер туралы «Күншуақ» орталығының директоры Нұртас Әкімбеков айтып берді.

«Біздің орталықтың қызмет көрсететін аумағына 200 мыңға жуық бала тұратын Талдықорған мен Текелі қалаларын қоса алғанда, Жетісу облысының барлық аудандары кіреді. Оңалту орталығы 75 орындық.. Бізде тәулік бойы стационар жағдайында 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар сауықтыру емінен өтеді. Бүгінгі күні аллергиясы бар балалар саны артып келеді, бұл көбінесе бронх демікпесіне айналуы мүмкін обструктивті синдромы бар бронхиттердің пайда болуына әкеп соғады, бұл өте қауіпті. Аурудың өршуінен кейін әр балаға сыртқы тыныс алу функцияларын толық қалпына келтіруге мүмкіндік беретін уақтылы оңалту қажет, дәрігерлердің нақты алгоритмінің арқасында баланың жалпы жағдайы жақсарады», — деп ой бөлісті.

Емдеу-диагностикалық іс-шараларды жүргізу үшін орталықтың өз бейініне сәйкес арнайы жабдықталған диагностикалық және емдеу кабинеттері бар: физиотерапиялық, емдік гимнастика және емдік дене шынықтыру залы. Тұзды шахтада емдеу процедуралары бар, биоптрон, электрофорез, оттегі коктейлі, УФО. Термотерапия бөлімінде Шарко душы, ыстық ванна, фитобочка түріндегі термотерапия бар.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы оңалту қызметтерін қаржыландыру көлемі ұлғайды. 2020 жылы 31,8 млн теңге бөлініп, 330-дан астам бала емделді, 2021 жылы 84,3 млн теңге бөлініп, 810-нан астам бала оңалтудан өтті, 2022 жылы 100,2 млн теңге бөлініп, 950-ден астам бала орталыққа жүгінді. 2023 жылы МӘМС аясында қалпына келтіру медициналық қызметтеріне 137,2 млн теңге қарастырылған және өткен 8 айдың өзінде орталыққа 672 бала келді», — дейді директор Нұртас Әкімбеков.

Реабилитациялық орталықтың жабдықталуына тоқталсақ. 2020 жылы оттегі коктейлін, биоптронды, электрофорезді, Шарко душын және ыстық ванналарды, фито — бөшкелерді дайындауға арналған аппарат сатып алынды. Сондай-ақ, тұзды бөлме жасалды. 2021 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған швед қабырғасы бар емдік дене шынықтыру залы, механикалық массаж креслосы, жүктеме арқылы тестілеуге арналған Тредмил аппараты, стационарлық велосипедтермен жабдықталды.

Осылайша, 2022 жылдың басында орталықтың медициналық жабдықталуы 41% құраса, жыл соңында 73% -ке жетті.

Директордың айтуынша, оңалту ауруханаға жатқызу бюросының жолдамасы бойынша, ал төлем МӘМС есебінен жүргізіледі. Оңалту көмегін пациенттер тұратын жеріне және медициналық ұйымға бекітілуіне қарамастан алады:

«Қазіргі таңда өкпе ауруы бар әр баланың сапалы, ең бастысы тиімді ем алуға мүмкіндігі бар. Ал осы жылдан бастап бізде жүйке жүйесі мен сезім органдарының ауруы, жеңіл дәрежедегі сал ауруы және «Скалиоз» диагнозы қойылған балаларды оңалту қызметтері бар. Орталықта балалар сауықтыру емінен өтіп қана қоймай, жаңа дағдыларды үйренуіне жағдай жасалады. Балалар уақытын қызықты өткізу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Орталықта волейбол, футбол, баскетбол ойындарына, сондай-ақ үстел теннисіне арналған спорт алаңдары бар. Өз кезегінде емдеу курсынан алып жатқан балалар бұл жерде лагерьдегідей өте қызықты, көңілді, пайдалы екен деп айтып жатады. Мұндай орталықтар балалар үшін де, ата-аналар үшін де өте маңызды. Кейде сырттан қолдау қажет, ал тәжірибелі мамандар балаларға қорқынышты жеңуге, аурулар мен психологиялық кедергілерден жеңіл өтуге көмектеседі».

«Күншуақ» сауықтыру орталығының директоры Нұртас Әкімбеков МӘМС аясында ем алып, денсаулығын жақсартқан кішкентай пациенттердің жағдайы туралы да айтты:

«Ауруханаға жатқызу бюросы арқылы бізге бронх демікпесі диагнозы қойылған кішкентай бүлдіршін оңалтуға келді. Бастапқыда қатты ентігіп, жөтеліп келді. Өкпеде ысқырықты құрғақ сырыл бар болатын. Биоптрон аппаратымен жарықпен емдеу, тұзды емдеу курстарынан кейін, сегменттік массаж және басқа да қарқынды процедураларды алғаннан соң баланың жағдайы жақсарды. Емдеудің үшінші күні ентігуі басылып, сырылы азайды. Үйіне қайтқанға дейін жалпы жағдайы жақсарды. Бізде мұндай мысалдар көп. Ата-аналар балаларын алып шыққанда емнің пайдасына көз жеткіңзіп, бізге шынайы алғысын айтып жатады. Әрине, бүгінгі таңда әр баланың оңалту курстарынан өтіп, толыққанды еркін дем алуға мүмкіндігі бар екеніне біз де   қуанамыз».

 Реабилитациялық орталық басшысы алдағы жоспарларына да тоқталды. Келесі жылы орталық күндізгі стационарда оңалтуды, сондай-ақ травматологиялық оңалту бөлімшесін ашуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні кабинеттерді дайындалып жабдықталынуда. Бұл салада 20 жылдық тәжірибесі бар орталық директорының өзі пациенттерді жарақаттан кейінгі оңалтумен тікелей айналысатын болады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы