Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу қағидалары

Құрметті Жетісу облысының тұрғындары!

Ағымдағы жылғы 15 қыркүйекте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидалары заңды күшіне енеді (бұрын көтермелеу Үкіметтің тиісті қаулысының негізінде жүзеге асырылған).

Сыйақы мөлшері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК (103 500 тг.);

2) онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК (138 000 тг.);

3) ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК (172 500 тг.);

4) ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК (241 500 тг.);

5) аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК (345 000 тг.).

Бұл ретте, егер пара мөлшері, залал, жеңілдік немесе қызмет 1000 АЕК-тен асатын болса, онда сыйақы соманың 10%-ын құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды.

Яғни, ең жоғары сыйақы 13 800 000 теңгені құрайды.

Сыйақы алудың негізгі шарты — соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі немесе әкімшілік жаза туралы қаулы.

Алайда, барлығы бірдей сыйақы ала алмайды. Егер пара алу немесе беру туралы хабарлауы тиіс мемлекеттік қызметші хабарласа, онда оған грамота немесе алғыс ұсынылады.

Бұл ретте, Қағида сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы жалған ақпарат хабарлағандарға және оның бастамашысы немесе қатысушысы болып табылатындарға қолданылмайды.