Облыстық көпсалалы балалар ауруханасында профессор, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Арынов шеберлік сабағын өткізді. Ел арасында танымал хирургтың бұл Талдықорған қаласына бірінші рет келуі емес, биылғы жылдың көктемінде де келіп бірнеше бүлдірішінге ота жасаған болатын.
Бүгінгі таңда қырық жылдық тәжірибесі бар білікті маман 25 мыңнан астам ота жасапты. Оның 1,5 мыңын тегін өткізген. Бұл күні 14-15 жас аралығындағы үш жасөспірімге ота жасауды жоспарлапты. Балалардың екеуі жол апатынан кейін операция істеуге келісім берсе, үшіншісі өкпе кистасының эхинококкына ота жасатуға рұқсат еткен.
Шеберлік сабағына жас хирургтар мен анестезиологтар қатысты. Олар мұндай ота жасау жұмыстарын көру арқылы тәжірибе жинамақ. Игі іс облыс әкімдігінің, Денсаулық сақтау басқармасы мен емдеу мекемесі әкімшілігінің қолдауы арқасында жүзеге асырылды.
— «Бұл жолғы операциялар бұрынғыға қарағанда қиынырақ болады, барлық науқасқа шұғыл түрде ота жасау керек. Жас дәрігерлермен тәжірибе алмасатыныма қуаныштымын. Мұндай медициналық процедуралар қанша уақытқа созылатынын алдын ала айту қиын, бірақ әрбір операция кем дегенде бір жарым сағатқа созылады, — деп қысқаша жауап берді Нұрлан Мұхтарұлы.
Науқастарға отау жасау жұмыстары шұғыл басталып кетті, себебі мұндай жағдайлар шұғыл шараларды талап етті. Поциенттерге операциялар тегін істелді. Мұндай операциялардың ақылы клиникаларда орташа құны медициналық жабдыққа жұмсалатын шығындарды есептемегенде шамамен екі миллион теңге тұрады.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мамандары елге белгілі, тәжірибесі мол дәрігерлерді тәжрибе алмасу мақсатында жылына екі реттен бес ретке дейін шақыратындарын айтады.