Жетісуға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев іссапармен келді

Жер жаннаты Жетісу өңіріне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы іссапармен келді. Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры ақпараттық бөлімінің мәліметінше, Сұлтан Әкімұлы киелі өнер ордасың ұйымдастыруымен Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен өтетін «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалінің жұмыс жоспарымен танысты.

Аталмыш іс-шара Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдығына арналып отыр.

«С. Раев театрдың шығармашылық ұжымымен кездесу барысында театр ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, халықаралық фестивалге қатысуға дайын екендігін жеткізді. Ал өз кезегінде театр директоры Ерлік Жуасбек Сұлтан Раевқа алғыс білдіріп, қазақы дәстүрмен қамшы және Бикен Римованың фотоальбомын сыйға тартты.

Сұлтан Раев ТҮРКСОЙ өз тарапынан халықаралық театр фестивалін жоғары деңгейде өткізуге, театрлар арасындағы байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтып, Жетісу облысы әкімдігінің, Б.Римова атындағы драма театрының Ұйыммен бірлескен белсенді жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жалпы фестивальдің мақсаты – сахна саңлағы Бикен Римованың 100 жылдығын мерекелеу, оның есімін ұлықтау, сонымен қатар режиссерлер мен актерлер арасынан кәсіби қолтаңбасы қалыптасқан үздік сахнагерлерді анықтау.

Еске салсақ, ТҮРКСОЙ деңгейінде театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдығы, қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы, ақын, әдебиеттанушы, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы түркі тілдес елдерде кеңінен аталып өтеді», — делінген Талдықорған драма театрының ақпараттық бөлімі таратқан хабарламада.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.