Көрнекті жазушы, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевқа-100 жыл

Қаратал ауданы Жаңаталап ауылында қазақ әдебеитеніде детектив жанрының негізін қалаушы, белгілі қаламгер Кемел Тоқаевтың 100 жыл толуына орай ас беріліп, ауқымды спорттық шаралар өтті.
Әуелі мерекелік шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Бейбіт исабаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Артынша республикалық «Кемел қаламгер» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Байқауға еліміздің әр өңірінен 300-ден астам жан қатысты. Арасында оқушылар мен ұстаздар бар. Олар эссе, роман, проза жанрлары бойынша сынға түсті.
Мерейтойды ұйымдастырған Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры осы күні аудан тұрғындарына жаңадан тұрғызылған 50 орындық дәрігерлік амбулатория мен мал шаруашылығының заманауи кешенін сыйға тартқан. Оған қоса: — Мал шаруашылығы кешені салынып, оған 500 бас қазақтың ақбас сиыры әкелініп, қазір кешен іске қосылды. Ендігі кезекте шоколад цехын ашу қолға алынады. Той алдында ауданға арнайы ипподром салдық. Оған қоса бүгінгі мерейтойлық шаралардың барлығын Қор өз қаржысына өткізіп отыр. Мен қордың демеушілеріне, жазушының шығармашылығын ардақ тұтатын, әдебиетті құрметтейтін барлық азаматтарға алғыс айтамын, — дейді Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының қорғаншылық кеңесінің төрайымы В.Спиридонова. Көпшілік қауымның алдында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Кемел Тоқаев. Тұлға. Қаламгер. Ардагер. Әке» атты кітаптың тұсауы кесіліп, бұл салтанатты рәсімді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов атқарған. Сондай-ақ публицистика, проза жазудан өткен «Кемел қаламгер» байқауының қорытындылары жария етіліп, оза шыққандар сый-сияпатқа ие болған.
Осы күні қараталдықтарға Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаевадан бастап елімізге танымал көптеген эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен. Жалпы мерейтойлық шара үшін 60-тан астам киіз үй тігіліп, 45-50 мыңдай адам тамашалаған. Мерейтой аясында қазақша күрестен Әлем кубогы өткізіліп, онда Грузия, Молдова, Италия, Индия, Иран, Сербия, Индонезия, Филиппин, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты 20 елден келген 150-дей палуан өзара белдесіп, күш сынасты.Одан бөлек жиналған жұртшылық арасында тоғызқұмалақ, садақ ату, қой көтеру бойынша жарыс ұйымдастырылды. Үздік шыққандарға арнайы сый-сияпат көрсетілді. Атқұмарлар үшін құнан, топ бәйге және аламан бәйге ұйымдастырылды. Бәйге жолына 230-ға жуық тұлпар шықты. Бас жүлдеге бірнеше жеңіл автокөлік тігілген. ң Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының мәліметінше, Қордың атқарып отырған жұмыстарының бәрі өңір тұрғындарының білімін шыңдауға, денсаулығын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

ЖШ АҚПАРАТ