Мемлекет басшысының жолдауларын іске асыру: Кәсіпкерлікті жоспарлы тексеруді 2 есеге қысқарту жоспарланып отыр

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президентінің 2019-2022 жылдарға арналған жолдауларын іске асыру шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту жөніндегі жұмыстар туралы AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында баяндады. 

Үкімет басшысы 2020 жылдан бастап елімізде шағын және микробизнеске тексеру жүргізуге жарияланған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылғанын атап өтті.

«Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 31,7%-дан 36,5%-ға дейін өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны тек соңғы 1 жылда 27%-ға өсіп, 1,8 млн-нан асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны бір жылда 18%-ға артып, 4,1 млн адамға жетті. Оң нәтижелер кәсіпкерлік қоғамдастық пен билік органдарының өзара іс-қимылының тиімділігімен байланысты», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр атап өткендей, «таза парақтан реттеу» қағидаты сәтті енгізіліп келеді. Бұл бағытта мынадай ауқымды жұмыс атқарылды. 44 салада 128 мың талапқа талдау жүргізілді. Оның ішінде, жаңа реттеуші саясаттың шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан астам талап анықталды. Қазірдің өзінде оның 9 мыңы алынып тасталды.

Сондай-ақ бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларындағы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп отыр. Осындай автоматтандырылған тәсіл тексерулерді адамның қатысуынсыз тағайындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бизнесті жоспарлы тексерулер 2 есеге қысқарады.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жекешелендіру мемлекеттің экономикадағы рөлін шектеудің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. 2019 жылдан бастап мемлекеттің қатысуы бар 1 мыңға жуық ұйым жекешелендірілді.

«ҚазМұнайГаз» және «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компанияларының акциялар пакеті IPO-ға және SPO-ға сәтті шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Аталған шаралардың нәтижесінде 2023 жылы мемлекеттің экономикадағы үлесі шамамен 14%-ға дейін қысқарды»,  — деді ол.

Премьер-Министр сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бойынша тағы бір бастама іске асырылғанын айтты. Осы жылдан бастап «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының 7%-ын жыл сайын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударып келеді.

primeminister.kz