ЕЭК кеңесінің шешімдері ауыл шаруашылығы техникасы үшін мемлекеттік сатып алулар мен техникалық регламенттердегі кедергілерді жояды

29 тамызда Мәскеуде өткен ЕЭК кеңесінің отырысында ЕАЭО елдері мен бизнес үшін бірқатар маңызды бастама талқылауға шығарылып, қабылданды. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин басқарды.

Қазақстан тарапының бастамасы бойынша ЕЭК кеңесі Кеден одағының «Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы тракторлары мен олардың тіркемелерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне өзгерістер енгізді. Өзгерістер БҰҰ-ның жақында қабылдаған ережелері бойынша олар жалпы шамдар мен сигналдарға, бұрылыс көрсеткіштеріне, жарықтандыруға арналған құрылғыларға, алыс жарық фараларына және т.б. қатысты сертификаттаудан өтуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы техникасының танымал брендтерінің ресми дистрибьютерлері аталған техникалық регламентті өзектендіруі қажет. Өзгерістер қабылданған жағдайда аграрийлер үшін жоғары технологиялық техниканың барлық жоспарланған жеткізілімдері кедергісіз жүзеге асырылатын болады. 

ЕЭК кеңесінің шешімімен 2 жылға полиэтилен немесе полипропиленнің жалпақ немесе ұқсас жіптерінен жасалатын маталардың жекелеген түрлеріне қатысты нөлдік баждар белгіленді. Бұл кілем және кілем бұйымдарын өндірумен айналысатын қазақстандық кәсіпорындардың рентабельділігіне оң әсер етеді, отандық өнімнің өзіндік құнын төмендетеді және қазақстандық өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасайды. 

Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат мүше мемлекеттер жеткізушілерінің ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына өзара қатысуын арттыруға мүмкіндік береді, өйткені бұған дейін экономикалық одаққа қатысушы кейбір елдерде кедергілер болған. 

Қазақстандық тарап Кеңестің қарауына кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін қайта қарау мәселесін шығарды. Бүгінгі таңда ЕАЭО-да қолданылып жүрген баждарды бөлу тетігі 2010 жылы нақты өндірілген импорттық баждардың орташа арифметикалық үлесі мен әр ел үшін 2 жылдағы импорт көлемінің есептеулеріне сүйене отырып, әзірленді. Қазақстан бұл мәселеге елімізде «кедендік тазартудан» өтетін тауарлар көлемінің өсуіне байланысты бастамашылық жасады. Тиісінше, елдер бөлу нормативтерін анықтау кезінде қолданған көрсеткіштер өзгерді.

Жалпы ЕЭК кеңесінің отырысында өзара сауда, техникалық және кедендік реттеу, өнеркәсіп, энергетика, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық салаларын қозғайтын 40-қа жуық мәселе қаралды.

primeminister.kz