Бейбіт Исабаев жастар арасындағы Әлем чемпионы Исхар Құрбаевқа құрмет көрсетті

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев күні кеше Иорданияның Амман қаласында грек-рим күресінен жастар арасында Әлем чемпионы атанған Исхар Құрбаев пен оның жаттықтырушы Мұхамет Нұғмановты қабылдады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Жетісу таланттарға бай өлке. Осыдан жиырма жыл бұрын жерлесіміз Нұрбақыт Теңізбаев осы күрес түрінен жастар арасында Әлем чемпионы болды. Бүгін оның жолын жалғап, сен де әлем жастары арасында үздік шықтың. Бұл, біріншіден өзіңнің күш-жігерің мен тынымсыз еңбегіңнің арқасы, екіншіден сені 7 жастан осы күреске баулып, жаттықтырған әкеңнің еңбегінің жемісі. Сен тек өз әулетіңді, Жетісу өңірін ғана емес, Қазақстанды әлемге таныттың. Енді ересектер арасында топ жарып, Олимпиада шыңына шығуыңа тілектеспін. Шаршамай-талмай жаттығып, еңбектен. Біз саған барлық жағынан қолдау білдіруге әзірміз, — деді Б.Исабаев.

Жас спортшы әкіммен әңгімелесу барысында Әлем чемпионатының қалай өткенін қысқаша айтып берді. Сол сияқты өзінің спорттық жолы, ең мықты қарсыластармен белдесуден кейінгі түйген ойлары, алдағы жоспарлары жайлы баяндады.

— Жастар арасында Әлем чемпионы атанғаным тек менің ғана емес, еліміздің жеңісі деп білемін. Алда жоспарларым көп. Олардың бәріне тынбай жаттығудың арқасында жетемін деп ойлаймын, — деді И.Құрбаев.  

Жаттықтырушы Мұхамет Нұғыманов Исхардың келесі жылы ересектер арасында белдесуге ниетті екенін айтты. «Исхар қазір Алматыдағы Спорт және туризм академиясында 3 курста оқиды. Жаттығуға, үлкен мақсаттарға жетуге барлық мүмкіндігі бар. Көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамыз», — дейді М.Нұғыманов.

Облыс әкімі спортшы мен оның жаттықтырушысына Құрмет грамотасын ұсынып, чемпионға 1 млн. теңгенің сертификатын табыстады.

Еске салсақ, Исхар Мұхаметұлы Құрбаев 7 жастан бастап грек-рим күресінмен шұғылданады. Әкесі Нұғманов Мұхамет жеке бапкері. Исхар Мұхаметұлы грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының  спорт шебері. 2018-2019 жылғы кадеттер арасында Әлем және екі дүркін Азия  чемпионы. 2023 жылы ересектер арасында грек-рим күресінен  Қазақстан Республикасының  чемпионы. Сондай-ақ, 2023 жылғы ақпан айында өткен Қазақстан республикасының VI жазғы спартакиадасының   күміс жүлдегері. Жуырда Иорданияның Амман қаласында грек-рим күресінен жастар арасында өткен Әлем Чемпионатында Әлем чемпионы атанды.