Жетісу облысында жіті ішек жұқпасының 647 жағдайы тіркелді

Жетісу облысында жыл басынан бері жіті ішек жұқпасының 647 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 438 сырқаттанушылық 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 84 пайызға жоғары. Осындай ақпаратпен Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов пен облыстық инфекциялық ауруханасының инфекционист дәрігері Гузель Таймирова бөлісті.
«Жұқпаның таралу жолдарының анықталу көрсеткіші 81 пайыз. Оның ішінде 94,5% тағам арқылы тараған. Оның берілу жолына үй жағдайында дайындалған, тоңазытқышсыз сақталған тағам және жуылмаған жеміс-жидектер басты фактор болуда. Сырқаттанушылық бойынша 2 жасқа дейінгі балалар «қауіпті топқа» жатқызылады», — деді Самат Махаббатұлы.
Спикерлердің айтуынша, аурудың берілу факторлары — тағам, су, тұрмыстық зат және ойыншықтар. Кейбір жұқпалардың таралуына жәндіктердің де әсері болатын көрінеді. Жіті ішек инфекциясын жұқтыруда антисанитарлық жағдай, жеке бас гигиенасын сақтамау, санитарлық ережелердің бұзылуымен дайындалған тағамдарды пайдалану себеп болатынын айтады.
«Қазіргі уақытта облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасында 20 науқас Жіті ішек инфекциясы диагнозымен емделіп жатыр. Оның ішінде 80%-ы балалар. Және 1-уі жансақтау бөлімінде жатыр. Жаздың басынан бері ЖІИ диагнозымен 700 науқас емделді. Өткен жылмен салыстырсақ, осы кезеңде 460 болған», — деді Гузель Тайырқызы.
Инфекцияның негізі көзі ауру адам немесе ЖІИ қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Сондықтан жеке бас гигиенасы, тағам және жеміс-жидектерді қолданғанда әрбір адамның абай болуын керек. Ішектің бұзылуының алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігермен кеңесу керек екенін спикерлер ескертеді.