Тіл — ұлттық құндылық

Тіл — мемлекеттің тұғырлы тірегі, халыктың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрнегі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Біздің осындай халыктық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз — қазақ тілі. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарлама мен іс — шаралар ұйымдастырылуда. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз отанына деген құрметінен білуге болады.
Өз ана тілін ұмыткан адам — өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмауы тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың шежіресі, тарихы, медениеті, мінезі айнадай көрініп тұрады. Мәселен, қазақтың тілінен қазақтың кең байтақ сайын даласын, аспанмен таласқан асқар тауларын, жасыл-желек ормандары мен буырқанып сарқыраған асау өзендері мен көз тартар айдын көлдерін, қайыспас қайсар мінезі мен көшпенділік тұрмыс-салтын айқын аңғаруға болады. Сондықтан білікті де белгілі тіл танушылардың «Қазақтын сары даласы — кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ, — деп тұжырымдауы тегін емес.
Ата Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай тұғызуға қамқорлық жасайды. Мемлекетіміздің ішкі саясаттағы басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту. Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналған мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық саяси, әлеуметтік-кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын одан әрі кеңейту мақсатында сот саласы қызметкерлерінің ішкі құжат айналымы толық қазақ тілінде жүргізіліп келе жатқанына да бірнеше жыл болды. Сот өндірісінің шығыс хаттары да қазақ тілінде жүргізіледі. Ал іс жүргізу тілі орыс тілі болса, шығыс құжаттарын екі тілде яғни орыс тілде және астына аудармасы қазақ тілде жазылады. Сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың берілуіне қарай жүргізіледі, әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге қарай және өздері білетін баска тілде мәлімдеме жасауға, түсініктеме мен жауап беруге, өтініш білдіруге, шағым жасауға, аудармашының қызметін тегін пайдалануға құқылы. Сот ісін жүргізу тілі заң талаптары бойынша сотқа талап арыз берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сотқа жүгінуші азаматтардың әрқайсысы мемлекеттік тілде жүргізілетін істердің көбеюіне өз үлестерін қоса алады. Әркім өзінің конституциялық құқықтарын дұрыс пайдаланып, жақсы білетін ана тілінде, яғни, қазақ тілінде арызын беретін болса, сот талап арыз түскен сол тілде істі жүргізеді. Көбіне адамдар заңгерлердің, полиция қызметкерлерінің айтуына еріп кетіп, меңгермеген тілінде толтырылған құжаттарға қол коя беретіні құпия емес. Міне, осындай олқылықтардың орын алуына жол бермесе сот саласында қазақ тілінде өтетін істердің үлесі арта түсетіні сөзсіз.
Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстанның әрбір азаматының борышы. Тіл – халықтың жаны, мәдениетіміздің айнасы, Қазақстан Республикасының негізгі тілі – қазақ тілін құрметтеу, оны білу – әрқайсысымыздың асыл парызымыз. Елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті.


Гульнар АСЕЛБАЕВА,
Ескелді аудандық
сотының судьясы