Ащы да болса шындық қайда кетіп барады?!

Ащы да болса шындық қайда кетіп барады? Шындық іздеген жұрт, сабылған ел әр жердің есігін бір сығалауда. Жаны жайсаң ел — жұрт, қарапайым халық құлағы тым- тырыс биліктен әділеттік іздеп шулауда. Тыңдаған құлақ, көрген көз көрінген емес. Баяғыда апам айтушы -еді «аузы-мұрны қисық болса да, байдың баласы сөйлесін»-деп. Міне, сол сөз аталы сөзден, бабалардан қалған асыл мұрадай. Түсінген адамға! Жан-жағыңа қарасаң шаршап, күйзеліске түскен ел. Бір-бірін түсінісе алмай жүрген, сабылған жұрт.
Қымбатшылық ол да бар. Міне, тамаша! Бәрі жан-жағынан қысуда. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруда! Сонда заман ағымы өзгерген бе? Жо-жоқ заман емес, адам өзгерген. Өзгеріске түскен адамнан кішігірім тап, содан кейін орта тап, ең соңынан жоғарғы билік басшылары өзгеріске түседі. Міне, керемет. Көпке топырақ шашпайық. Мұндай мақаланы жазудың өзі ауыр болды. Ойландым, талқыладым, сараладым. Кейбір басшылар секілді өз көлеңкемнен де қорықтым. Әйтеуір бұрмаланған қу дүние-ай! Ашып жазсаң өгіз өледі, жазбасаң астыңдағы жаман арбаң сынады. Бұл қалай? Қазағымның нақылы мен мақалы, тауып айтқан сөздері дөп айтылған ғой! Мен ғана емес, кешегі бабаларым мен апаларымның да шырылдағаны осы еді ғой. Тарихқа енген алпауыт соғыс не берді? Ашаршылық пен тоқыраушылық кезі ше? Ақтабан шұбырынды мен Желтоқсан көтерілісі? Мұның бәрі бір көзге көрінген түс секілді болып қалған сияқты. Қатты айттым ба, әлде ащы жазып отырмын ба? Сіз не дейсіз оқырманым? Бүгінгі мақалама не арқау болып тұр? Ой салып қойдым ба? Қызық, өмір сүруіміздің өзі қызық! Жан -жағымыз толған адалдық пен айуандық!
Сөйле, тілім
Алаңдама, тартынба
Найзағайдай шындықты айтып жарқылда!
Қалай ғана өмір сүрдім дей алам,
Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда?!
Заман қалай, адам қалай өзгерді,
Өзгергенді шүкір, қазір көз көрді.
Арың менен ақиқаттың алдында
Шындықты айтып,
Шыңғыратын кез келді.
Айтса нанар аңғал халық едік қой,
Аңғалдықтан талай таяқ жедік қой.
Осы таяқ басқа тисе де өзгерген жеріміз жоқ. Әрбірімізге бір тие бермейін, жасаған жақсылықтарға да көз жұмбайын. Иә, көрдім, білемін, білем жасалған әрбір игі -істерді. Қазақстанның Қазақстан болғанында білемін. Ата-бабаларымның қанмен, қайтпас қайсарлығының күшімен ел болғанымды да білемін! Қанша боздақ осы біз үшін жанын қиғанын да білемін. Аналарым балаларынан, әкелерім ұрпағынан айырылғандарын да түсінемін. Осындай қасіреттілікті ұмытқандарды да білемін. Адам баласы жақсы нәрсеге тез үйренеді. Адамды танып білу үшін қолына билік бер деген. Ал, сол биліктің қалай келгенін тез -ақ ұмытып кететіндер қаншама? Міне, қызық өмір осы! Шындықты айтсаң, ажалыңнан үш күн бұрын өлесің, айтпасаң шындыққа жете алмай құса болып өлесің! Шындыққа жетер жол ауыр. Ұрынар жері көп. Бәрі өзі біледі. Кім қай жерден қателесіп жүргенін. Біліп тұрса да жұмысын жалғастырады. Бұл қалай? Дұрыс емес екендігін біліп тұрса да, дұрыс қылады! Сонда әділетті Қазақстан қайда? Шындық қайда? Өзегімді өртеген көп сауалдар бар? Жауабы қайда??? Сіз білесіз бе? Шындықтың бәрін билік біледі, ашып айтпайды. Жылы ғана жауап беріп шығарып салады. Бәрі бір-бірімен сабақтас! Мектеп кезінде қазақ тілі сабағында «құрмалас сөйлем» деген тақырып болған. Соның бөлімдері салалас, сабақтас секілді. Қай саланы алмасаңда өз шындықтары жасырын. Түпкі негізі ұшан-теңіз. Ашығын айтсаң, жүрер жолыңды жабады. Бұл мақаламды оқып, менің де жолыма түсері анық. Өмір осынысы мен қызық. Арпалысқан өмір, таласқан уақыт. Бәрі өздерін мәңгілік деп ойлайдау шамасы. Бәріміз білгірміз. Өз алдымызға мықты басшы, ғалым, доктормыз… Қашанғы өз-өздерімізді алдаумен өмір сүреміз. Бұл өмір шексіз емес, жабылар күні де алыс емес. Бір -бірімізге демеу болып қолдау көрсетсек қиын ба? Әлде, жығылғанның үсітіне жығыла берейік пе? Танысы мен тамыры бардың көлеңкесінде ізін жалғастырайық па? Оқып отырып, ойланып қалған шығарсыз? Мына редактор ханым қиын жағдайға тап болып қалған ба, әлде біреу алдап кетті ме, қорқыттыма?- деп, болары болды, қолдау да шамалы. Естеріңізге салсам, осыдан біраз бұрын ертегі секілді жазған мақаламда болған. Жазылды, басылымға шықты, сол бетімен қалды. Жалғасы бар дегенмін, жазбадым! Неге? Бұған себеп, ешбір жауапкершілікпен, түсінікпен қараған оқырман болмады. Ақырын ғана көз жұма қаралды. Өтті, кетті, бітті…Мен секілді біраз адамдар бар… Жағымпаздықпен айналысатындар да жоқ емес. Қу қарабастың қамы. Шындығын айтудан қорқады. Өзінің жолын жақсарту үшін небір айлаға да барады. Жоғары тапқа да жағымпазданады. Солардың айтқан ақ, қара дегені де хақ. Тамаша жағдай. Күнделікті өмірін өзін-өзі алдаумен өткізеді. Бұл не Бақыт?! Үйдегі көрген көзайымдары мен жұмыстағы жас буындары қандай тәрбие алады? Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген. Бәлкім олда, ұядан көргенін жалғастыруда болар. Ізін суытпасам, ата-анам разы болар деген үміт шығар… Үкілеген үміт, жақсылықпен жол тартса, игі іске игі болар едіғо. Артына ерген сабақтастарына жақсы жолдарын көрсетсе, өнеге болып қалар еді. Ит итті, болмаса құйрығын жұмсайтын заман ағымығой! Нестейміз, қолдан келер бір шара болса атқарар едік! Бұл мақаламның басы ғана болсын, жалғасын келер санында ашып жазамын! Мендегі ой, кейбір кісілерге данышпан, білгір болып ақыл айту емес, ойлансын, жан-жағынан қараса деген пікір!!! Шындық қайда барасың???

Арай Әділ