Ескелді ауданы, Қаратал ауылында тұратын Мақай Манапхан қазақтың қолөнерін ағаш бұйымдарынан қызығушылық ретінде айналысады. Мақай Манапхан 1979 жылы КХР-да дүниеге келген. 2015 жылдан бастап қызығушылық таныта бастаған. 2019 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. Қазіргі таңда өзінің ауылында ағаш бұйымдарынан домбыра, астау, т.б көптеген заттарды жасайды.
Ағаш бұйымдары
Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды істейді. Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылар оны жонып күйдіреді де бояулап өрнектейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шидан қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді. Бұл жұмысқа бұтақсыз, оқырасы жоқ, таза ағаш таңдап алынады.
Ағаш шеберлері балта, пышқы, үстірік (сүргі), бұрғы, ағаш түрпісі, тез, қысқы, үскі, қашау сияқты аспаптарды пайдаланады. Бұлардан басқа түрлі өлшеуіш пен үлгі, біз, қырғы, желім, бояу сияқты көмекші құралдары да болады.
Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбірі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, жылтыр, ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын болса, енді кейбіреуі иілгіш, жеңіл, су сіңбейтін бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әр түрлі сападағы ағаштар пайдаланылады
Қазақ халқы өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстың кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді. Халықтың қолөнеріне әдет-гұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш керует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік және т. б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасады.
Ескелді аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы