Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын жүргізуде

Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармаларының бақылауында Алакөл көлінің бойында 74, Балқаш көлінің бойында 10 демалыс аймағы бар. Шомылу маусымы басталғалы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті су айдындарындағы судың және жағалаудағы топырақтың құрамы бойынша қауіпсіздік шараларын жүргізуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов БАҚ өкілдерімен кездесуде баяндады.
«Шомылу маусымы алдында және басталған сәттен бастап Алакөл мен Балқаш көлдерінен микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 48 су сынамадан және 39 топырақ сынамасы, паразитологиялық көрсеткіштерге 30 су сынамасы және 39 топырақ сынамасы алынып зерттелді. Сонымен қатар Талдықорған қаласының қалалық жағажайынан микробиологиялық, санитариялық-химиялық және паразитологиялық көрсеткіштерге 3 су сынамалардан алынып зерттелді. Жүргізілген зертханалық зерттеулердің нәтижелері гигиеналық нормативтерге сәйкес келеді», — деді спикер.
Спикердің айтуынша демалыс аймақтарында алаңдатушылық туғызатын жағдайдың бірі – кейбір демалушылардан кейін жиналмай қалатын қоқыстар. Мұндай немқұрайлықтың салдарынан су айдындары мен жағалаудағы топырақ ластанады және демалушылардың жұқпалы, паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі жоғары болады.
«Шомылу маусымы кезінде ішек инфекцияларының және басқа да жұқпалы ауруларды алдын алу бойынша сақтық шараларын уақтылы қабылдау өзекті мәселе. Осыған сүйене отырып, сау және жақсы демалу үшін келесі қарапайым ережелерді сақтауды ескертеміз. Тазалықты сақтау өзімізден басталатындығын ескерсек, осы сәттен бастап жақындарыңызды тазалық сақтауға және қоршаған ортаға немқұрайлы қарамауға шақырамыз», — деп қорытындылады Самат Махаббатұлы.