Батыр ата Саймасай!

«Мен бұл өмірде маңдайыма не жазғанын ешқашан білген емеспін, бірақ бір ҰЛЫ іске жаратылғанымды әрқашан білдім.», деп әлемнің алғашқы миллиардері Джон Дэвисон Рокфеллер айтқандай әрбір туылған адам маңдайына не жазылғанын білмейді. Өмір атты кеменің есігін шыр етіп ашып, ары қарай өсіп жетіледі. Алдында қандай сынақ, белес күтіп тұрғанын елестете алмайды. Кез келген жетістікке жету үшін табандылықтан басқа қасиеттің қажеті жоқ деп ойлаймын. Табандылық бәрін, тіпті, табиғат заңдарын да жеңе алады. Бірақ, үлкен сынақтарды ше? Алға қойған арман-мақсаттар қайда. Неге бұлай дедім? Бүгінгі мақалама арқау болып отырған сонау 78 жыл бұрынғы сұрапыл соғыс. Сол кездегі жаратылған әрбір жанның асқақ арманы болды. Алға қойған мақсаты да, шығар белесі мен шынар шыңы болды. Бұның бәрі айтуға сөз, еске алуға бүгінге тарих болып қалды. Олар кінәлі емес, маңдайына жазғаны болды. Сұрапыл соғыс бәрін жалмады. Қыршынынан қиды. Мақсат-мұраттардың, сол кездегі бейбіт өмірді жалмады. Екінші дүниежүзілік соғыс
1941 жыл 22 маусым күні Германия КСРО- ға басып кірген кезі еді. Ең алғаш Брест қамалы құлады. Онда үш дивизияның казармасы бар еді. Германияға Мажарстан, Румыния, Финляндия, Италия мемлекеттері қосылды. Соғыс қиянкескі сипат алып, Германия өзінің Қарулы Күштерінің 77% — ын осы майданда ұстады (қ. Ұлы Отан соғысы ).Осы уақыттта неміс авиациясы (люфтваффе) Мәскеуді бомбалауды бастады. Оған жауап ретінде 1941 жылдың жазында Балтық жағалауында орналасқан Кеңес авиациясы Берлинді бомбалады. Мәскеу шайқасында ( 1942, шілде – қараша ) кеңес армиясы өз отанын қорғап қалды.


«Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды кырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің».
Бұл өзегінде өрттей қасірет тулаған Қасым Аманжоловтың өлеңі. Қанды қырғын мен қызыл оттың ортасында аласұрған ақынның өр дауысы. Екінші дүниежүзілік соғыстың алапат майданын басынан өткізіп, толарсақтан қан кешкен шайырдың мұңы адамзатқа ортақ шер еді.
Соғыс көз жас пен обалдан тұрады. Осы соғыста күллі қазақ даласы қаншама боздағын жоқтап күңіренді. Олардың рухын от орнында қалған біз ешқашан ұмытпаймыз. 9 мамыр келген сайын әр шаңырақ жеті шелпек пісіріп, аруақтарына дұға бағыштар! Ал өткен тарихтың ақтаңдағын толтырып, оларды жиі-жиі еске алып отыру біздің борышымыз. Ал, бүгінгі мақалама арқау болып отырған соғыс майдангері, елімнің амандығы үшін жанын қиған батыр- Саймасай Бұхпантайұлы. Батыр ата бұрынғы Талдықорған облысы, Гвардия ауданы Шанханай ауылында 1920 жылы дүниеге келеді. Анасы Ақжолтай мен анасы Сәдуақас екеуінен 7 бала. Демек, Саймасай атамыз көпбалалы отбасынан шыққан. «1932-33 жылы бала болсамда есімде біраз нәрселер қалыпты. Сол жылдары қыс қатты болып, жұт болды. Бір айда 3-4 бауырымнан айырылдым. Тағдыр онымен қоймай, анамды да алып кетті. Үйге кірсем, төрдегі тұлақтың үстінде шешем сұлық жатыр, әрең сөйлейді. Әкеме қарап, балаларға ие бол деп бақилық болып кетті. Ауырды ма әлде балаларының өмірден өткенін көтере алмады ма білмедім. Үстіне жамылған ескі шапанды әкем бетіне жапты. Шеше, шеше деп жылап, шаршағанда басыма бір нәрсемен біреу бір соққандай болып, еісмнен адасып қалдым. Артынша көп ұзамай әкемде дүниеден озды. Жетімдіктің қамыты мойыма ілінді. Бала болсамда түсіндім.»- туған қызы Гүлнар Саймасайқызы әкесінің әңгімесін есіне түсіріп, сыр шертті.
«Қазақстанда «қара қағаз» алып, қайғы шекпеген шаңырақ жоқ. Бір үйден арыстай-арыстай бірнеше адамның қатар аттанып, бірінің де қайтып оралмағаны қаншама?! Әкесінің, атасының жат жұрттың қай түкпірінде, қай бауырластар бейітінде жерленгенін білмей, әлі күн шарық ұрып іздеу салып, сабылып жүргендер қаншама?! Бұл Жеңіс осындай көп шығын, қайғы-қасіретпен қол жеткен қасиетті жеңіс еді.
Батыр ата Саймасай Бұхпантайұлы 1941 жылы №1095 атқыштар полкінде санитар – инструктор болып Отан алдындағы борышын бастайды. Жараланған солдатттардың жарасын таңып, алғашқы жедел жәрдемін көрсетеді. Соғыс басталған жылы қыркүйек айының жиырмасында Украина, Беларусь жерінде неміс-фашист басқыншыларымен шайқасқа түседі. Сонда ол немістің үш танкісін оққа ұшыраады. Кейіннен сол батырлығы үшін « Ерлігі үшін» медалін омырауына тағады. Польшаның Варшава қаласын азат етуде жаудың бірнеше танкісін құлатып, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Польша жеріндегі «Висла — Одер» операциясына қатысып, онда ержүректігімен ерекшеленіп, екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденін алады. Әр жорықта ерекше көзге түсіп, батырлығы мен тер төгеді. Көздеген нысандарына дөп түсіп, мергендігімен де танылады. «Жүрегінің түгі бар солдат»- деген лақап аты да болған. Герман жеріне дейін шайқасқа барып, жеңісті Берлинде тойлаған. «Отличник санитарной службы» атты төс белгісі, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» деген медальдардың иесі болды.
Соғыстан кейін Саймасай атамыз мектеп директоры қызметін атқарып, Шоқан және Қоянкөз ауылдарының мектептерінде мұғалім жетіспеушілікке байланысты сабақ береді. Өзі ІІ – топ мүгедегі. Соғыстың тиген зардабы. Екі ауылдың ортасы жеті-сегіз шақырым болғандықтан атпен қатынайтын. Ол кісі мінген аттың төбесі көрінгенде оқушылар түгелдей сабаққа бас қояды екен. Білім беруде теміртей тәртіп орнатыпты. Бірнеше жылдан кейін батыр атаны ауданға партия комитетінің хатшылығына ауыстырады. Аудан орталығы Сарыөзекке барып қызмет атқарады. Кейіннен денсаулығына байланысты ауыл мектебіне оралып, ұстаздық жолын жалғастырады. Жаркент қаласындағы мұғалімдерді даярлайтын училищені аяқтап, білімін жетілдіріп жоғарғы оқу орнында үздікпен тәмәмдайды. Соғыстан кейінгі өмірінде жастарды Отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулыйды. Елеулі еңбегі Халық ағарту ісінің үздігі атағын алады. Зейнетке шықсада кешкі мектептің диреторлық қызметінде атқарған. Күлия апа екеуінен 4 ұл, 4 қыз. Ұлдарын ұясына, қыздарын қиясына қондырған батыр атаның бүгінде ұрпағынан 34 шөбересі, 15 шөпшегі бар. Батыр атаның бүгінде есімін ел ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да. Ерлігі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Дерек көз
Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанған. Майдан даласында қаза тапқан, ауыр жараланған, хабар-ошарсыз кеткендер мен тұтқынға түскендер саны – 630 мың адам.


Қазақстаннан 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 2 екі ұлттық атқыштар бригадасы, 50-ге жуық полк пен батальон жасақталған. Сталиндік режим Орта Азия мен Қазақстанның байырғы халықтарынан «еңбек армиясын» құрды. Оған тек Қазақстанның өзінен 700 мың ересек адам алынған. Мұның сыртында өнеркәсіп орындарындағы қара жұмысқа 670 мың адам шақырылған. Қазақстанның бірқатар облыстарында соғысқа алынғандардың ішінде қазақтардың үлесі 50-60 пайыздан асып түскен.
Қару мен құрал ұстауға жарамды азаматтарды жаппай мобилизациялау салдарынан 1944 жылы елде соғысқа жіберетін адам табу қиындап кеткен.
Соғыстың бастапқы жылдары ең ауыр шайқастар өтетін алғы шептерге Қазақстан мен Орта Азиядан жасақталған әскери бөлімдер мен құрамалар жиі тасталған. №106 Ақмола қазақ атты әскер дивизиясы мен атақты №8 Панфилов атқыштар дивизиясы – соның бір мысалы. Қазақстанда жасақталған құрамалар Ленинград қорғанысына, Сталинград пен Курск түбіндегі шайқастарға, Днепр өзенінен өтуге және Украинаны, Белоруссия мен Молдованы, Балтық елдері мен Шығыс Еуропаны жаудан азат етуге қатысты. Сан миллиондаған адамдар төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарыла күтті. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Кеңес халқы жан –тәнімен Отанын қорғады. Әрбір село, әрбір қала үшін кескілескен ұрыс болды. Қанішер неміс басқыншыларымен Кеңес азаматтары аянбай шайқасты. Ақыры олардың үміті мен сенімі ақталып армандары орындалды. Бірақ ол Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолында да Отан үшін от кешіп миллиондаған асыл азаматтар мерт болды. Жауымен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті. Ана жарын жоғалтып жесір,бала ата-анасын жоғалтып жетім атанды. Фашистердің тұтқын лагерінде қаншама ана мен бала айуандықпен азаптап өлтірілді. Ал, тылда қалған қарт аналар бесіктен белі шықпаған балалар соғыстың қайғы қасіретін арқалай жүріп тынбай еңбек етті. Осы қан майданда мерт болған ерлердің рухына, бүгін арамызда биік шыңдай болып жүрген аталарымызға басымызды иіп тағзым етуіміз керек. Олардың саны күннен –күнге азаюда . Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатқан ата-апаларымыздың ерлік істері мәңгі өлмейді. Адамзат тарихында алапат қасірет әкелген осынау отты жылдардағы зобалаңның салмағының ауыр болғанын, бүгінгі ұрпақ ешқашан да ұмытпайды. Ғұмырымыздағы аса қуанышпен қарсы алатын мерекелеріміздің бірі — Жеңіс күні. Жеңіс күні қанша уақыт өтсе де, қилы өзгеріс болып жатса да, ұрпаққа ең ыстық мейрам болып қала береді. Бұл Жеңіс болмағанда көптеген елдер мен халықтардың тағдыры басқаша қалыптасып, Қазақстанымыз да тәуелсіз ел болмас па еді? Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні — соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына бас иіп, ал арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан да құрметпен қарап, олардың жауынгерлігіне және ерліктеріне тағзым ететін күн. «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» — деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ардагерлер — Қазақстан халқына бейбітшілік, тыныштық, береке, бақыт орнатқандар.
Арай Әділ