ЖАСТАР САЯСАТЫНДА ЖЕМІСТІ ЖЕТЕКШІЛІК ЕТУДЕ

Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын екені бесенеден белгілі. Кешегі Мағжан Жұмабаев жыр арнаған «Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» деген жас буын қай кезеңде де болашақтың қожасы. Бәсекелестіктің бәсі жүріп тұрған, жаңа мүмкіндіктер уақытында жас буынның өршілдік танытып, болашаққа нық қадам басуы өте маңызды.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы жас буынды қолдап, жігерлеріне жігер қосып, мүмкіндігі мығым мемлекеттің тірегі жастардың болашағына үлкен серпін жасады. Елбасының берген мүмкіндіктерін құр жібермей, аталмыш жыл аясында күні бүгінге дейін ауданымызда жастардың рухани және мәдени тәрбиеленуіне, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, патриоттық тәрбие беру жолында нәтижелі жұмыстар мен игі істер атқарылуда.
Ауданымызда 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 10 983. 18-29 жас аралығындағы жас өреннің саны – 7143. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жыл басынан бері 9 айдың қорытындысы бойынша жастармен 133 іс-шара өткізілді.
Ауданда ерікті жастармен қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 100-ден астам ерікті әртүрлі бағытта жүйелі жұмыстар атқаруда. Жыл басынан бері жастар қауымымен бірлесе 17 көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсетілді. Сонымен қатар, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен І топ мүгедегі арбамен спорттық би билеуден Қазақстан Республикасының 3 дүркін чемпионы Қанат Нұғымановқа 500 мың теңге көлеміндегі арнайы арбаны «Хильниченко и К» КС-нің төрағасы Виктор Хильниченко сыйға тартты.
Сонымен қатар, ауданымыздың еріктілерімен ардагерлерге, жалғызбасты қарттарға, аналарға үй шаруасына демеушілік көрсетілді. Аудан жастарының 9 тұрақты жұмыспен қамтылса, 74 жас маусымдық жұмысқа орналасты.
Жыл басынан бері 150 жас неке құрса, өкінішке орай, 39 жас ажырасты. Аудандық жастар ресурстық орталығының психологі Арайлым Көшемісованың жас отбасыларға психологиялық кеңес беріп, жеке жұмыстар жүргізу барысында 3 отбасының ұйытқысын сақтап қалды.
Жұмыссыз жастар саны 2018 жылы 237 жас болса, биылғы жылы 158-ге азайып отыр. «NEET» санатындағы жастар саны 2018 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша 56 болса, биылғы жылы 45-ке азайды.
Мемлекет басшысының жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Жас кәсіпкер» бағдарламасына 18-29 жас аралығындағы кез келген жас қатысып, 3 апта көлемінде арнайы оқытуға жіберілді. 19000 теңгелік шәкіртақымен оқыған жастар 505 000 теңге көлемінде грант алу мүмкіндігіне ие болды. Үстіміздегі жылы аталмыш бағдарлама бойынша 62 жас оқытылды. Сонымен қатар, кәсібін бастаған жастарға қолдау жасалып, басқа да мемлекеттік бағдарламаларға ие болуына көмек көрсетілді.
Қоршаған ортаны көгалдандыру, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында 2005 жылы бекітілген «Жасыл ел» бағдарламасы да жыл сайын ауданымызда толыққанды жүзеге асуда, Биылғы жылы 74 жас маусымдық жұмысқа орналасып, ауданымыздың көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жылда жас мамандарға көмек беру қарастырылған. 9 айдың қорытындысы бойынша 26 жас өренге бас-пана алуға қаржылай көмек көрсетілсе, қалған 34 жас көтерме жәрдемақыға ие болды.
Ілгері буынның толысқан тәжірибесін кейінгі толқынның жалын-жігерімен ұжымдастыра білген қоғамның қашанда түтіні түзу, мерейі үстем болмақ. Елбасы «Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер» деген болатын. Мемлекеттің қарыштап дамып, озық елдер қатарында көрінуі – бүгінгі жас ұрпақтың нәтижелі істерімен айқындалмақ. Онда жас келсе тек іске!
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.