ЖАНЫ ЖАБЫРҚАҒАНДАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ

Әлеуметтік салада қызмет ететін жандардың бойынан адамгершілік қасиеті мол, үлкен жауапкершілікті атқарып, өзгенің ауыр жағдайына назар аударатын, жылылық пен бауырмашылдық таныту арқылы қоғам беделін көзге елестетеміз. Азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалуы осы сала қызметкерлерінің біліктіліктілігі мен күнделікті атқарған қызметтеріне тығыз байланысты.
Осы салада табысты еңбек етіп жүрген Гауһар Әуелбекованы ауданда танымайтын жан жоқ десек болады. Ол ауыр әрі жауапкершілігі жоғары жұмысты көп жылдардан бері атқарып келе жатыр. Бүгінде Гауһар Рысбекқызы – жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі.
Ол 1992-1995 жылдар аралығында Семей коммерциялық техникумында қоғамдық тамақтану технологы мамандығын оқып, 1999-2003 жылдар аралығында Алматы қаласында Д.А. Қонаев атындағы университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Алғаш еңбек жолын «Балдәурен» балабақшасында тәрбиеші болып жұмысын бастайды. Одан 1999-2001 жылдар аралығында Ескелді ауданының сотында жұмыс істейді.
2002 жылдан бері жұмыспен қамту орта-лығында жетекші маман болып бастап, қазіргі күнде жұмыспен қамту орталығының меңгерушісі болып қызмет етуде.
Күнделікті өмірде мүмкіндігі шектеулі жандармен, Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының ардагерлерімен, Семей полигонынан зардап шеккендермен тікелей жұмыс атқарады. Ол осы салада 18 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан маман. Бұл саланың ыстығы мен суығын қоса жеңіп, халықтың наразылығына өзін-өзі сабырлықпен ұстауының өзі жұмысына деген сыйластықтың белгісі.
Гауһар Рысбекқызы еңбек еткен уақыттарында қоғамдық, мәдени көпшілік шараларға белсене араласып, облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған. 2018 жылы Амандық Баталовтың Құрмет грамотасымен марапатталған болатын.
Гауһар Әуелбекова бақытын еңбектен тапқан жан десек, артық айтқандық емес. Ол – өз мамандығының шебері, жүрегі жомарт жан. Халықтың әлеуметтік қорғау бағытында қажырлы еңбек етіп келе жатқан басқа да мамандар көптің батасын алуда. Осы салада қызмет етіп жүрген барша қызметкерлерге Гауһар Рысбекқызының ақ жолын тілейміз.
Ажар ЕРЖАНҚЫЗЫ.