Әр халықтың, әр мемлекеттің қалыптасу, өркендеу жолында өзіне тән киелі, қасиет тұтып ардақтайтын, құрмет тұтатын құндылығы бар. Олар мемлекеттік рәміздер деп білемін. Ол бүгіннің ғана тапсырмасы емес, ата-бабамыздан жалғасқан қастерлі аманат. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасады. Қазіргі кезде еліміздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты осы елдің салт-дәстүрін, бірлігін айқындап келеді. Тарихи құндылықтарға дақ түсірмей күтіп ұстау, түпкі мән-мағынасын зерделеп жарыққа шығару, жастарға ұдайы насихаттау қай мемлекетте болмасын маңызды мәселелердің біріне айналғаны мәлім.
Отанға, елге деген құрмет ең алдымен Мемлекеттік рәміздерге деген әрбір азаматтың жүрек соғысынан танылуы қажет. Елдігіміздің басты құндылықтары ретінде Елтаңба, Гимн және Туымызды құрметтеу, қорғау заңмен белгіленген. Отаншылдық, мемлекетшілдік, ең алдымен, тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады. Ол азаматтың бойында мемлекетіне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырады. Мемлекет іргесі сөгілмей берік болуы, халықтың береке-бірлігіне, мықтылығына, ынтымақтас ел болуының алғы шарты деп ойлаймын. Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып қала береді. Атақты Шоқан Уәлиханов өзінің «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегінде: «Қазақтар киеге үлкен мән береді», – депті. Халқымызда: «киіктің де киесі бар», «иттің – иесі болса, қасқырдың – тәңірі бар» деген мақал-мәтелдер де бекер айтылмаса керек. Ендеше мемлекетімізде тұратын әрбір азаматтың борышы – қасиетті құндылықтарымзды жоғалтпай, қадірлеп, құрмет тұту деп білемін.
Назгүл Жұмаханқызы,
Жетісу облысының
«Тіл» оқу-әдістемелік
орталығының
Ескелді аудандық
филиалының оқытушысы