Жетісу облысында сақтандырылмаған азаматтар санын қысқарту бойынша өңірлік штаб құрылады

Бүгін Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Али төрағалығымен ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша Өңірлік штаб құру туралы шешім қабылданған кеңес өтті.

Жиналысқа МӘМС мәселесіне  мүдделі барлық мемлекеттік органдар өкілдері қатысты: Жетісу облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы, аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, денсаулық сақтау, қоғамдық даму, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру басқармалары , Еңбек және әлеуметтік қорғау, қорғаныс істері, полиция департаменттері, көші-қон қызметі, С. Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының облыстық филиалы.

«Қазіргі таңда Ұлттық статистика бюросының ресми деректері бойынша облыста 698 757 адам медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған. МӘМС-ке төлем жасау барлығы үшін міндетті болып саналатынына қарамастан, өңірде 165 754 адам (23,7 %) әлі күнге дейін сақтандырылмаған. «Сақтандыру» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша облыстың 127 718 адамы сақтандырылмаған. Яғни, сақтандырылмаған адамдардың 30 мыңнан астамы біздің медициналық ұйымдарға тіркелмегені және ол жеке тұлғалар туралы ешқандай деректер жоқ екені белгілі болды. Олар кім екені белгісіз. МӘМС жүйесіне тарту бойынша осы контингентпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жоқ. Бұл мәселеде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың құзыреті бойынша өзара іс-қимыл қажет. Осылайша, отырыстың негізгі мақсаты халықты МӘМС жүйесіне тарту және құзыреті бойынша шешімдер қабылдау үшін жауапты ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру болып табылады. Әлеуметтік маңызды мәселені ерекше бақылауға алғаны үшін облыс әкімінің орынбасарына алғыс білдіремін», — деді Жетісу облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры филиалының директоры Гульзия Таипова.

Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары атқарушы органдарға Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңның 26-бабына және Үкіметтің 2021 жылғы 22 қыркүйектегі № 660 қаулысына сәйкес, 15 жеңілдік санаттағы азаматтардың (балалар, студенттер, жұмыссыздар) МӘМС жүйесінде әлеуметтік мәртебесін өзектендіруге тапсырмалар берілді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы