Жаңа Қазақстан – жарқын болашақ

Елімізде қиын-қыстау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын бірлікке, бейбітшілікке, ынтымаққа шақырды. Президент еліміздегі саяси жағдайға тоқтала отырып, алдағы уақытта халқымыздың әлеуетін, экономикамызды көтеруге, жұрттың әл-ауқатын жақсартуға бағыт-бағдар берді.
Мемлекет басшысы болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. Сонымен қатар Президент бәрін қалпына келтіруді жеке жауапкершілігіне алатынын, сол арқылы жаңа міндеттер мен реформаларды іске асыруға толық дайын екенін ерекше атап өтті. Президент ел дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша іске асырылып жатқан жобаларға сыни және кешенді талдау жасады. Біз барлық бағдарламаларды, жобаларды, тіпті бірқатар ұйымдар жұмысының орындылығын қайта қарауымыз керек.
Қазіргі уақытта алдымызда тұрған өте маңызды міндеттердің бірі – еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты, объективті баға беру. Бұл уақыт еншісінде. Жұмыссыздық, төмен жалақы мен жоғары табыстағы алшақтықтар сияқты басқа да әлеуметтік қиыншылық жағдайлардан туындаған наразылықтар, халық арасындағы толқулардың қай жағынан болсын теріс салдарлары өте жоғары екенін анық көрсетті. Осыған байланысты өз үндеуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі кезекте еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажеттігін ерекше атап көрсетті.
Біздің экономикалық саясатымыздың мақсаты айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағыт-бағдары бар нарықтық экономика құру және оны дамыту. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды фактор болып табылады. Осы тұста Президент әділ бәсекелестікті экономика үшін басты талап ретінде қолдап,  бағаны ымыраласа отырып белгілеуге жол берілмеу керектігін баса айтты. Сәйкес құрылымдарға осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берді. Ел Президенті бизнеске кері әсер ететін бюрократиялық салмақты айтарлықтай  азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойды.
  Президент еліміздің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта Қазақстан даму банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан қоғамы Мемлекет басшысының шешімдері төңірегінде топтасуы қажет. Біз бірге барлық қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз.
Бұл орайда кәсіпкерлердің ел болашағы үшін өзіне зор жауапкершілік алуға дайындығы да аса маңызды. Кешегі лаңкестік әрекеттер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлердің зиян шеккенін көріп отырмыз. «Күшіміз – бірлікте!» деп, мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға, халыққа қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететініне біз кәміл сенеміз.
Жалпы, қорыта айтқанда, еліміздің ұстанымы ынтымақты, бейбіт өмір сүру, ауызбіршілік, қоғамда халықтың рухани үйлесімділігін сақтау маңызды. Осы тұста Мемлекет басшысы: «Халықтың бірлігі, Қазақстанның егемен дамуы мен тәуелсіздігі идеяларына деген шынайы сенім қоғамның топтасуы мен еліміздің ілгерілеуі үшін қуатты іргетас», – деп қорытындылады. Осы негіздерді баса назарға алып, ертеңіміздің еңселі болуы үшін бірлігімізден ажырамайық.

Қ.Тастанбаев
Ескелді ауданының «Құрметті азаматы»