Медиацияның мақсаты — дауды шешудің медиацияның екі тарапында қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады. Осы орайда айта кететіні медиаця ұғымы бізге жат ұғым емес, қазақ халқында билер ел ішіндегі дау-дамайды ұшықтырмай, іштей келісімге келтіртіп, шешіп отырғанын атап өту керек. 2011 жылдың 28 каңтарында қабылданған «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 4 тарау, 28 баптан тұрады. Еліміздегі медиацияның ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайтын аталған заң қолданысқа енгізілген.
Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Бүгінде бүкіл әлемдік тәжірибеде медиация ірі бизнестерден бастап, ажырасу мен дүниені бөлісу деген сияқты мәселелерге дейін кеңінен қолданылады. Медиация тек жеке құқыктық қатынастарға ғана қолданылады. Ол тараптардың бірі мемлекеттік орган болатын құқыктық жанжалдарға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.
Қазіргі заманда соттасу көп уақытты, қомақты қаражатты, адамдардың жүйкесінің төзімділігін қажет ететіндігі белгілі. Осындай келеңсіз жағдайларға түспеу жолы — дауды медиация жолымен сотқа жеткізбей шешу, медиация заңының қолданылу аясын арттыру. Осыдан шығатын қорытынды алдағы уақытта да медиация заңынын қолданылу аясын одан әрі кеңейту жұмыстарын пәрменді жүргізу керек, ол ортақ міндет. Оған барлық құқық қорғау органдары, билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар ат салысуы тисті. Себебі, дауды ұшықтырмай, сотқа жеткізбей медиация тәртібімен шешу қарапайым халық үшін өте тиімді, әрі қоғамда әлеуметтік шиеленістерді болдырмаудың кепілі болып табылады.
Ұлан МАМЫТБЕК
Ескелді аудандық сотының судьясы