ОРБҰЛАҚ ШАЙҚАСЫ САХНАЛАНДЫ

Орбұлақ шайқасы – қазақ пен жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі шешуші ұрыс пен жігерлі жеңістің тарихи бастауы. 1643 жылы Алатауды бөктерлей жылжыған жоңғар қоңтайшысы Батыр бастаған 50 мың әскер Жетісуға еніп келе жатқан еді. Жорық сапарында Алатаудың арғы бетіндегі қырғыз қоныстарын қанға бөктірген мыңсан қолдың екпініне төтеп тұратын күш сол тұста шашырап жатқан қазақ ауылдарында жоққа тән болатын…
Іргеден індетіп енген жаудың сан жағынан басым екендігін бағамдаған Ұлы жүз батыры Жәңгір тұтас елге сайын айтып, көмек шақырды. Орбұлаққа ой мен қырдан қазақ қосындары аттанды. Жәңгір әскеріне көмекке келіп соғысқан батырлар қатарында Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарбұқ, Найман Кексерек, Дулат Жансығұл, Суан Елтінді болған деген дерек бар. Орбұлақ шайқасында ат үстінде атой салған қазақ әскері алғаш рет бекініс шебін құрып, жердегі қорғанысқа көшті. Жәңгір хан әскері терең ор қазып, екпіндей ентелеген жау қолының алғашқы легін омақаса құлатып, от пен оққа бөктірген екен. Қол санының басымдығына сенген қоңтайшы Орбұлақ шайқасында оңбай соққы алып, кері шегінуге мәжбүр болған. Ұрыс даласындағы Жәңгір батырдың қосынына Самарқаннан салт жеткен Жалаңтөс баһадүр бастаған 20 мың қол қосылып, сағын сындырған алғашқы жеңіске туы көтерілді.
Күні кеше Талдықорған қаласының атшабарында Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы қайта сахналанды. 1500 көрерменге көзайым болған көрініс алғаш рет 2015 жылы қойылып, жұрттың қызығушылығын туғызған еді. Ал биылғы қойылым Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары негізінде Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы қарсаңында жүзеге асты.
…Әп-сәтте шайқас алаңына айналған атшабарда қазақ пен жоңғар әскерінің кескілескен ұрысы жүріп жатты. Мыңға жуық адамның көне заманғы сауыт-сайман киіп, қару-жарақ асынып, атой салғаны көрерменді рухтандырды. Жұрттың тіл ұшында «Бұл бір тарихи киноға лайық қойылым екен…» деген ой кетті. Шынында, Орбұлақ шайқасындағы қазақ батырларының ерлігі батыс елі жыр қылып айтатын «300 спартандықтардың» ерлігінен еш кем емес екені анық, одан қалды орыс тарихындағы «Бородино», «Куликово» ұрыстарымен бірге әспеттейтін ұлттық құндылыққа айналуы тиіс.
— Қазақтың жерін жауға бермеген ата-бабаларымыздың ерлігін көз алдымыздан өткізіп көрдік. Бұл тарихи жеңіске арналған қойылым осымен екінші рет сахналанып отыр. Оған актер, каскадерлармен қоса алғанда барлығы 1500 адам қатысты. Бабалар жеңісі ұлықталып, ұлт бірлігін айғақтайтын шараның мән мағынасы терең. Ресейде Мәскеудің жанында болған Бородино шайқасын жиі қайталап көрсетеді. Еуропада болған Ватерлео шайқасына да арнайы қойылым ұйымдастырылады. Оған туристер арнайы барады. Біз неге қазақтың осындай батыр болған кездерін көрсетпейміз? Осы ниеттен туған жобаны қолдадық. Бұл қойылым жастарға үлгі болады. Ерлікті ешқашан ұмытпауымыз керек. Оны біліп, мақтанып, балаларға үйретуіміз керек, — дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.