ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ҚЫЗЫ — МӘНШҮК

Халқымыздың, келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақталатын есімдердің бары анық. Ал өз жанын тарихта елі мен жері үшін аямаған қыздарымыздың есімдері санаулы ғана. Сол өшпестей есімдердің ішінде батыр қызымыз – Мәншүк (Мәнсия) Мәметованың есімі ерекше. Білім ордамыз осы батыр қыздың құрметіне орай Мәншүк Мәметова атындағы орта мектеп аталуы – біз үшін мәртебе.
Биыл қазақтың даңқты қызы Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметованың туғанына 97 жыл. Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры 1922 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келген. Батыр қыздың дүние есігін ашқан күні – 2 қазан. Оның ерлігін ұлықтау – мектебіміздің оқу-тәрбие үрдісінің басты мақсаты болып табылады. Жыл сайын мектебімізде дәстүрге айналған батыр қыздың туылған күні қарсаңында айтулы іс-шаралар аталып өтеді. Биыл да «Қазақтың қаһарман қызы – Мәншүк Мәметова» тақырыбында игі шараға ардагерлер, мектеп ұжымы және оқушылардың қатысуымен салтанатты жиын өтті.
Осы айдың 2 қазанынан бастап М.Мәметова атындағы орта мектебінде батыр қыздың туған күніне бірнеше күн бойы іс-шаралар өткізілді. Жиынның алғашқы күнінде мектебіміздің директоры Р.Мейірбекова ашып, жиынға қатысушыларды құттықтады. Мәншүк Мәметова апамыздың ерлігіне, тағдырына тағзым етіп, гүл шоқтары қойылды. Салтанатты іс-шара аяқталғаннан кейін мектебіміздің акт залында 8-11 сынып оқушыларына «Песнь о Маншук» фильмі көрсетілді. Сонымен қатар, АӘТД пәнінің мұғалімі Н.Тайжахметовтың ұйымдастыруымен 8-10 сыныптар арасында әскери-спорттық сайыс өткізілді.
3 қазан күні 5-8 сыныптар арасында «Біз ұмытпаймыз, біз мақтанамыз!» атты сурет байқауы өтті. Барлық сыныптар белсенді түрде қатысып, үздіктер марапатталды: ІІІ орын – А.Демесин, ІІ орын – Н.Аменгелдіқызы, І орын – Ж.Оралбаева.
4 қазан күні 9-10 сынып оқушылары арасында «Халықтың ерлігі – ғасырлар бойы есімізде» тақырыбында эссе жазу байқауы өтті. Байқауға барлығы 10 оқушы қатысты. Байқау нәтижесі бойынша ІІІ орынды М.Сабытбекова, ІІ орынды М.Дүйсемхан, І орынды А.Алдаберген иеленді.
7 қазан күні 5-10 сыныптар арасында «Әнімді арнадым саған, Отаным!» атты патриоттық әндер байқауы өтті. Көрермендер белсенді түрде балаларға үміткер ретінде қолдау көрсетті және қазылар алқасы балаларды бағалады. Суырылып алға шыққан жас өрендердің өнері мақтау қағаздарымен марапатталды.
Іс-шараларға шақырылған ардагер аталарымыз бірліктің, бейбітшіліктің сан ғасырлар бойы төгілген адал тердің, қаншама құрбандықтың нәтижесінде келгендігін мектеп оқушыларына тағы бір мәрте айтып өтті. Осындай рухы мықты батыр халықтың ұрпағынан тарағандығын жас ұрпаққа Мәншүк апамыздың бейнесі, қан кешіп өткен аз ғана ғұмыры тағы бір сәт болса да дәлелдеп берді деп ойлаймын.
Батыр есімі, ерлігі жастарымызға үлгі, шамшырақ, абырой, ұрпағымызды алға жетелер ерлік өнеге боларына сенімдімін. Мәншүктің аз ғана уақыт кешкен ғұмыры мәнді өтті. Себебі, оның жаны біздерге жеңіс алып келді. Халқы үшін ерен еңбек сіңіріп, әр кезде ұрпақтың санасында өшпейтіндей дара жолы бар қазақтың қос қарлығаштарының бірі еді. Батыр арудың сөнбес бейнесі бүгінде тыныш заманның төрінде ескерткіш болып, қасқайып тұр.
М.БЕКТЕНОВА, Н.ТАЙЖАХМЕТОВ,
М.Мәметова атындағы орта мектептің ұстаздары.