Жақында Қарабұлақ орта мектебінде Ескелді би оқулары өтті. Оқушылардың ұлы бидің кемеңгерлік өмірі мен шешендік сөздеріне деген құштарлығын арттыру, ғақлия сөздерінің құдіретін жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету мақсатында осындай оқулар жыл сайын ұйымдастырылады.
Аудандық Ескелді би оқулары үш кезеңде өтті. Бірінші кезең бойынша оқушылар Ескелді би айтқан шешендік сөздер жазушылар Сәбит Биболовтың «Ескелді би – даналық дариясы», Ұзақбай Доспамбеттің «Қызыл жолбарыс», Ораз Исмаиловтың «Ел есіндегі Ескелді» шығар-маларынан алынған үзінділерді жатқа оқыды. Екінші кезеңде Ескелді би есімі ақындар жырында Ескелді би туралы жазылған ақындар өлеңдерінен Бақтыбай Жолбарысұлы, Сара Тастанбекқызының, ұлы Абай төңірегіндегі бір топ ақындардың, Қаблиса жыраудың, Ғаббас Өкеевтің, Айтмұхамбет Есімжановтың, Әшімхан Байысбидің, Гүлжәукен Мұқаеваның, Сайлаубай Тойлыбаевтың, т.б. өз қалауынша өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқып, көрерменді сүйсіндірді.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, әділқазылар алқасының қорытындысы бойынша ІІІ орындарды Жалғызағаш орта мекбінен Мадина Дәулетқанқызы мен Қоңыр орта мектебінен Толғанай Тоқтарбай бөліссе, ІІ орындарды Жақыпбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Бибігүл Серікжанқызы мен Жетісу орта мектебінің оқушысы Жібек Шермұханбет иеленді. Ал І орынды Қарабұлақ орта мектебінен қатысқан Шұғыла Жұмабай мен Балпық би атындағы орта мектебінен Гүлнұр Баймұхан қанжығасына байлады. Көптің ортасынан топ жарып, бас жүлдені өзінің ерекше үлгісімен ерекшеленген Бақтыбай орта мектебінен Жұлдыз Сламғалиқызы алды.
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің оқушысы Еркежан Ербосыноваға «Ерекше дауыс иесі» және Байысов атындағы орта мектебінің оқушысы Гүлназ Мамлисаға «Көрермен көзайымы» номинациялары беріліп, арнайы сыйлық табысталды. Қалған оқушылар белсенділік танытқаны үшін грамоталармен марапатталды. Аудандық білім бөлімінің оқу-әдістемелік орталығының аға әдіскері Назгүл Қызайбайқызы барлық қатысқан оқушыларға алғысын білдірді.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.