9 мамыр – Жеңіс күні!

Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,5 миллион ұл мен қыз аттаныпты. 600 мыңнан астам қазақстандық бұл соғыстан оралмады. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды.

9 мамыр күні Қазақстан халқы Ұлы Жеңіс күнін атап өтіп жатыр. Бұл мереке әр отбасына ыстық, өйткені соғыс бірде-бір жанұяны айналып өтпеді. Әр отбасында соғысқа қатысып, жеңіспен оралған немесе ерлікпен қаза тапқан және оралмаған ата-әжелері бар. Қаншама адам тылда еңбек етті. Сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды, сондықтан адамзат өткен соғыстың құрбандарын жақсы біледі.

Жеңіс күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара Ескелді би ескерткішіне және Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес-жауынгерлерге арналған обелискке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Жиналғандар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Аудан әкімі Елдос Ахметов Ұлы Отан соғысының тыл ардагерлерін құттықтап, соғыс жылдарында халқымыз нағыз ерлік, батылдық пен батырлық көрсеткенін атап өтті.

Іс-шара мерекелік концертпен, театрландырылған қойылыммен жалғасты, сондай-ақ бұл күні Ұлы Отан соғысы туралы аңызға айналған әндер шырқалды.