Жетісу жеріндегі Жеңіс мерекесі

Жетісу облысында Жеңіс күніне арналған шаралар таң бозынан басталды. Жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғанда тұратын Ұлы Отан соғысының үш ардагерінің үйіне барып құттықтап, мұнан соң қалалық саябақтағы Даңқ обелискісіне гүл қою рәсіміне қатысты. Мәңгілік алау маңындағы осы салтанаттың ішінде соғыс ардагерлерінің бірі Сәрсенбай Қаңтарбай да боллы. Орталық алаңда дала асханасы жұмыс істеп, асхана келушілерге сарбаз ботқасы мен ыстық шай ұсынып жатты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысы бірінші болып соғыс ардагері Төлеубай Шектібаевтың үйіне барды. Майдан даласына 18 жасында аттанған жас солдат 1943-1944 жылдары Амур маңындағы қиыр шығыс шекарасын қорғаған екен. Мажарстандағы Балатон өзеніне дейін неміс басқыншыларынан азат ету ұрысына қатысқан. Ал 1945 жылы 83-ші атқыштар дивизиясының құрамында жапон әскеріне қарсы соққы беріп, Харбин қаласын азат етушілер қатарында болды. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. 98 жастағы ардагер 4 бала өсіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отыр.

Өзінің соғыстағы жүріп өткен жолы жайлы облыс әкіміне 99 жастағы соғыс ардагері Ысқақ Құсайынов та айтып берді. Ысқақ Әлпейісұлы майданға өз еркімен 1942 жылы аттанып, Отан алдындағы борышын Амур әскери-теңіз флотында өтеген. «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағын алған. Ардагердің соғыстағы да, бейбіт өмірдегі де марапаттары біршама. ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендері, «Еңбек Ері» медалі және басқа да марапаттары бар.  «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» атанған, өйткені ардагер өмірінің көп бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнап, 1952 жылдан бері білім беру саласында жемісті еңбек еткен.

Ең бастысы, бір атаның баласындай болып, бейбітшілікте ғұмыр кешіңдер. Бір-біріңді сыйлаңдар. Бірлік болса, бәрі болады, — деп қарт майдангер кейінгілерге ақылын айтты.

Ұлы Жеңіс мерекесімен Бейбіт Исабаев майдангер Сәрсенбай Қаңтарбайды да құттықтады. Ардагер 7 мамырда 99 жасқа келген. Ол 1942 жылы 18 жасында майданға шақырылады. Соғыс жылдарында аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен бір гвардияда болған. Жауынгерлік еңбегі мен көрсеткен батылдығы үшін І, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған.

Ардагермен әңгімелесу барысында Бейбіт Исабаев әкесі, 1926 жылы туған Өксікбай Исабаевтың 1944 жылы майданға аттанғанын тілге тиек етті. Соғыс ардагері ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.  

Өкінішке қарай жыл сайын ардагерлер қатары сиреп барады. Біздің облыста қазір Ұлы Отан соғысының 8 ардагері қалды, соның 3-еуі Талдықорғанда тұрады. Сол үш ардагеріміздің шаңырағына таңертең ерте кіріп, құттықтап шығайын дедім. Денсаулығыңыз мықты болсын, 100 жасыңызды тойлайық, жақын жандарыңыз әрдайым жаныңызда аман болсын. 9 Мамыр бәріміз үшін ерекше мереке. Сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытпаймыз, — деді Б.Исабаев.

Бұл ретте ардагер де:

— 9 балам, 25 немерем, 55 шөберем бар. Жыл сайын Жеңіс күнін ерекше ықыласпен қарсы аламын. Мәңгілік алауға гүл қою рәсіміне қатыссам деп отырмын. Бейбітшілікте өмір сүргеннен артық не бар?! Халқымыз тыныштықта өсіп-өніп, еліміз өркендей берсін, – деп тілегін білдірді.

Майдангер қарт облыс әкімімен бірге Мәңгілік алауы сөнбейтін Даңқ обелискіге келіп, гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Салтанатты шараға қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, аспанға оқ атылды.

Орталық алаңда Жеңіс күнімен құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев ұрпақтарына алаңсыз тыныш өмір сыйлаған ержүрек майдангер аға ұрпақты, ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін үлкен құрметпен еске алып, ерліктеріне тағзым ететінін атап өтті.

— Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ел басына таудай тауқымет әкелген сұрапыл соғыстағы Жеңіс аға ұрпақтың жанқияр ерлігімен, орны толмас құрбандығымен, тас түйін табандылығымен, қайтпас қайсарлығымен жетті. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өсіп-өркендеуі – осы Жеңістің жемісі. Сондықтан Жеңіс күнін дәріптей отырып, жас ұрпақтың елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін шыңдау – біздің ортақ парызымыз. Ел тұтастығы мен тәуелсіздігін қорғау, татулықты ту ету, ішкі және сыртқы алауыздыққа жол бермеу, бейбіт күнді бағалай білу – тарихтың, ата-бабаларымыздың алдындағы парызымыз әрі жауапкершілігіміз. Жеңіс күнін дәріптеудің басты құндылығы да осында, — деді Б.Исабаев.

Облыстың өнер ұжымдары дайындаған «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс!» атты театрландырылған көрініс пен мерекелік концерт шараның мазмұнын толықтыра түсті.

Жеңіс күніне орай «Талдықорған» ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылуда. Аламан бәйге, топ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс сияқты бәйгеде тұлпар жарыстыруға 100-ден астам қатысушы ниет білдірген. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 18 млн. теңге.

Еске салсақ, Жетісу облысында тұратын Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл еңбеккерлерінің жалып саны – 2309, соның сегізі – майдангер. Олардың бәріне Жеңіс күніне орай жалпы сомасы 156,7 млн. теңге болатын материалдық көмек берілді. Осы орайда Президенттің тапсырмасына сәйкес ҰОС қатысушыларына 1,5 млн. теңгеден берілді.